Арулар – құрмет құшағында
Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан БЕКҚОЖИН 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мекемелерді басқаратын нәзік жандармен арнайы кездесу өткізіп, мерекелерімен құттықтады.
– Кәсіби шеберліктеріңізбен қызметтік міндеттеріңізді адал орындай отырып, Сіздер әрбіреулеріңіз өздеріңіз басқаратын саланың жілігін шағып, ауданымыздың өркендеп, дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Осынау мереке күні өз өмір жолын мемлекетімізге қызмет етуге арнап, қиыншылығы мен жауапкершілігі мол жұмысын бала тәрбиелеумен және отбасының жайлы қамын жасаумен қатар алып жүрген Сіздерге деген аса ризашылығым мен құрмет сезімімді білдіремін. Бүгінгідей мерейлі сәтте шын жүректен зор денсаулық, махаббат пен мейірім, ана бақыты мен отбасылық қызық-қуаныш және жүздеріңізден мәңгілік жастық пен әсем сұлулық нышаны кетпесін деп тілеймін! – деді аудан басшысы шара барысында.
Кездесуде әр мекеме басшысының еңбек жолдары мен жетістіктері көрсетіліп, аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке иелеріне аудан әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.
Индира АСАМИДИНОВА,
аудан әкімінің
баспасөз хатшысы.