БалқашЖағымды жаңалық

Ашық аспан астында – ойын алаңы

Бүгінде балқаштықтар дене шынықтырумен тұрақты айналысып, бұқаралық спорттың дамуына атсалысып жүр. Спортшылар санының өсуіне байланысты жаттығу кешендерінің жетіспеушілігі байқала бастады. Осыған орай, үй аумағына Street Workout секілді көше спортына арналған құрылғылар орнатылып, ойын алаңдары көптеп салынуда.

Қажетті нысандардың халыққа қолжетімді болуы да маңызды деп санайтын шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков алаңдарда жаттығу орындарының қатарын көбейтуде. Алайда, жаттығу нысандарын күтіп ұстау өзекті болып тұр. Өйткені, спорт алаңдары қараусыз қалып, оны бұзақылардың бүлдіріп кетуі жиі ұшырасады. Сондықтан, қала басшылығы былтырдан бері осындай орындарды күтіп ұстауға көңіл бөле бастаған көрінеді. Биылдың өзінде бірнеше ашық аспан астындағы спорт алаңдары бой көтеруде. Жақында ғана, Қоңырат және Русаков шағын аудандарында 2 жаңа баскетбол алаңы салынды. Бұдан бөлек, 5 Street Workout кешені орнатылады. Атап айтқанда, аталмыш спорт жабдықтар Астана аллеясында, Калмыков тұйық көшесі 4, 4а үйлерінің, Сәтбаев шағын ауданында 3, 4, 5, 6 үйлердің ауласында және Жидебай батыр шағын ауданы 20, 22, 24 үйлер ауласында, Абай көшесі 27 үй аумағында орнатылып отыр.

– Қазір қалада көше гимнастикасымен шұғылдануына спорт нысандарының көптеп салынуы әсер етіп отыр. Балқаш қаласының әкімдігінің өкілдеріне алғысым шексіз. Жаппай спортты қолдаған дұрыс деп санаймын. Бүгінде өкінішке қарай, көптеген алаңдарды бұзып кетіп жатыр. Бейнебақылау бар жерде олардың жай-күйі жақсы болғанымен, көзден таса жердегі спорт жабдықтары бұзақылардың қолынан зардап шегіп жатыр. Осы жағына жете мән берсе екен, – дейді қала тұрғыны Құндыз Кенжебекова. Айта кетейік, бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button