Руханият

Қарағандыда ақын Абзал Бөкеннің кеші дүркіреп өтті

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Бөкеннің 75 жылдығына арналған «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында ақынның «Күміс кісе» жыр жинағының да тұсауы кесілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қатысып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ыстық ықыласын жеткізді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Елге есімі белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері Қарағанды төрінде бас қосты.

Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Иран Ғайып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Халықаралық «Қазақ тілі» қауымдастығының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы да бар. Ерлан Бейсенбайұлы өз сөзінде:

– Сонау 70-ші жылдардың жуан ортасында жырсүйер қауым жатқа оқып, тыңдарманы тамсанған «Шыт көйлек» атты лирикалық туындысымен әдеби ортаның елең еткізген жас ақын бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкіліне айналды. Кешегі Алаш көсемдерінің алтын бесігі Ақтоғайда туып, ғаламға Ақсораңның биігінен қараған ақынның Тоқырауындай мөлдір жыр жазбауы мүмкін емес еді. Бойына Ұлт ұлыларының рухы дарыған Абзал ағамыз туған жерінің қасиетті топырағын бойына тұмар, жырына арқау етіп, туған елінің әнұранына айналған «Алтын бесік Ақтоғайым» әнінің сөзін жазып, перзенттік парызын адал өткерген ақын. Көзге мақтағандық емес, Сіздің шығармашылық қуатыңыз өркениет дәуірінің өрелі ақынына тән жан-жақты терең білім, үлкен эрудициямен, ұтымды лирикалық шешімдер, сөз өнеріне деген адалдығыңызбен дараланады. Сонымен қатар, Сіздің өлеңдеріңізде ілгерідегі аға буын ақындары Мұқағалидың мұңы, Жұматайдың жұпар сезімі, Жұмекеннің жұмбақ әлемі, Сағидың сазды лирикасы жаңаша жаңғырып, жарасымды жалғасын табуы да Сіздің тамаша талант иесі екендігіңізді таныта түседі, – деп ағынан жарылды.

Келген қонақтар да ақынды мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар, «Тоқырауын толқындары» халық ән-би ансамблі, белгілі өнер қайраткерлері Амантай Жұмашев, Дәуренбек Әркенов және Арайлым Жүкенова, Нұржан Жасымхан сынды өнер иелері жиылған қауымға әннен шашу шашты. Кеш иесінің сөзіне жазылған әуезді әндер көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, жыр кешінің көркін кіргізді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button