Аймақ

Қарағандыда 200-ге жуық нейрохирург озық емдеу әдістерін талқылады

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағандыда медицина университетінің базасында Қазақстан нейрохирургтерінің VI конгресі өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық маман заманауи емдеу әдістерін талқылады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған ауқымды жиында нейрохирургиядағы жаңа технологиялар, күрделі клиникалық жағдайлар және өңірлердегі медициналық көмекті дамыту мәселелері қаралды. Бағдарламаға 50-ден астам ғылыми баяндама, шеберлік сабақтары мен кәсіби пікірталастар енгізілді.

Конгрестің ашылуында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хаты оқылды. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері де қатысты.

Қазақстан нейрохирургтері қауымдастығының президенті, академик Серік Ақшолақовтың айтуынша, елдегі нейрохирургия жоғары технологиялық деңгейге көтеріліп, Ұлттық нейрохирургия орталығы халықаралық деңгейде танылған жетекші мекемеге айналған.

Конгресс аясында жас ғалымдар байқауы өтіп, үздік мамандар саланың дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button