Руханият

«Қарлығаштар» оралар күн жақын

Ішкі істер органдарының ардагері Қанат Кареновтің «Қарлығаштар оралар ма?» кітабы қарағандылық танкіші қыздардың соғыстағы ерлікке толы қысқа ғұмырынан сыр шертеді. Автордың өзінде бар деректерді оқырманға жеткізгісі келетінін естіп, үйіне іздеп бардық. Ол бұл тақырыпты ұзақ зерттеген. Қазақстан және Ресей мұрағаттарын ақтарып, ақпарат жинап, жауынгер қыздардың есімін есте қалдыру және ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында осы еңбегін жазды.

Бір деректі тапқан – бір дерек

Шығармашылық жұмыс Қанат Кареновтің әкесі, кеңес милициясының қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Саттар Кареновтің ұлына майдангер ағасының жерленген жерін тауып, ауылдан бір уыс топырақ апарып салуды аманат еткенінен басталды. Саттар Каренов 1942 жылы майданға аттанып, взвод командирі болған. Смоленск маңында ауыр жарақат алып, үйге мүмкіндігі шектеулі жан болып оралады. Ал ағасы Асқар Саттардан кейін 33-ші атқыштар дивизиясының сапында соғысуға кетті. 1944 жылы 3 ақпанда жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен қаза тапты.

Саттар Каренов ағасы Асқардың қабірін қанша іздесе де, таба алмаған. Контузиядан қалған сырқаттан 1980 жылы қайтыс болады. Ол кезде Қанат Каренов небәрі 15 жаста еді. Уақыт өте келе мектепті, университетті бітіріп, ішкі істер органдарында қызмет ете бастайды. Полиция старшинасынан полковникке дейінгі сатыдан өтті. Қарағанды облысы ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан денсаулық жағдайы бойынша 2008 жылы кеткен.

– Әкеме берген уәдемді ұмытпай, зейнетке шыққан соң Асқар ағамды іздей бастадым. 2010 жылы таптым. Ол Псков облысы, Новосокольнический ауданының Липшани ауылындағы бауырластар қабіріне жерленіпті. Қабір басына барып, әкемнің ағасын неге таба алмағанын түсіндім. Өйткені, ол үш рет қайта жерленген. Саттар Кареновке келген жерлеу туралы құжатта Семеновка ауылы деп көрсетілсе, өткен ғасырдың елуінші жылдарында бұл ауыл қайта құрылып, Невель ауданының Тимофеевка ауылына қайта жерлеген. Ауыл тұрғындарынан кеңестік сарбаздардың ерлігі мен Асқар ағай туралы көп білдім. Үш барлаушы ауылда қалып немістермен қалай күрескені, ал, төртіншісінің тұтқында болған немістің айтуынша, өз әскерімізге ақпарат жеткізіп, жауынгерлік тапсырма орындағаны да мені қатты ойландырды. Көрген-білгенімнің бәрін жазу керек екенін ұқтым. Көп ұзамай «Кешір, інім, кешір» повесін жазып шықтым. Ол көптеген журналдарда жарық көрді. Ағылшын тіліне аударылған бөлігі MANGI EL тарихи журналына да шықты. Сол жерден мен қарағандылық төрт танкіші қыз Жамал Байтасова, Құлкен Тоқбергенова, Гүлжамилә Талғамбаева, Жәмилә Бейсенбаева туралы алғаш білдім, – дейді Қанат Каренов.

Ол танкіші қыздар туралы материалдарды іздей бастайды және майдангер-жазушы Ғазиз Әбішевтің «Жеңіс туы астында» кітабынан 1944 жылғы 22 тамызда жарық көрген «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Ortalyq Qazaqstan») газетінің 106 (2356) санында жарық көрген әскери тілші Т.Жүнісовтің майдан даласынан жазған «Танкіші қазақ қыздары» атты мақаласын оқып біледі. Қарағандылық жауынгер қыздардың экипажы жауды қалай жапырғаны рухын көтеріп, мақтаныш сезімін оятқан. Кейін 1975 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Қайда екен, қайда сол батыр қыздар?» мақаласын оқиды.

– Бұл қыздардың тағдыры соңында тұяғы жоқ, үш рет қайта жерленген Асқар ағамның тағдырын есіме салды. Егер, әкем бауырын табуды өсиет етпегенде ағамның қабірі белгісіз болып қалар еді. Ал, мен мұндай олжаға кенелмес едім. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген осы шығар. Осылайша, «Қарлығаштар оралар ма?» повесін жаздым. Оны зейнетақыма шығардым. Неліктен қарлығаштар? Қарлығаш – үйдің, жақсылық пен бақыттың, өз өмірін қиған адалдықтың, тыныштықтың символы. Неге, қашан оралады? Мен олардың есімін елдің ұмытпағанын қалаймын және олар мақтаныш болып жас ұрпақтың аузында жүруі, жүрегінде тұруы тиіс. Өйткені, солдат екі рет өледі. Бірінші – өлгенде, екінші – оны ұмытқанда. Олардың көзсіз ерлігі Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріле бермек. Оның үстіне, қарлығаштар көктемде оралғаны сияқты танкіші қыздардың даңқы да, тың деректер де Отанына оралса деймін. «Қарлығаштардың» асқақ рухы мен биік даңқы оларды ұмытпай, насихаттағанда оралады, – дейді автор.

Өткенін білген бүгінін бағалайды

Қанат Кареновтің жазуға деген шабыты шындыққа, әділдікке жету ниетінен туындайтынын айтқан жөн. Тарихқа, Отанға деген патриоттық сезімі оған сарқылмас күш-қуат береді. Сонымен қатар, Қанат Саттарұлы жүрген жерінде жоғары оқу орындарында, колледж, мектептердегі кездесулерге танкіші қыздарды насихаттайды. Ж.Бектұров кітапханасы арқылы Қарағанды-Мәскеу, Қарағанды-Волгоград телекөпіріне қатысып, ержүрек арулар хақында кеңінен мәлімет берді. Жуырда Қанат Саттарұлының тарихи құнды деректер негізінде жазылған жоғарыдағы кітаптарын Астанадағы ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің қорына аталған музей директоры Н.Асиловтың өзі қуана қабылдап алды. Енді, жастарға әскери-тарихи білім беруде аталған туындылар пайдаланылады.

Жоғарыда айтылғандай, Қанат Саттарұлы әкесі һәм ағасының жолымен жүріп, құқық қорғау қызметін жалғастырған. Ұлы Әлішер де Кареновтер отбасының ортақ ісін жалғастыруда. Ол да тергеуші. Осылайша, полиция әулетінің Отан қорғау ісі 1939 жылдан басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Бір ғасырға жуық әулеттің ер-азаматтары Отан-Ананың игілігі үшін жұмыс істеді, халықтың тыныштығын күзетті. Қанат Саттарұлының жоспарында тағы бірнеше кітап жазу бар. Алайда, оған қажырлы еңбек қажет…

Танкіші қыздар Ұлы Отан соғысына қашан, қай әскери комиссариаттан аттанды, қайда түсті, аман-есен оралғаны бар ма? Бұл сұраққа әлі жауап жоқ. Облыстық мұрағатта соғыс кезіндегі құжаттар мен деректер толық емес. Сақталғандардың өзі көгеріп, көң басқан.

Қанат Каренов танкіші қыздар туралы деректерді архивтерден талмай іздеп, мемлекеттік органдардан сұрап, талай хат жазған. Солардың біріне келген жауапта Қарағанды облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы Ж.Құнанбаев 06.03.2023 жылы №4/687 хатында департамент қарамағындағы архивтерде аталған танкіші қыздар туралы деректің жоқтығын және көптеген деректің өрт кезінде жойылғанын жазған.

«Алайда, сіз сұраған Ж.Доспановтың «Женщины фронтовики Казахстана» атты кітабыңыз бойынша 3-том 82-бетте «Байтасова Жамал, Қазақ КСР, қазақ. Жұмысшы шаруа армиясының қатарында Ұлы Отан соғысының майдандарына қатысты» деген дерек бар. Бұл кітап Екінші дүниежүзілік соғыстың мұрағаттық құжаттары негізінде дайындалып, жазылған. Дереккөздер ішінде автор РФ Мемлекеттік мұрағатының материалдарын, Украинаның Мемлекеттік мұрағатының материалдарын және т.б. электрондық бұқаралық ақпарат құралдарын көрсетеді. Көрсетілген мән-жайлар әскери есепте тұрмаған әйелдерді әскерге жаппай шақыру 1942 жылы маусымда КСР Қорғаныс Халық комиссарының №0459 бұйрығымен басталғанын көрсетеді. Осыған байланысты, әскерге шақырылған әйелдерді қызыл армияның кітапшасын бере отырып, әскери есепке қою, оларды әскери мамандықтарға оқыту жергілікті оқу орнында өтті. Оларды іздеу, әскери есепке алу мәселесін зерттеу де күрделене түседі. Сондықтан, біз мұндай мәліметтерді таба алмаймыз. Қарағанды облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы Ж.Құнанбаев» деп қол қойылып, мөр басылған.

«Қарлығаштар» саябаққа қонса игі

Жоғарыда келтірілген Ж.Байтасова туралы деректі Қанат Каренов Ж.Доспанов құрастырған «Женщины фронтовики Казахстана» атты 6 томдық еңбекті ақтарып отырып, 3-томынан тапқан. Бірақ, басқа үш жауынгер қыз туралы ешқандай дерек жоқ. Қолда бары жоғарыда аталған мақалалар ғана.

Тағы бір ескерер жайт, Қанат Каренов «Қарағандыдағы Жеңіс саябағына қарағандылық төрт танкіші қызға арнап ескерткіш қою керек» деп есептейді. Шынында, құптарлық жайт. Арқаның батыр қыздарының еңселі ескерткіші Қарағандының қақ төрінде тұрса, несі айып?! Сонда, ашылмай жатқан құпия архивтерге жол табылып, тың деректер жарыққа шығар, мүмкін…

Ал, Қанат Кареновтің «Қарлығаштар оралар ма?» туындысы қолда бар деректерге сүйеніп жазылған көркем туынды. Өзі де осы саланың қыр-сырын білгендіктен, деректерге сүйене отырып, әсерлі дүние жазып шыққан. Төртеуіне жеке тоқталып, ерліктерін көркем тілмен жеткізіп, өздерін де сөйлеткен. Бұл туралы фильм сценарийін де жазып, дайындап қойған. Әзірге бары осы. Қалғаны алдағы күн еншісінде… 6 сәуір – Тергеушілер күніне орай Қанат Кареновке сарқылмас шабыт, бекем сабыр тілейміз. Қанат Саттарұлы нағыз тергеуші екенін дәлелдеді. Танкіші батыр қыздар туралы тың дерек тауып, кітап та жазды.

Қанат Саттарұлы Ресей мұрағаттарына да бірнеше рет хат жазған. Бірақ, олар деректің жоқтығын айтып, бермей отыр. Танкіші қыздардың соңында ұрпақ та, туыстары да жоқ. Олар жайлы деректерді көрген-білгендер болса, редакцияға хабарласуын сұраймыз.

Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Ләззат, Сәбира сынды батыр қыздардың қатарына қарағандылық танкіші қыздарды қоссақ, әбестік болмас! «Қарлығаштар» оралар күннің алыс еместігін жүрегіміз сезеді. Иә, Қарлығаштар түбі бір оралады. Бастысы оларды ұмытпай, ерлігін насихаттауымыз және еңселі ескерткішін орнатуымыз керек-ақ. Олар да өз көктемін күтіп жүрген болар, мүмкін…

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button