Бас тақырыпЖаңалықтар

Арманға бастаған алты грант

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ ӘЙГЕРІМ АХМЕТЖАНОВА – ӘЛЕМДІК УНИВЕРСИТЕТТЕР ТАРАПЫНАН ГРАНТ АРҚЫЛЫ БІЛІМ АЛУҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ. СОНЫҢ ІШІНДЕ, BROWN UNIVERSITY (АҚШ), UNIVERSITY OF PENNSYLVANIA (АҚШ), YALE-NUS COLLEGE (СИНГАПУР) ЖӘНЕ FRANKLIN&MARSHALL COLLEGE (АҚШ), UNIVERSITY OF TORONTO (КАНАДА) ЖӘНЕ KOC UNIVERSITY (ТҮРКИЯ) УНИВЕРСИТЕТТЕРІ БАР.

Әйгерім бұған дейін мектепте «Неньютон сұйықтығын химиялық және физикалық қасиеттер негізінде қолдану» ғылыми жобасымен жұмыс істеген. Шетелдік университеттерге тапсыру жөнінде 9-сыныпта ойланыпты. Себебі, оның туған әпкесі Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі (2016 ж.) Айжан – Принстон университетінің (Princeton University) грантын жеңіп алған. Ал, Әйгерімнің таңдауы түскен Браун университеті – 1764 жылы ашылған АҚШтағы химияны зерттейтін ең беделді және көне университеттің бірі. – Әлемнің үздік университетіне тапсыруға Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарының ықпалы зор болды. Емтихан құжаттарын тапсырып, нәтижелерді күтудің барлық кезеңдерінен бірге өттік. Ұстаздарыма ғылыми әлемді тануға деген шынайы қызығушылығымды дамытқаны және іргелі білімі үшін алғыс айтқым келеді. Мені қолдап, әр шешіміме құрметпен қараған ата-анама шексіз ризамын.

Университетке қабылданғаным өзімді дамытуға үлкен шабыт сыйлайды. Сондай-ақ, қазақстандық оқушылардың сапалы білім алуына әлем университеттерінің есігі айқара ашық екенін түсінуге мүмкіндік берді, – дейді Әйгерім.

Бүгінгі таңда «Алтын белгіге» үміткер Әйгерім Ахметжанова халықаралық емтихандар (IELTS – 8.0/9.0, SAT Subjects Tests: SAT Chemistry – 800/800 және SAT Mathematics Level 2 780/800, ACT – 32/36) бойынша жоғары нәтиже көрсетіп отыр.

Өз өмірін ғылыммен байланыстыратын талапкердің арманы – химия саласындағы PhD дәрежесін алу, сондай-ақ Қазақстандағы ғылымның даму тарихында өзіндік қолтаңба қалдыру.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button