Астананы әуенге бөледі
Көргендер «халық керемет жылы қабылдады, шалқасынан түсті» дегенді ести сала дирижердің өзінен біліп ем, «иә, солай болды» деді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын ШОҚАНБАЕВТЫҢ Астанада қойған шығармашылық концертін айтамын.
Әбуғалисын Шоқанбаевты көзіқарақты қауым білсе керек. Саз әлеміндегілердің тілімен айтқанда, атақты Ахмет Жұбанов, Нұрғисалар бастаған көшті жалғаушы – солардың ұрпағы. Астанаға жеке бағдарламасымен барып, Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы залында «Өмірім – өнер әлемі» атты концертін беріп келді. Яғни, өзі өңдеп, нотаға түсірген халық әндері мен күйлері, Қазақстан және әлем композиторларының шығармаларын Астана қаласы мемлекеттік академиялық Қазақ оркестрімен қойыпты. Оған қоса әншілер – Ерлан Құжиманов, Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Тапайды апарып, олар қазақтың белгілі композиторларының әндерін оркестрдің сүйемелдеуімен орындапты. Дирижер – өзі. Әбекеңе ұсыныс айтып, Елордаға шақырушы – Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және Бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Айтқали Жайымов екен.
– Негізі, әлемдік дамыған елдерде тәжірибелі дирижерлар әр елдің оркестріне барып, бағдарламасын көрсетіп, концерт қоюы жолға қойылған. Бізге бұл үрдіс енді келе жатыр. Бұл бір жағы – тәжірибе алмасу болса, бір жағы – оркестр репертуарын толықтыруға сеп. Әр дирижердің шығарманы өңдеп, беру тәсілі әртүрлі ғой. Мәселен, мен осы жолы өзімнің өңдеп, нотаға түсіруімде Тәттімбет, Байжігіт, Қыздарбек, Сайдалы сары Тоқа, Аққыздан барлығы – 5 шертпе күй апардым. Аталған композиторлардың мен өңдеген туындылары әлі олардың репертуарына еніп үлгермеген екен. Батыстың 3 төкпе күйін ойнаттым. Әлем композиторларынан 3 шығарма орындаттым. Олардың ішінде Штраус пен Брамстың композициялары бар. Сонымен қоса, апарған үш әнші Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Манарбек Ержанов, Әбілахат Еспаев, Садық Кәрімбаев сынды 60-70 жылдардағы халық композиторларының әндерін оркестрдің сүйемелдеуіне салды. Қысқасы, өзім өңдеп, оркестрге түсірген шығармалардан – барлығы 23 номер шықты. Халық ыстық ықыласпен жылы қабылдағанына марқайып қайттым, – дейді дирижер Әбуғалисын Шоқанбаев.
Алаштың жүрегіндей Астанада ән шырқатып, аспапқа тіл бітіріп, әуен ойнатқан дирижер өнеріне ел тәнті. Еңбегі жана берсін.
Жәнібек ӘЛИМАН