Тарих

“Ассалаумағалейкум, нар КЕМПІРБАЙ…”

«Бөгенбай – әкем аты, мен Кемпірбай, Өзге ақын мен сөйлесем, тұрар былай», – деп жырлаған қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, ХІХ ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтанкері Кемпірбай Бөгенбайұлы 1834 жылы қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауларының ішіндегі Айыртас деген жерде жарық дүние есігін ашыпты. Кемпірбай атамыздың қорасы сол Арқалықтағы Әтеби мен Қарабұлақ қыстақтарының арасында жатыр. Осы жерге арнайы белгі қою бір арманымыз.

Осынау құрметті де қадірлі атамыз Кемпірбай ақынның артында қалған азды-көпті мұраларын іздестіріп жинастырып жүрген ешкім жоқ десек, артық айтқандық емес. Тіпті оның руының өзін әр саққа жүгіртіп, біреулер Қазымбет десе, екіншілері Орманшы, Сүйіндік деген сияқты пікір білдірушілер баршылық. Ал шындығына келгенде Кемпірбай ақын Қаракемпірдің ішіндегі Ағымнан тарайды. Оған мына төмендегі жарияланып отырған мәліметтерге қарап нақты көз жеткізуге болады. Кемпірбай өте ірі ақын болған адам. Ал, оның әңгімешіл, әзілқой, керек жерінде суырып салмалық өнері де бар інісі Текебай туралы көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Біз осы жерде Кемпірбай атамыздың інісі Текебай туралы бұрын ешқайда жарияланбаған мына бір деректерді ұсынбақпыз. Бұл деректерді өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында көкірегі ояу, кезінде арабша хат таныған, шежіреші әкем Смағұл Әбділдәұлынан жазып алған едім. Кемпірбай атамыз туралы тоқталатын болсақ:

«Бөгенбай – әкем аты,
мен – Кемпірбай,
Өзге ақын мен сөйлесем, тұрар
былай.
Талабым тәңір берген таудай үлкен,
Алмаса өз бақытын қайтып Құдай.
Едірей, Арқалықпен малыма жай,
Арда емген құлынынан жабағы, тай,
Ағайын, қайыр берсең өзіме бер,

Кенже ұлы кедейліктің мен Кемпірбай» деп жырлаған ақынның ата-тегін шежірешілер былай таратады. Қаракесек (Болатқожа)-Ақша-Бошан-ТазБұлбұл, Бұлбұлдың бәйбішесі Қаракемпірден (шын аты Рабиға болса керек) Қожамжар Атымтай, Ағым, Қосай, Қойбақ, Татымбай тарайды. Соның ішінде Татымбайдан біздің әкелеріміз тарайды. Ал соның Ағымынан Қияқ, одан Қызық, одан Сұңқарбай, Бұқарбай, Қалабай, Жиенбай, Бөгенбай тараса, кейінгісінен Кемпірбай, Текебай, Кемпірбайдан Серкебай туады. «Тоқсан ақынға торай бермейтін» Нар Кемпірбай 1895 жылы, пайғамбар жасына жаңа жеткен шағында ауыр науқастан Семей қаласында дүниеден қайтқан. Соңында Серкебай атты бір ұлы қалған екен, ұрпақтары бар болса, сол Семей өңірінде ғұмыр кешіп жатса керек. Нар Кемпірбай атамыздың Семейде жерленгені туралы еліміздің Халық әртісі, профессор Маман Байсеркенов былай деген екен:

“Сексенінші жылдардың аяқ шені болуы керек, Алматыдағы «Отырар» мейманханасының тұсынан өтіп бара жатыр едім, ерекше бір парасатты қарияны көзім шалды. Жүзі сондай таныс. Жақындай бергенде есіме түсті, әйгілі абайтанушы ғалым, жазушы һәм драматург, профессор Қайым Мұхамедханов ақсақал. Сәлем беріп, хал-жағдайын сұрадым. Қолымды жібермей, жанынан орын берді. Сол маңайдағы «Көк базарға» кіріп кеткен бәйбішесін күтіп отыр екен. Сәлден кейін кеңірек отырып әңгімелесу үшін сол базардың ішіндегі шайханаға шақырды. Бардық. Аздап жеңіл шарап ішетін көрінеді. Әңгімеден әңгіме туындап, сөз арнасы Мұхаңның (М.Әуезов) мінезіне, ұлт үшін атқарған қызметіне ауысты. «Семейдегі Абай мұражайының директоры болып тұрған кезім еді. (Бұл 1947-1951 жылдар),- деп бастады әңгімесін Қайым ақсақал. – Көктем уақыты болатын. Бір күні таңғы алакөбеден Мұхаң телефон шалды. «Аэропортта тұрмын. Қазір келем жұмысыңа, кетіп қалма», деп жеделдете сөйледі. Көп ұзамай таксимен жетіп келді. Жүрісі алқын-жұлқын. Шайға да қарамай, мен машинаға мінісімен жүріп кеттік. Жүргізушіге ескертіп қойған болуы керек, ет комбинатының жанына тоқтадық. Мұхаң бөлек-салағы мол алып ғимараттың біресе ол жағына, біресе бұл жағына шығады. Үлкен адамның мұндай мінезін көрмеген басым, аң-таңмын. Бір кезде комбинаттың ту сыртына шығып, малдас құрып отыра қалды да қоңыр даусымен күңіренте аят оқи жөнелді. Батасын қайырып, бет сипап болғаннан кейін күтіп тұрған таксиге отырып, обкомға тарттық. Сталиндік сыйлықты иеленіп, абыройы аспандап тұрған Мұқаңды бірінші хатшы кезексіз қабылдады. Кіре берісінде ет асым уақыт күттім. Мұқаң шықты. Түгі бетіне шығып, түтіккен жүзінен мақсатты жұмысы бітпегенін, облыс басшысымен келісе алмағанын аңдадым. Үйге келсек, қуырдақ дайын тұр екен. Дастарханға отыра бергенде, пұшайман болған түрін жасыра алмай: «Заһарың бар ма еді? Құйшы!» деді. Буфеттен сыпайы сауыттар шығарып, сыздықтата бастап едім, саусағымен үлкендеу ыдысты көрсетті. Екі стакан коньякты жөпелдемете тартып жіберді де, қуырдақтан бірер қасық асап, кесек мұрнының үстін сауа сипапсипап жіберді. Әңгіме айтардағы әдеті. «Менің бүгінгі әрекетімді түсіне алмай, мына кісіні жын қағып кетті ме деп ойлаған шығарсың. Ештеңе де қаққан жоқ, бұл – жан күйзелісі. Жаңағы ет комбинатының астында қазақ сөз өнерінің сүлейі Кемпірбай жатыр. Алладан үміті жоқ аруақ атқырлар басқа жер таппағандай, доңыз сойып, нәжісін төгетін мекемені мұсылман бейітінің үстіне салыпты» деп, аса бір қиналыспен бастады сөзін. Одан соң Құспек, Алшынбай, Құнанбай заманындағы Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай ақындар, олардың тапқыр сөз, ұтқыр уәждері жайлы тартымды да тәтті әңгіме өрбіді, деді сұхбаттасым шайханадағы әңгіме үстінде. Кемпірбайдың есіміне бұрыннанақ құлағым қанық еді, әйткенмен, оны Мұхаңның осыншама зор бағалағанын, бесаспап өнерпаз, айтыстың ақтаңкерінің мүрдесі зұлым саясатқа қор болғанын сол Қайым ақсақалдан естідім”. Ал, жоғарыда айтқан әкемнің әңгімесі былай жалғасып еді. Менің жас кезімде ауылда Каракемпірдің ішінде Қойбақ атты атадан тарайтын Құлеке деген сөз білетін, жөн білетін әңгімешіл адам болды. Сол кісінің талай қызықты әңгімелерін өз құлағыммен естіп өстім. Өйткені, ол кісі Арқалық өңірінде ірі байлардың бірі болған менің Шалқар деген ағамның нағашысы еді. Осы Шалқар ағамыздың мол дастарханында талай рет дәмдес болғанда естіген көптеген құнды әңгімелер есімде қалып қойыпты. Сол елге сыйлы әңгімешіл Құлекең ақсақал атақты 1932 жылдың ашаршылығының алдында өз ажалынан көз жұмды. Ол кісінің қораларының орны Арқалық тауының ішінде. Ол жерде Құлекең бұлағы деген бұлақта бар. Сол кісінің айтуынша Кемпірбай ақын осы Арқалық тауының ішінде дүниеге келген екен. Тағы да басқа үлкендерден естігенімде Кемпірбай Айыркезең тауының баурайында дүниеге келген деген әңгімелер де айтылады. Бұл да шындыққа жанасады. Өйткені, ақынның «Ар жағы Айыркезең үлкен Борлы, Бабамның аруағы маған қонды» деп жырлауының өзі тегін емес. Өйткені, Айыркезең, Арқалық – осы аймақтағы шоқтығы биік еңселі таулар. Қай таудың баурайында дүниеге келсе де, бөліп-жаратыны жоқ. Ақын өлеңдерінде осы таулардың екеуінің де аттары аталып, жырға қосылуы тегін емес. Енді сөз реті келіп тұрғанда жоғарыдағы Құлеке ақсақалдан естіген Кемпірбай ақынның көп ешкім біле қоймайтын әңгімешіл әзілқой тапқыр да елгезек інісі Текебай туралы кеңінен тоқтала кеткенім жөн болар, – деп әкеміз әңгімесін одан әрі сабақтап еді. «Бөгембайдың үлкені Кемпірбай болса кішісінің аты Текебай. Кейбір жөнін білмейтіндер олардың руы Қазымбет деп жүр. Олай емес. Олар Қазымбетке жиен. Өйткені олар, Қаздауысты Қазыбек бидің жиендері ғой.

Ертеректе руы Қазымбет Жолшора деген қазы болған екен. Яғни, Жолшорамыз Кемпірбай мен Текебайға нағашы. Сол Жолшораның туысқандары ауылда әлі де бар. Мысалы, сол Жолшора қазының жақыны Әбәйділда деген менің бөлем болған еді. Қазір дүниеден өтті. Соның үлкен баласы Рахман Қарағанды қаласында үлкен дәрігер.

Кемпірбай мен Текебайдың әкелері ертерек қайтыс болып, жетім қалады. Текебай жезделерінің қасына барып, сол Жолшораның қозысын бағады екен. Жазғытұрым қой қоздап болғаннан кейін таудан көшерде Жолшора бай бір жерден келе жатса, Айыркезең тауының бір саласынан түтін шығып жатқанын байқайды. Бұл немене түтін деп келсе, Текебай Жолшораның бір қозысын сойып тастап шелекке салып тастың арасына от жағып пісіріп отыр дейді. Сол кезде Текебай 9-10-дағы бала болса керек. Оны көре салып Жолшора Текебайға мынауың не деп ұрысса, асығын алайын деп едім депті,-дейді.

Жолшора үйіне келіп бәйбішесіне айтып, мына Текебай әлден бұлай істеп жатыр, жаздай қозыдан қозы қалдырмас, жетім ғой деп аяп көшіріп алып едім, көшіріп жіберейін бар шақырып кел, деп бір жігітті жібереді. Әйтпесе, ертең жайлауға көшкенде жұртқа тастап кетуіміз керек дейді.

Сол кезде Жолшораны қазы дейді екен. Қазы деп өте беделді адамдарды айтатынын білеміз. Жіберген жігіт Текебайға келіп «сені Қазы шақырып жатыр» дейді. «Мені неге шақырады»,-дейді Текебай. Сонда хабаршы жігіт айтқан екен. «Сені көшірем», деп жатыр. «Жас күнінен қозы сойып жатыр бара-бара түгімді қалдырмас деп айтты»,-дейді. Сонда Текебай «ол кісінің қозысын сойып тастадым, алдына қалай барам? Текебайдың жұртына Жолшора қапты дегенше, оның жұртында мен-ақ қалайын, өзі көшсін» депті. Текебай сөй деп жатыр деп хабаршы жігіт Жолшораға айта келеді. Сонда Жолшора «ойпырымай мына ит сөз тауып жеңіп кетті-ау, бәрін сойып жесе де жүре берсін, тиіспеңдер» деген екен. Бір ауыз сөзге тоқтаған мұның өзі әулиелік қой. Ондай мәрттік қазір шыға қоюы қиындау. Осы жерде айтайын дегенім сол қазы Жолшораға Кемпірбай мен Текебай жиен болмаса оған келіп қиын кезде паналар ма еді. Сондықтан, олардың Қазымбетке жиен екеніне осының өзі дәлел.

Парасатты қасиеттерінің арқасында елге сыйлы ел ағасы ақын атанып, ел аралап жүргенде бір күні Жарылғаптың бір ауқатты байының үйіне ат басын тірепті. Ол кезде қонақ келсе қой сою, бата жасату үйреншікті дәстүр ғой. Оның үстіне атақты Текебай ақын келіп отырғанда бір қойды алып ұру айдай алмай отырған байға сөз болып па? Үй иесі төр алдында жантайып жатып жалшысына қой алып келіп бата жасат демей ме? Жалшы байғұс бай айтқасын жан қала ма, бір семіз қойды табалдырықтан сүйрей кіреді. Бірақ, ол асығып жүргенде құйрығы құрттағанда кеспек байлаған қойды сүйреп келгенін байқамаса керек. Сол құрттағанда байлаған кеспектің бір ұшының қылтиып көрініп тұрғанын байқап қалған Текебай соятын қойға бата жасай отырып, шіріген байды бір ауыз өлеңмен шалқасынан түсірген екен:

«Бұл өзі құнан қой ма, дөнен қой ма,
Мойнында мылтығы бар, мерген
қой ма?!
Жаман жыл болғанда жан сақтайды,
Тіл алсаң осы қойды тіпті сойма!» деген
екен.
Мұны естіген бай жалшысын ұрып,

Текебайдан кешірім сұрап, желіде байлаулы тұрған семіз құлынын әкеп сойғызған екен.

Осы бір ауыз өлеңнің өзінен-ақ Кемпірбай ақынның інісі Текебайдың да өнерден, өлеңнен құралақан емес, табанда суырып өлең шығаратын ақын екенін байқауға болады. Ол суырылып ақындармен айтыспаса да, ел арасында қалған өлеңдері көп деп естуші едім. Жас кезімде соның бәрін естігеніммен, қазір көбі есте қалған жоқ. Ал, Кемпірбайдың Шөжемен айтысы және Әсет ақынның ауырып жатқанда іздеп келіп өлеңмен қоштасуларын тегіс жатқа білемін. Сол Кемпірбаймен Текебайдың артында қалған мұраларын жинастырып жарыққа шығару, бастыру кейінгі жастардың міндеті,- деп әкем әңгімесін аяқтап еді.

Ал, енді Кемпірбай атамыздың тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалған белгілі айтыстары туралы кеңінен тоқталмақпыз. Атақты ақынның әйгілі жыр жампоздары Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай ақындармен айтыстары халық арасына кең тараған. Кемпірбайдың Шөжемен айтысының аяғы жұмбақ айтысқа айналады. Ал Кемпірбайдың Жәмшібаймен сөз қағысы ру айтысының дәстүрінде өтеді. Әсет ақынның Кемпірбай ауырып жатқанда көңілін сұрай келіп айтқан өлеңі, оған Кемпірбайдың қайтарған жауабы көркемдік жағынан қазақ фольклорының тамаша үлгілерінің бірі. Тарихи мәліметке қарағанда Әсет 1895 жылы 28 жасында Кемпірбайдың ауылына келеді. Бұл кезде ақынның жасы алпыс бірде екен. Әсет пен Кемпірбайдың кездесуі жайлы Мәдинқызы Сақыптың дерегінде былай делінген: «Кемпірбай ақын ауырып жатқанда Әсет көңілін сұрай келсе, ол теріс қарап ыңқылдап жатыр екен. Терлеп, мазасы кетіп, әлсін-әлсін жөтеліп, дегбірсіздене беріпті. Мұны көрген Әсет көзіне жас алып, іштей тебірене толқыпты, сырқатты қатты аяп кетіпті. Қасына жақын келіп, қолынан ұстап, «Қалайсың, сырқатың қалай?» депті. Кемпірбай естіді ме, естімеді ме үн-түнсіз жата беріпті. Сонда Әсет не істерін білмей бақұлдаса алмай қалатын болдым-ау» деп қапаланады. Аурудың қолын ұстап, ештеңе демей отыра береді. Біраздан кейін «Мен өлеңмен толғамаған соң үндемей жатқан шығар, ақынның көңілін жырмен сұрайын» деп ыңғайланып, оның бас жағында сүйеулі тұрған үкілі домбыраны қолына алып, ащы айғайға басады. Сонда Кемпірбай «Әттең, дүние-ай, Әсет келіп қалған екен ғой. Менің бүйтіп өкпелеген баладай, теріс қарап жатқаным жарамас» деп домбырасын өзі алып, жауап қайтарыпты.

Әсет: Ассалаумағалейкүм,
Нар Кемпірбай,
Дертіңе шипа берсін патша құдай.
Дауысымды танимысың,
атым Әсет,
Мен келдім әдейі іздеп
көңілің сұрай.
Науқасың меңдеу тартты
дегеннен соң
Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай.
Аспанға айнала ұшқан
ақ сұңқар ең,
Кез келіп жайған торға
бопсың мұндай.
Сонда Кемпірбай төмендегі жауапты
айтыпты:
Көңілді Әсет келді көтергелі,
Барады өкпем қысып жөтелгелі.
Өлсем де көк кептерге бір соғайын,
Домбырам екі шекті ап кел бері.
Ат шапса, боз озбай ма
буырылдан,
Мен шапсам жер танабы
қуырылған.
Басымды шапқан сайын шайқап
тастап,
Ағады қанды көбік шығырымнан.
Уа, жұртым! Осынау дерттен
өлсем керек,
Науқасым төмендепті бұрынғыдан.
Тегінде, тыңдаған жанның ішкі
сезімін қатты сілкінтіп, көзіне жас, көкірегіне
өксік ұялатып:
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек
«қош» деп ұшты,
Сол шіркін, кәрі жолдас
өлең білем,-
деп терең тебіренетін Кемпірбай арманының асқар шыңы кәрі жолдасы өлеңмен қоштасуы ғой.

Сондықтан да ол:
«Қамығып, «қош» деп жылап ұшып кетті,

Осы өлең Серкебайға қонбас білем» деп көкірегі қарс айрылып, аһ ұрады. Өйткені, өзінен кейін ат жалын тартып мінер ұрпағының қалмасына ақынның көзі жеткендей, соны жаны сезінгендей күйзеледі. Бұл туралы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Кемпірбайдың өлерде айтқан сөзі сондайлық көңілде тығылып жүрген сырды ашады. Ол сыр – ақынның сыры. Сондықтан, өзіндей ақын Әсетке ғана айта алады. Кемпірбайдың сыры оны бес жасынан Дәуіт иектеген екен. Сол күнде кеудесіне көкала үйрек болып, кәрі жолдасы өлең қонған екен. Бұл өлең барлық ақынға ақындық өнері шеттен келіп даритын қасиет деп түсінгенді білдіреді»

Кемпірбайдың іштей күйзеліп, соншама
қалың ой құшағында жатқанын
шынайы сезінген Әсет:
Сен кетсең, өзіңдей боп
ұл туар ма-ай,
Қою сөз қояр ма екен
үн шығармай.
Сырқат деп Сарыарқадан
естігенде,
Үйімде үш күн жаттым
тыншыға алмай,-

деп тебіренеді. Әсет пен Кемпірбай іштей бір-бірімен белгісіз бір жібек жіп арқылы түйісетін, жалғасатын сияқты. Сол себепті де ақындар арманы бір арнада тоғысқандай.

Кемпірбайдың Шөжемен айтысы өзіндік ерекшелігімен, оқиғасын соншама шиеленіске құрылуымен бағалы дүние. Екі ақын да тапқыр. Екеуінің өлеңінде де ой, сезім бар. Сондықтан олар тыңдаушысын ұйытып, «ой, пәліай, өркенің өссін» деген ризашылығын жиі естіген. Екі ақыннң айтысы 1910 жылы Қазанда «Қазақтың айтыс өлеңдері» деген атпен жарық көрді. Бұдан кейін 1931 жылы С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген кітабына жарияланды. Бұл айтыстың бір ерекшелігі аз сөзділігінде, мазмұндылығында. Ақындар басы артық оқиғаға бармай, қозғалған мәселенің өзін ғана сөйлетеді.

Алайда сүре айтыс, түре айтыс, жұмбақ айтыстың неше алуан тәсілдерін жетік меңгерген Шөжеге Кемпірбай төтеп бере алмай, сөзден тосылып қалады. Оның жеңіліп қалуының өзі жеңіске бергісіз еді. Соны мойындай отырып, жанының таза, көңілінің ақ екенін жұрт алдында бірден-ақ байқатады:

Келіп ем бұл жиынға өктемделіп,
Жүруші ем қу соқырдан
секемденіп,
Бағасы жоқ соқырмен
айтысам деп,
Жығылдым төрт аяғым
көктен келіп.

Кемпірбайдың көп шығармасы біздің дәуірімізге жетпеді. Әйтседе оның осы мұрасының өзі, әсіресе, «Әсетпен арыздасуы» ақынның қазақ әдебиеті тарихынан өзіне лайық орын алуына мол жетіп жатыр. Өйткені, бұл өлең туған ел, туған жермен қоштасу ғана емес, оны дәріптеуге құрылған.

 Рымбек СМАҒҰЛОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button