Антқа адалдықтың үлгісі
Күні кеше Қарағандыда қатты жауған жаңбырмен бірге бұршақ төкті. Қаланың кейбір көшелері көлге айналды. Жұрттың дені аяғымен су кешті, көліктер белортаға дейін жаңбыр суына батты. Осы бір сәтте сағаттап су ортасында тұрып, жол қозғалысын реттеген жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне ел риза болды.
Кешкілік Гоголь мен Әбдіров көшесінің қиылысындағы бағдаршам техникалық ақауға байланысты өшіп қалған. Кептеліс болдырмау үшін жол-патрульдік полиция қызметкерлері жедел жетіп, көліктерге бағытбағдар берген. Ел ықыласына бөленген екеу – Қарағанды полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, аға лейтенант Бағдат Бекмағамбетов пен полиция инспекторы Ернат Жарқынбеков екен. Жарты сағат сайын ауысып отырған.
Сол бір сәтті видеоға түсіріп алған желі қолданушысы әлеуметтік желілерге жүктеген.
«Біз қызметке кірісерде ант береміз. Адал қызмет етуге. Жаңбыр суы қанша жерден салқын болса да, шыдадық. Бастысы, міндетімізді атқардық. Бар болғаны сол», – дейді Бағдат Маратұлы.
Мінсіз қызметті міндет еткен екеуі әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленуде. Осы кезде Ұлт көсемі Әлекеңнің «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі ойға оралады. Ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен ер бабалардың ұрпағы – осы жігіттер.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz