Қарағанды төрінде – ұлық мейрам
Қасиетті Құрбан айт мейрамы жер-жерде айрықша аталып келеді. Облыстық «Әнет баба» мешітіне арнайы бас сұқтық ұлы мерекеде. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, жиылған жамағаттың қарасы қалың.
Таңғы сағат 06:00-де жиыла бастады жұрттың дені. Облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа ұлық мейрамның шарапаты мен қасиеті жайлы насихат жүргізіп, өз құттықтауын білдірді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов та жылы лебізін жеткізді.
– Қымбатты бауырлар, қадірлі жерлестер! Бүгін ерекше қасиетті күн – ұлық күні арнайы сіздермен бірге болуға, қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтауға әріптестеріммен бірге келіп отырмын. Кеше ғана Бұқар бабамыздың 350 жылдығын атқарғанымызды білесіздер. Сол бабамыздың мына сөзі ойыма оралып отыр:
«Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
…Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа».
Бүгінгі мерекеге жүректеріне иман мен мейірім ұялаған, адамгершілік қасиеті жоғары, бір-біріне тек қана жақсылық жасауға ұмтылатын, жүректері таза, адал жандар келіп отыр. Біз осы Құрбан айт мейрамы күні бір-бірімізді кешіріп, ерекше жақындасамыз. Дәл осы күні Ұлы Жаратушыға әр мұсылман бір қадам жақындайды. Сондықтан да, осы қасиетті мейрам баршамызға құтты болсын. Елбасымыздың сөзі бар: «Тегіміз – түрік, дініміз – ислам. Дінімізді сақтау, ол – мемлекетімізді сақтау». Сондықтан, бүгін біз дінімізге, ділімізге адал болуға шақыратын қасиетті мейрам – Құрбан айтқа жиналып отырмыз. Барлықтарыңыздың шалған құрбандарыңыз бен ниеттеріңізді қабыл етсін. Алдымызда жақсы күндер болсын! Тәуелсіз Қазақстанымызға Жаратқан мейірім, шапағатын төге берсін. Еліміз бен Елбасымыз аман болсын, – деп лебізін білдірді әкім.
Облыс әкімінің құттықтау сөзінен кейін, жамағат сапқа тұрып, иманға ұйып, айт намазын оқыды.
Мешіт алаңы дүбірге бөленді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Атап айтсақ, балуандар бәсекесінде III орын Марлен Жанғабыл, II орын Дәулет Ысқақов, I орын Ақжігіт Ораловтың еншісіне бұйырды. Балуандарға мақтау қағазы мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Арқан тартыс сайысында III орынды «Шымкент» командасы, II орынды «Шығыс» командасы, I орынды «Қырғызстан» командасы еншіледі. Ораза айт мейрамында да дәл осы қырғыз жігіттері жеңіске жеткен болатын.
Қой көтеру сайысы ұзаққа созылды. Жігерлі жігіттер бірінен-бірі асып жатты. Бірі 100-ге аяқ басса, 280 рет көтерген жігіт рекорд жаңартты. Бір қызығы, қой көтеруден Қазақстан бойынша рекордты 400-ге жеткізген жігіттер бар. Ол Алматы өңірінде екен. Ал, осы жолы Алмаз есімді жігіт 500-ден асып, Қазақстан бойынша рекорд жаңартты. Ұйымдастырушылар разы болып, ақшалай сый табыстап жатты. Намысты жігіт алған қойын құрбандыққа шалды.
Мешіт алдындағы киіз үйлерде дәм таратылды. Қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, орталық мешіт атынан қаламыздағы екі бірдей балалар үйіне арнайы қайырымдылық жасалды.
Ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесі Қарағандыда осылай көрініс тапты.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»