Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

ҚарУ-да – Қасым рухы

Ұлттық рухтың ұпайын түгендеп жүрген Қарағанды университетінде Қасым рухы аспандап тұр. Себебі, жақында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған еді. Сол орталық Алматыға барып, олжалы оралған. Қасым ақынның құнды кітаптары мен отбасылық суреттерін аманат етіп, Қарағандыға алып келген болатын. Міне, сол жәдігерлер «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» атты көрме төріне озып, жұрт назарына ұсынылды. Одан кейін «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Яғни, Қасымның отты жырлары, өмірі жас шайырлардың жырына арқау болды. Айта кетейік, тәулік бойы өткен тағылымды шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

КӨРМЕДЕ – ҚҰНДЫ КІТАПТАР

Түсінікті болу үшін тарқата кетелік, «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов бастаған шығармашылық топ Алматыдағы Ұлттық кітапханадан бастап, Қасымның қыздары Жанна, Дариға апайларға барып, ақын ғұмырынан сыр шертер небір құнды жәдігерлерді алып келген. Көрмеде жұрт назарына ұсынылған олжалы орталықтың қазынасы – осы. Көрменің ашылу салтанатында университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков сөз алды.

– Біздің университетіміздегі көрмеде ақынның суреттері, еңбектері қамтылған. Әрине, мұндай тың дүниелер қолда бар кезде көрмені дүрілдеп өткізуге болатын еді. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты адам санын шақтап отырмыз. Тағы бір сүйіншілі хабарымыз, жақында Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығарамыз. Жалпы, бұл әдебиетімізге, ғылымға үлкен жаңалық болады деп ойлаймын. Онымен қоса, Дариға Қасымқызының әңгімелер жинағын таспалап беруді жоспарлап отырмыз, – деді университет басшысы.

Жансая Жарылғап Алматы сапары жайлы және қолға түскен құнды мәліметтер туралы қонақтарға айтып берді. – Жанна, Дариға апайлардың отбасылық архивінен аттай қалап алған дүниелеріміз – көрме төрінде. Қазір сирек кітаптар тізіміне еніп кеткен Қасымның бірнеше кітабын лып келдік. Ұлттық кітапханада Қасым шығармашылығына қатысты қандай дүние бар, соның барлығын алып келдік. Әсіресе, кейінгі жылдары жазылып, ешқандай айналымға түспей жатқан құнды материалдардың көшірмелерін жасап алдық. Тағы бір ең керемет олжамыз болған дүние ақын шығармашылығына байланысты әзірленген картотеканы Дариға апай қолымызға табыстады. Дариға апай өмір бойы кітап палатасында қызмет істеген. Картотека жасау тәртібін жетік меңгерген маман. Ақын шығармашылығына қатысты не жарық көрді, соның барлығы жыл-жылымен, күн-күнімен, барынша ұқыпты қатталған. Сол картотека – міне қолымызда. Ақынның талайлы тағдыры туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ қой. Бірақ, Дариға апайдың жазушылық қыры туралы еш жерден оқымаған екенбіз. Әңгіме арасында ақын ұрпақтарынан шығармашылыққа бейімі бар ма деп сұраған едім. Екі апай бір-біріне қарап біршама отырды да, Жанна апай: «Бар, алып кел» деп күлді. Дариға апай алдымызға 25 қалың дәптер әкеліп тастай салды. Сөйтсек, өзі проза жазады екен. Содан аттай қалап, бір дәптерін сұрап алдық. Тек, орыс тілінде жазады. Жаңа ректорымыз Нұрлан Орынбасарұлы Дариға апайдың әңгімелер жинағын шығаруды айтып кетті. Міне, Алматы сапарының тағы бір керемет олжасы – осы, – деді Жансая Жарылғап.

Көрмеде 1938 жылы латын әліпбиімен басылған «Өмір сыры», 1946 жылы жарық көрген «Дауыл», 1950 жылы баспадан шыққан «Нұрлы дүние», 1946 жылы орыс тілінде шыққан «Гроза», 1940 жылы Асқар Тоқмағанбетов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин төртеуі бірігіп аударған «Жәңгір» атты қалмақ халқының эпосы және көне дәуірде араб қарпімен Қытайда жарық көрген кітаптарын тамашалады. Бұл кітаптардың бірде-біреуін қазір табу қиын екенін айтады көрме қызметкері. Тіпті, 1955 жылы жарық көрген III томдығының өзін кездестіре алмайсыз.

ЖАС ШАЙЫРЛАР ЖАҢҒЫРТТЫ АҚЫН РУХЫН

Тағылымды көрмеден соң облыстық жас ақындар айтысына кезек берілді. Студенттер сарайы жырға бөленді. Бақ сынасқан ақындар жеребе арқылы жұптасты. Ал, қолына киелі домбыра ұстаған өрендеріміз болса көрермендерін жерге қаратпады. Тартымды, мардымды сөз қозғай білді. Жыр додасын тізгіндеген «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық-кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлдың төл өнеріміз айтысты өркендету жолындағы еңбегі – бұл. Айтыстың бүгінгі жас қырандарына университет басшысы Нұрлан Дулатбеков ақжол тіледі.

– Биыл егемендігімізге – 30 жыл және Қасым ақынның 110 жылдық мерейтойы. Бұл тақырып жас ақындарымыздың жырына арқау болады деген сенімдемін. Барлығыңызға жеңіс тілеймін. Алайда, жеңіс де «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты жыр додасына филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыстың майталманы Қойлыбай Асанов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет, ҚарУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент Саржан Такиров және айтыстың бүгінгі жарық жұлдыздары Мақсат Аханов пен Дидар Қамилер қазылық етіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарды анықтады.

– Құрметті, өнерсүйер жастар, ақын бауырлар. Бүгінгі айтыс, бұрынғы айтыстарға қарағанда өзгешелеу болды. Кішкене көңіліміз толмай, «Бұл қалай?» деген сәттеріміз де жоқ емес. Өйткені, бұл сахнаға шығушылардың алғашқы қадамы. Аз да болса, суырып салып, деңгейлері жеткенше айтысты. Айтыс өнерінің негізгі критериі – аттың жалы, түйенің қомында суырып салып сөз айту. Айтысты шоуға, думанға айналдырып керегі жоқ. Айтыс – атамұра. Сол өзінің табиғи қалпын сақтауымыз қажет, – деді Қойлыбай Асанов қорытынды сөзінде.

Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі III орынға Еркеғали Бекболат лайық деп танылды. Ал, II орын Сырым Бейсенбекке бұйырса, I орынды Әлихан Нығыметолла еншіледі. Айтыстың Бас жүлдесін Бақыт Жандос қанжығалап, қатарластарының арасында қара үзді.

– Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы аясында ұйымдастырылған айтыстың куәсі болдық. Қазіргі ахуал көп адам жиналған жиын өткізуге мүмкіндік бермегендіктен көрермен санын шектеуге тура келді. Бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан осындай шара қабылдауға мәжбүр болдық. Дегенмен, шаршы топтың алдында сөз бастау қиын ғой. Сондықтан, бүгінгі жас ақындарға шын жүректен алғыс айтқым келеді, – деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын осындай игі шараны ұйымдастырған университет басшылығы мен зиялы қауым өкілдеріне ризашылық білдіріп, жыр додасын түйіндеді.

…ҚарУ-да Қасым рухы осылай асқақтады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button