АймақБас тақырып

Қарағанды облысы жазғы туристік маусымға белсенді дайындалып жатыр

Бұл тек жоспардан емес, нақты нәтижелерден де көрініп тұр. Өңірде су жағасында демалуға арналған 149 орын анықталған, оның ішінде 28 жабдықталған жағажай бар. Мұнда тұрғындар мен қонақтар жайлы уақыт өткізе алады.

Суреттер Урбанистика орталығынан

Қазіргі таңда 80 нысан санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды.  Ең көп демалыс орындары Балқашта – 45, Абай ауданында – 23, Теміртауда – 8, Қарағандыда – 4. Бұл көптеген демалыс аймақтары қауіпсіздік талаптарына сай екенін және келушілерді қабылдауға дайын екенін көрсетеді.

Маусым ашылар алдында мамандар су сапасын, аумақтардың жағдайын, жағажайлардың қауіпсіздігін және инфрақұрылымның дайындығын мұқият тексереді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда, барлық нысандар толық тексерістен өтеді. Әрине демалыстың қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін бұл маңызды.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылым да дамып келеді. Жақын уақытта Қарағанды мен Балқаш қалаларының әуежайлары мен вокзалдарында, сондай-ақ халық көп жиналатын орындарда визит-орталықтар ашылады. Онда маршруттар, көрікті жерлер, көлік, қонақ үйлер мен басқа да пайдалы ақпарат алуға болады. Яғни, бұл туристерге бағыт-бағдар беретін ыңғайлы орындарға айналады.

Демалыс орындарына жету де жеңілдей түсуде. “Қарағанды–Балқаш–Қарағанды” бағытында №220-219 қосымша пойыз іске қосылады. Оның құрамында 6 вагон болады: 2 купе және 4 плацкарт. Бұл сапарларды қолжетімді әрі ыңғайлы етеді.

Балқашта автостанцияның сайты іске қосылды. Енді Алматы, Қарағанды, Ақтоғай және Қызыларай бағыттарына билеттерді онлайн сатып алуға болады. Бұл сапарды жоспарлауды едәуір жеңілдетеді.

Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап Астана мен Балқаш арасында әуе қатынасы ашылады. Билет бағасы – 16 000 теңге. Бұл – демалыс орнына тез әрі ыңғайлы жетудің тағы бір мүмкіндігі.

Жалпы, өңір жазғы маусымға жан-жақты дайындалуда. Жағажайлар ретке келтіріліп жатыр, көлік қатынасы жақсарып, туристерге арналған жаңа қызметтер пайда болуда. Мұның бәрі Қарағанды облысындағы демалысты қауіпсіз, жайлы әрі тартымды ету үшін жасалуда.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button