Ашық аспан астындағы кинотеатр
Қарағанды қаласында алғашқы ашық аспан астындағы кинотеатр – «Sary Аrkа Cinema» кинопаркингі ашылды. Мұнда киноға келгендер кинозалға кірмей-ақ, көлігінде отырып, фильмді тамашалай алады. Кинопаркингтің сыйымдылығы – 40 көлік. Сеанстарға билеттер кіреберісте орналасқан кассалардан сатып алынады.
Сенбіде ашылған кинотеатрдың салтанатына келгендер бұл алаңға тегін кірді. Мұнда сол күні кинотеатрдың қонақтарына түрлі аниматорлармен ақысыз фотосессия ұсынылды. Кинотеатр қызметкері Тамара Солдатова кинотеатрдың алдағы уақытта жаңалықтарға толы жұмыс жоспары барын атады. Шаһарда тұңғыш ашық кинотеатр арқылы көпшіліктің ықыласына бөленген «Сарыарқа» кинотеатрына ризашылығын білдірді.
– Қарағандыда ашық аспан астында кинопаркингті ашқан біздің кинотеатр екендігін мақтан тұтамын, әрі бұған қуаныштымын. «Sary Аrkа Cinema»-мен бірге сіздерді көптеген жаңалықтар күтіп тұр, – деді Тамара Ивановна.
Ашылудың қызыл лентасын кесу мәртебесі 7 жастағы қарағандылық Богданға бұйырды.
Қарағандылықтар мұндай жаңалықты қуана қабылдады. Карантин кезінде кинотеатрлар есігін айқара аша алмады. Соның салдарынан киносүйер қауым сүйікті фильмдерін үлкен экраннан тамашалаудан қағылғаны мәлім. Енді бұл олқылықтың орны толатын күн жақын.