Спорт

Ардагерлердің шахмат аламаны

Қарағандыда өткен ардагерлер арасындағы дәстүрлі облыстық шахмат турниріне қалалық және аудандық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысып, бақ сынасты. Сайыс Швейцария жүйесі бойынша өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл жүйеде жеті тур болса, уақытты бақылай отырып, әр қатысушыға 15 минут беріледі. 28 спортшы өз тапқырлығы мен білгірлігін көрсетіп, спорт бәсекесі тартысқа толы болды.

Аталған турнирді облыстық ардагерлер кеңесі, «Ардагер-2012» ардагерлер шахмат клубы, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған.

– Ақсақалдарымыз жарыстарға белсенді түрде қатысып келеді. 2012 жылы «Ардагер» деген атаумен ардагерлер шахмат клубы құрылды. Қазір бұл клубта бірнеше құрам бар. Жақында Қарағандыда шахмат бойынша Senat I Ашық кубоктың іріктеу туры өткен. Жартылай финалға шыққан үздік 25 ойыншының арасында біздің ардагерлер де бар. Меніңше, шахмат ақыл-ой қабілеттерін дамытады, мидың қартаюына жол бермейді. Шынында, бәріміз бұл ойыннан үлкен ләззат аламыз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин.

Қарағандылық Хауия Білімхан тартысқа толы турнирдің жеңімпазы атанды.

– Жас кезімнен шахматпен айналысамын. Шахматтан спорт шеберлігіне үміткермін. Қазір балаларды жаттықтырамын. Жастардың осы ойынға әуес болғаны қуантады. Шахматтың адам өміріне көп пайдасы бар. Атап айтсақ, сыни ойлауды дамытады. Талдау жасауға, әр нәрсені алдын ала жоспарлауға дағдыландырады, – дейді турнир жеңімпазы Хауия Білімхан.

Ал, екінші орынға Абай қаласынан келген Сергей Могила жайғасса, Теміртаулық Сергей Кулишкин үшінші орынды қанағат тұтты.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом және ақшалай сертификатпен марапатталды. Барлық қатысушыларға Алғыс хат берілді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button