Бас тақырып

Қарағандыда 100 аула жаңарады

ҚАРАҒАНДЫ БЫЛТЫРДАН БЕРІ АУЛАЛАРДЫ АБАТТАНДЫРУДА ҚАТАРЫНАН ҚАРА ҮЗІП ТҰР. ӨТКЕН ЖЫЛЫ 100 АУЛА ЖӨНДЕУ КӨРСЕ, БИЫЛ СОНША АУЛАНЫҢ АЖАРЫ АШЫЛА ТҮСПЕК ЕКЕН. ОНЫҢ ІШІНДЕ, 50 АУЛА – ҚАЗЫБЕК БИ, 50 АУЛА – ОКТЯБРЬ АУДАНЫНА ТИЕСІЛІ. БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ АУЛАЛАРДЫҢ ЖОЛЫ, ЖИЕКТАСТАРЫ ЖӨНДЕЛІП, ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛАДЫ. СӘКІЛЕР, ҚОҚЫС ЖӘШІГІ ҚОЙЫЛАДЫ. АЛ, ЕКІНШІ КЕЗЕКТЕ, ЯҒНИ, 2020 ЖЫЛДАН БАСТАП, СОЛ АУЛАДАҒЫ БАЛАЛАР ОЙНАЙТЫН АЛАҢДАР ЖӨНДЕУ КӨРЕДІ. ОНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖӘНЕ СПОРТ АЛАҢЫ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ. БҰЛ ЖҰМЫСТАР ҮШ ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН АБАТТАНДЫРУ ЖОСПАРЫ АЯСЫНДА ІСКЕ АСАДЫ.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, 2017 жылы шаһардағы аулаларға талдау жұмыстары жасалған. Талдау барысында 781 аула белгілі болды. Қанағаттанарлықсыз жағдайдағысы – 323 екен. Оның 100-і былтырғы жазда қалыпқа келген. Енді дәл осынша көлемдегі аула осы жылы жөнделеді.

– 2017 жылдары біз 7-9 аула көлемінде ғана жөндеп жүрдік. Бірақ, бұлайша жөндеу ұзақ уақытты қажет ететін еді. Сол себепті үш жылдық бағдарлама дайындадық. Бағдарламаға сәйкес біз жылына 100 ауланы жөндеп, 2020 жылға дейін бірінші кезеңді аяқтауымыз керек, – дейді Нұрлан Әубәкіров.

Жөндеу жұмыстары мамыр-қазан айлары аралығында жүргізіледі. Аулалық аумақтардан бөлек, тұрғын үйлердің маңындағы 15 шағын сквер де абаттандырылады. Атап айтқанда, оның 5-еуі – Қазыбек би ауданында, 10-ы Октябрь ауданында. Онда балалардың ойын алаңдары және спорттық құрылымдар орнатылады. Бүгінде жөндеу жасайтын мердігерлер де белгілі.

Осы орайда облыс әкімі Ерлан Қошанов жөндеу жұмыстарына қадағалауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары туралы тұрғындарды да құлағдар ету абзал. – Қазір әлеуметтік желілерде аула жағдайына қатысты шағымдардың саны көбейгенін байқаймын. Соңғы 10 күнде 40-қа жуық шағым жазылды. Бір ай бұрын көп шағымданатын мәселелер тізімінде жолдар көш бастап тұрған еді. Қазір тұрғындар жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көріп отыр. Сондықтан болар, халық жолдар туралы аз жазады. Енді тұрғындар аулаларға назар аударып, ондағы қоқыстар, жарық пен ойын алаңдарының жоқтығына шағымдануда, – деген болатын Ерлан Қошанов аппарат мәжілісінде.

2020-шы жылы 123 аулада жөндеу жоспарланған. Осылайша, келесі жылдың соңына қарай Қарағандыда барлық аулалар ретке келтірілуі тиіс.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button