Ресми

Қар құрсауында қалмайды

Жыл басталғалы қар төпелеп жауып, соңы боранға ұласты. Қарағанды көшелерін қар басты. Бұл, әлбетте, көлік қозғалысына кедергі туғызуда. Қарағандылықтардың тарапынан шағымдар түсуде. Шаһар әкімі Мейрам Қожухов әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындардан шыдамдылық танытуды өтінді. Қаланы қардан тазартуға уәде берді.

– Күндіз-түні қар тазалау жұмыстары тоқтаусыз. Жолдарды, оның ішінде, аялдамалардың қары күреліп жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да назардан тыс қалмайды. Бәрін уақытында атқаруға тырысамыз. Қазір қаланың ішінде көлік қозғалысына кедергі жоқ. Бірақ, қардың соңы боранға ұлас­­ты. Қарды бір орынға үйіп, шығару жұмыстарына кі­рі­­сіп кеттік. Мердігерлердің бәрі жұ­­­мыл­дырылған. Аз-кем шыдам­дылық танытуларыңызды сұраймын. Бұл мәселе қатаң ба­қылауда, – деді Мейрам Қожухов.

Сонымен қатар, қала әкімі та­залауды қажет ететін көшелер болса, хабар беруді өтінді. Қар үйілген жерді бейнекамераға түсіріп, 8 702 557 8257 телефон нөмірінің Watsap мессенджеріне жіберуге болады. Қала басшысы көлік тұрақтары да тазартылатынын атап өтті. Бірақ, тұраққа қойылған көліктердің кесірінен бұл жұмысты атқару мүмкін емес деді.

Өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында қала әкімі «Тұрақтарды арнайы техникамен тазарта алмаймыз. Өйткені, көліктер бөгет. Көліктерге зақым келмесін деп, күрекпен тазалауға мәжбүрміз. Бірақ, кү­рекпен тазалау – уақытты және күшті шығындайды» деп жазыпты.

Ал, көпқабатты үйлердің және меншік аумақтарын әркім өзі тазалауы тиіс.

Қазыбек би атындағы ауданның тіршілік әрекетін қамтамасыз ету бөлімі мамандарының айтуынша, қала көшелерін тазартуға 120 техника мен 80 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Оның ішінде, арнайы техникалар, автогрейдерлер, тракторлар бар.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button