Қарағанды облысының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуын тексерді

Өңірдің қадағалаушы органы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Елбасының пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасын орындау бойынша жұмыстар атқаруда. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлады.


Тексеру барысында жалпы алаңы 1,3 млн. гектардан астам 2,6 мыңға жуық пайдаланылмайтын жерлер және 62 мыңнан астам тіркелмеген жер учаскелері анықталды. Аймақтағы 31 мыңға жуық учаскелерде құқық меншігі заңды түрде тіркелмеген жылжымайтын мүлік объектілері пайдаланылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы алаңы 840 мың гектар құрайтын 1,5 мың жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, оларды игеру жұмыстары жүргізілуде.
1,5 мың учаскелердің және 800-ден астам жылжымайтын мүлік объектілерінің құжаттары тиісті түрде рәсімделіп, құқық меншігі тіркелді.
429 тұлғаға айқындалған құқық бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар табысталды.
Сонымен қатар, облыс прокуратурасының бастамасы бойынша, игерілмей жатқан жер учаскелерін айқындап, мемлекетке қайтару үшін мониторинг жүргізетін жұмыс топтары құрылды.