Қарағандылықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдады

Қарағандылықтар Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан деп өзгертілуін қолдайды. Олар бұл туралы ойларын орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен жиында бүкпесіз білдірген. Аталған шара барысында белгілі әншілер Ерлан КӨКЕЕВ, Марат БЕКІШЕВ және Алмас КІШКЕНБАЕВ жергілікті өнер ұжымдарымен бірге жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады.


– Адамның қабілеті қатаң сынақ кезінде айғақталады. Одақ ыдырағаннан кейін ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында қазақ ұлты көп ғасырлық арманы Тәуелсіздікке қол жеткізді. Бүгінгі таңда елордасының Нұр-Сұлтан есімін иеленгені өте маңызды, бұл Елбасының қоғамның өркендеуіндегі рөлін көрсетеді, – деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Увайс Джанаев.

Ол сондай-ақ, елдің бас қаласын қайта атау үшін Ассамблеяның барлық мүшелері қолдау білдіретінін айтты. Тұңғыш Президент Қазақстанның көпэтностылығын оның артықшылығына айналдыра алды.

– Біз оның барлық бастамалары мен саясатына оң қараймыз. Әрине, Астананы қайта атау туралы бастаманы да қолдаймыз, – дейді «Берегиня» орыс халық әні ансамблінің жетекшісі Светлана Гежа.

Жас қарағандылықтар да Астананы қайта атау идеясын құптайды.

– Біз үшін бұл – ерекше оқиға. Біз Астана атауын Нұр-Сұлтан етіп өзгертуді қолдаймыз. Миллиондаған қазақстандықтар өз Отанын және Тұңғыш Президентін мақтан тұтады, – дейді «Нұр Отан «партиясының «Жас Отан»жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Қарағанды облысы бойынша жаппай серуен өтіп, іс-шараға барлығы 20 мыңнан астам адам қатысқан. Көктемгі мереке тек орталық алаңдарда ғана емес, сонымен қатар, кәсіпорындарда да тойланды. Мысалы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті еңбек еткен металлургиялық комбинатта 900-ге жуық адам жиналыпты. Өнеркәсіп алыбының қызметкерлері үшін мейрам қарсаңында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылған.

Өз тілшімізден.