Бас тақырып

Қарғын келсе, қапы қалмаңыз!

Апта басынан бері, ырғын қардан жер аяғы кеңісімен ұялы телефонымызға қауіпсіздік қызметі тарапынан «Абайлаңыз, мұздың қабаты жұқа», «Атаулы бағыттағы жолды су шайып кетті» деген рәуіштегі сақтандыру хабарламалары жиілей түсті…

Сурет Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Ақпараттандыру амалдары тұрғысында құзыретті мекемелер тарапынан кешеуілдеу жоқ. Дегенмен, мұндай сақтық шараларына қатысты үндеу атаулысын құлақ сыртынан өткеріп жатқан жандар қарасы баршылық. Көбеймесе, азайып кетпеді. Қауіп пен қатер дәп мұрнының ұшына келгенде ғана есін жиятын немқұрайлылық әттеген-ай дегізіп жататыны жасырын емес.

Су тасқынының жағдайын сағатпа-сағат бақылауға алған жергілікті атқарушы органдар да әлеуметтік тармақтарға жағдайдың тұрақты екендігін мәлімдеуде.

– Тәулік бойы аса қауіпті су тасқыны учаскелерінде кезекшілік ұйымдастырылды. Федоров су қоймасы ауданындағы саяжай иелерінен су көлемінің артуы турасындағы ескертпелері қаперге алынып, қажетті қауіпсіздік амалдары жүргізілуде. Мұнымен бірге, төменгі рельеф бойынша орналасқан жеке сектор үйлеріне қажетті көмек көрсетіліп, ағынды су жайлаған кейбір аула аумақтарында құрғату жұмысы жүргізіледі. Мәселе тұрақты бақылауда, – деп сендірді Қарағанды қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәдуақасова.

Қарамағыңызда қарғын қауіп төндірерін байқасаңыз, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының диспетчерлік қызметіне дереу хабарласыңыз: 8/7212/ 41-41-46, 37-06-42, 35-58-02.

Иә. Маңайыңызды су басқан жағдайда бірінші кезектегі міндет – өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін мейілінше қамтамасыз ету. Егер мүмкін болса, су тасқыны аймағынан шығып кетіп, құтқару қызметтерінен көмек сұрау қажет. Үйіңіздің жертөлесін су басқан жағдайда да жедел әрекет ету үшін тиісті қызметтер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына хабар таратқан жөн. Бәрінен бұрын қауіпсіздік шараларына немкетті қарамаудың өмірлік мәні бар. Құтқару және билік органдарының тиісті нұсқауларын орындау және эвакуацияға немесе қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылатын басқа шараларға дайын болу аса маңызды. Егер мүмкіндігіңіз болса, көршілеріңізге және айналаңыздағы адамдарға, әсіресе жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандарға көмектесіңіз. Қалай болғанда да, орын алған жағдайға және құзыретті қызметтердің ұсыныстарына сәйкес, әрекет етіп барынша сабыр­лы әрі әр әрекетіңізде жинақы болу – шарт.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button