Руханият

Арқа мәдениетінің айшығы

Қарағанды руханияты биыл олжалы. Жалындаған жыр кештері, ән додалары, қысқасы, әдеби-мәдени шаралар дүркін-дүркін ұйымдастырылды. Оның біреуін де «Орталық» қалт жібермейді. Қоян жылын қорытындылар күн бүгін.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Түркияда Тәттімбет ескерткіші

Түркия төрінде күй Тәңірі Тәттімбет Қазанғапұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Руханияттың үлкен жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейіновтің мұрындық болуымен. Бұл атқарылған игі іс Арқа елінің ғана абыройы емес, әрине. Түркі жұртының елімізге, өнерімізге деген биік парасаты, құрметі.

Сарыарқаның сәні болған жәрмеңке

Қарқаралы еліне құт болған Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдық мерейтойы да дүркіреп өтті. Бұл жолғы той ас ішіп, аяқ босатумен өткен жоқ. Елдің түпкір-түпкірінен жиналған ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар келелі конференцияда бас қосты. Онымен қоса, аудан орталығында ауыл-ауыл болып, көрме ұйымдастырылды. Дәстүрлі әннің дүбірі естіліп, қара өлеңнің рухы аспандады. Қасиетті Қарқаралының ардақты еліне «Базарың құтты болсын!» айта келген меймандар дүркіреген дүбірдің куәсі болды.

Таң-тамаша қылған Талды фестивалі

Шет ауданындағы тарихы терең Талдыда «Талды – өркениеттер тоғысында» атты халықаралық археологиялықэтнографиялық фестивалі алғаш рет өтті. Бастапқыда осы төңіректе қазба жұмыстары жүргізіліп, түрлі жәдігер табыла бастағанда, бір топ тарихшы осында тарихи-археологиялық парк құруды ойластырған еді. Сол аспан астындағы мұражайда өткен басқосуға алыс-жақыннан меймандар келді. Шетелден келген ғалымдардың қатысуымен өткен конференцияда зерттеу жұмыстары һәм алдағы жоба-жоспар талқыланды. Мұнымен қоса, фестиваль қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу және ұмыт бола бастаған қазақ тағамдарын әзірлеумен ерекшеленді.

Ән алыбы Арқада

Ән өнерінің Толағайына айналған Ілия Жақанов Арқаға келді. Шалқыма концерт залында «Толағай» атты шығармашылық кешінде алып өнер иесінің әндері шарықтады. Көрерменнің ортасында отырып, ән академигінің көңілі қалықтады. Кешінің соңында сөз алып, «Арқа жұртын үнемі сағынып тұрамын» деді.

Қарағандыдағы қара өлең

Кеншілер шаһарында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қарағанды көктемі» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті. Әрісі Әзірбайжан мен Түркиядан, елдің түпкір-түпкірінен азуын айға білеген ақындар жиналып, Арқа жерінде ауқымды басқосу өткен еді. Бұл жиын не берді десеңіз, ақын Роза Аспанқызы мен Абзал Мақаштың кітабы шығады. Келер жылғы фестивальде тұсауы кесіледі.

Фестивальден бөлек, небір поэзия кештерінің ұйымдастырылғаны және бар. Биылғы өзгешелігі, Қарағанды ақындары кітапхана секілді басқа да мәдениет ошақтарының сахнасынан сыртқа шықты. Әсіресе, жаз бойы қаланың Орталық саябағында өлең оқылды, ән шырқалып, күй күмбірлерді

Ақындар абыройы

Биылғы «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін ақтоғайлық ақын, шайыр Мақсат Ақанов қанжығалап, ел мерейін үстем етті. Өз кезегінде облыс әкімі ақынға Қарағандыдан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Туған жері Ақтоғай өңірі де ақын ұлын ардақтап, астына ат мінгізді.

Ал биылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы «Үздік поэзия» аталымы бойынша иеленді. Ол белді байқауға өзінің «Көзімнен сүй, көбелек» атты өлеңдер топтамасын үкілеп қосқан-тын. Бұл сыйлық – Арқа ақындарының абыройын тасытты.

P.S: Міне, Қарағандының биылғы рух сілкінісі осындай. Мәдени-әдеби жаңалығымыз елдің аузында. Келер жылы да осы тұғырдан түспесе деген тілекпен түйіндемекпіз сөзімізді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button