Арқада ұлттық брендтеу мүмкіндіктері кеңейді. Қарағандылық бренд қалыптасып, аймақтың мерейін үстем етуде. Республиканың біраз қалаларына тарайтын географиялық көрсеткіші бар «Қарағанды балмұздағы», «Қарағанды бройлері» брендтері бүгінде ресми тіркелген. Жақын арада тізімді «Теміртау ірімшігі» толықтыруы мүмкін.
– Өңірлік брендті тіркеу жергілікті тауар өндірушілердің имиджін арттырады. Тауарларды нарықта ілгерілетуге көмектеседі.
Аймақты нақтылау тауар өндірісіндегі көпжылдық дәстүр. Ол сондай-ақ, тәжірибелер мен дағдылар туралы айтуы мүмкін. Ұлттық брендингті дамыту үшін өнеркәсіптік меншік нысандардың тізбесі «Географиялық көрсеткіш» тармағымен толықтырылды. Бұл құқықтық қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді, – деді аймақтағы зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Әсел Әубәкірова.
Мамандар сөзіне сүйенсек, географиялық көрсеткішті тіркеу үшін өндірістің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылса жеткілікті. Осы орайда облыста «AIZA» ЖШС және «Ақнар» құс фабрикасы брендтерін бірінші болып тіркеген. Әрине, бренд авторлары да өзінің кәсібіне жан-дүниесімен берілген әрі бизнесте өзін сынап көргісі келген көптің біріне ұқсамағаны жақсы. Ең әуелі пайданы емес, ойға алған идеясының жүзеге асуына білек сыбана кіріскендер өз ісінің жемісін ерте көреді екен.
Айта кеткен жөн, өніміңізді облыстағы ұлттық бренд қатарынан көргіңіз келсе, өтінімді qazpatent.kz сайтында электронды беруге болады. Бұл орайда, барлық сұрақтарға Қарағанды облысының Әділет департаменті жауап береді.
qazpatent.kz – тың идеялар арқылы ұлт байлығын, мәдени мұрасын ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа дәріптеп, нарықта ұлттық трендке айналдырғандарды күтеді.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»