Өңірлік “Талдау мектебінің” сарапшылары бір жылдық ізденістің жемісті нәтижесін ұсынды
Қарағанды өңірінің жас сарапшыларынан құралған “Талдау мектебі” бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығарды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында “Талдау мектебінің” өңірлік жобасы алғаш рет Қарағандыда жүзеге асқанын атап өтті.

Арада бір жыл өткеннен кейін сол бастаманың алғашқы жемісі ретінде жарыққа шыққан жаңа кітапты

көпшілік назарына ұсынды.

– Былтыр Қарағандыда «Талдау мектебін» ашқанда осыны мақсат еттік. Өңірдегі мәселелерге жаңаша көзқарас қажет болды. Оның үстіне, өңір тынысын, елді толғандырған түйткілдерді жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Сондықтан қарағандылық талдаушыларға өзекті мәселелерді зерттеп, шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік бердік.
«Талдау мектебінің» өңірлік жобасы алғаш рет Қарағандыда жүзеге асты. Арада бір жыл өтті. Бүгінде сол бастаманың алғашқы жемісін көріп отырмыз, – деп жазды Әлібек Әлденей.

Әлібек Үсенұлы талдаушылар өңірдегі өзекті мәселелерді зерттеп қана қоймай, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлегенін атады. Жас сарапшылар өз ойларын облыс әкіміне жеткізіп, жұмыс топтары мен консультативтік органдардың талқылауына да ұсынған.

– Ең маңыздысы – «Талдаудың» айналасында дәйекті ақпаратқа сүйеніп, мәселенің түп-төркініне үңілетін, өз ойын нақты дерекке негізделе отырып дәлелдей алатын белсенді жастардың ортасы қалыптаса бастады.
Және бүгін сол ізденістің нәтижесі жеке жинақ болып жарық көрді. Мұнда бір жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, өңірдің өзекті мәселелері мен оларды шешуге бағытталған ізденістер хатқа түсті. Бірнеше жылдан кейін осы кітапты қайта ашып, қай ұсыныстың өміршең болғанын бағалай аламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сарапшы жастардың бір жыл ішінде жүргізген ізденістерінің нәтижесінде өндіріс үшін маңызды мәселелер қамтылды. Бүгінде оларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар қалыптасып үлгерді.

Жоба тек жылдық жұмыстың қорытындысын шығарумен шектелмей, өндірістің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған нақты ізденістердің алаңына айналды.

Жинақталған материалдар мен ұсыныстар алдағы уақытта қайта қаралмақ. Жас сарапшылардың ұсыныстарының тиімділігі өндірісте бағаланады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



