Ардагер ұстаздар алаңға шықты

Биыл Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің құрылғанына – 70 жыл. Осыған орай, техникалық білімнің қарашаңырағы волейболдан турнир ұйымдастырды. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлық мейрамы Республика күніне орайластырылды. Додада шаһардағы жоғары білім ордаларының ұстаздары бағы мен бабын сынады. Турнирдің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау. Мұнда 40 жастан асқандар алаңға шықты.

Турнирге Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Атап айтсақ, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды қаласының медициналық университеті. Сонымен қатар, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен екінші құрамы ниет білдіріп, жүлделі орынға таласты.

Турнирдің ашылу рәсімінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тарих кафедрасының меңгерушісі Құдайберген Темірғалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Игорь Головин, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұстазы Амантай Мырзабаев, медицина университетінің өкілі Рақымжан Досмаилов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Баршаңызды алдымен халқымыз үшін зор маңызға ие Республика күнімен құттықтаймын. Жұртымыз осы мерекені атап өту үшін ғасырлардың талай сынынан өтті. Елдігіміз жасай берсін. Білімді жастарымыз көбейіп, Қазақстанды одан әрі гүлдендірсін. Тәрбиелеп, оқытып жүрген шәкірттеріңіз үмітті ақтап, ұлтқа қызмет етсін, – деді Рақымжан Досмаилов.

– Бұл университет 1950 жылы бой көтерген. Шаһардағы тарихи ғимараттардың бірі һәм бірегейі. Осындай мерейтойды саламатты өмір салтын насихаттайтын игі шарамен атап өткенді жөн көрдік. Білім ордасы мұндай турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізеді. Барша ұстаздарды, ардагерлерді құттықтаймын. Кейінгі толқынға осындай әрекеттерімізбен үлгі көрсетейік. Деніміз сау болсын, – деді сәулет-құрылыс факультеті деканының орынбасары Абайдолла Түсіпбеков.

– Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар. Өйткені, әрқайсымыз саламатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Ұстаздар студенттерге сабақ беріп, бір сыныпта отырып қалады. Анда-санда осылай достармен волейбол ойнап тұрған дұрыс. Жастар да осы жолды ұстанса деген тілегім бар. Білім шаңырағының мерейтойы құтты болсын, – деді Құдайберген Темірғалиев.

Игорь Головин де сөз алып, ізгі ниетін білдірді.

– Сіздермен осындай қуанышты сәтте жүздескеніме ризамын. Волейбол ойнап қоймай, достармен, әріптестермен әңгімелесіп, бір сергіп қалдық. Бұл турнирдің Қарағанды шаһарында беделі зор. Мықтылар осындағы алаңға жыл сайын келіп, өзара тартысқа түседі. Мұнда жеңіс маңызды емес. Жүлдеден бұрын достық пен сыйластық бірінші орында. Бірлігіміз жасай берсін, – деді ол.

Турнирде Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ардагерлер командасы жеңімпаз атанды. II орын да алаң иелерінің қанжығасында, ал, III орын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде. Жеңімпаздар кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ, турнирдің үздік ойыншылары да анықталып, оларға бөлек құрмет жасалды.

Ерік НАРЫН,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.