Ресми

Ашық қоғамға нық қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуындағы сөзінен көп жайды аңғаруға болатындай. Президент жыл ішіндегі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі негізгі өзгеріс­терге тоқталып, жүзеге асырылған реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін қадап айтты.

– Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Оның бәрі, ең алдымен, ел болашағы үшін айрықша маңызды, – деді Президент.

Бұл ашық қоғамның алғышартындай маңызды мәлімдеме болды деп санаймыз.

Өзім отбасы құндылықтарын насихаттап жүрген жан болғандықтан, Парламент сессиясының ашылу салтанатын қалт жібермей қарап, ой елегінен өткіздім. Президент еліміздің негізгі басымдықтарына тоқталып, Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік белсенділікті ынталандыру, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру мәселелеріне назар аударды. Бұл – ендігі елдік жолындағы қызметке кіріскен депутаттарға дап-да­йын бағдар. Бұл жиындағы елдің енді сайланған төбелдері қаймана жұртқа төбеден қарамай, түмен елдің мәселелерін түбегейлі шешуге әрекет қылады деген сенім бар.

Индира ЖАНҰЗАҚҚЫЗЫ,

«Сенімен болашақ» РҚБ
Қарағанды облыстық филиалының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button