Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы баспаналы болды

Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды. 30 мамыр күні қала әкімі Нұрлан Әубәкіров оларға пәтер кілттерін табыстады.

Бұл пәтерлер Қарағандының Оңтүстік-Шығысында Байкен Әшімов атындағы жаңа шағын ауданда салынған үйлерде орналасқан. Болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы орналасады. Жаңа шағын ауданда әлеуметтік және спорт нысандарының, гүлзарлардың, концерт залының, балалар мен жасөспірімдер сарайының және тағы басқа да көптеген нысандардың құрылысы жоспарланған.

— Қазір облыс орталығында 1500-ден астам көпбалалы отбасы  атаулы әлеуметтік көмек алуда. Олардың ішінде 500-ге жуық адам  жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көп балалы ата-аналарға балабақшаларда 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда «Салют» лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған, — деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде.