Руханият

Анаға ескерткіш қою керек

Қарағанды аймағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің ұзын-ырғасы 1600-ге жуықтайды екен. Бұл – үкіметтің қаулысымен бекітілген тізімдегілерінің саны. Онда тарихи, археологиялық мекендерден бастап, әр өңірдегі мәдени ескерткіштер де бар. Бірақ, осы ескерткіштердің ортасында анаға арналғаны жоқ. Қарағандының қара басы ескерткіштен кенде емес. Ұлттың ұлы тұлғаларына қойылғандарын айтпағанда, жекеменшік иелері ит, құс, мысыққа, қияр, қызанаққа дейін сәулет мүсіндерін орнатып тастапты. Бірақ, аналарға таппадық. Қазақ үшін ана – қастерлі ұғым. «жұмақ ананың табанының астында» дейтін де қазақ. Былтырғы жылы ақтөбе қазақстанда баламасы жоқ аналар сарайын тұрғызды. Қарағандыдағы бір саябақта аналарға ескерткіш орнатылса, ол да бір мәдени нысан болмас па еді?

«Бала күтіміндегі анаға ескерткіш» Испания, Торрелавега

Аналар дегенде, бүгінгі күнмен шектелу – тар ұғым, әбестік. Сонау Хауа анамыздан өмірдің бастау алатынын естен шығармаған жөн. Одан беріде ел мен жер үшін аянбаған аналарымыз тарихта бар. Бір қауым елді бірлікке ұйыстырып, ынтымақ арқылы ырысын тасытқан көшбасшы аналарымыз туралы баршамыз білеміз. Әрісі Кирдің басын алған Тұмар ханша, әулиелігімен елін ұйыстырған Домалақ ана, Әбілхайыр ханның кеңесіне қатысып, хан қайтқанда елді ұйымға бастаған Бопай ханым, Уәли ханның жұбайы Айғаным ханым, Кенесары ханның қарындасы, көзсіз батырлығымен даңқы шыққан Бопай ханым. «Қазақ ханымдарымен сол тұстағы қазақтың белді тұлғалары ғана емес, сонымен бірге Ресей, Хиуа, Бұхара және өзге де елдердің мемлекеттік қайраткерлері таныс болды» дейді тарихшылар. Берісі Абайдың әжесі – Зере, анасы – Ұлжан, Есенейдің Ұлпаны… айта берсек, аз емес. Сондықтан, мұндай ескерткіштің тәрбиелік мәні де, маңызы да зор болары хақ.

Жалпы, әлем елдерінде Анаға қойылған ескерткіштер жетерлік. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында бар. Еліміздің кейбір аймақтарында да бой көтеріп үлгерген.

 Бұдан бірер жыл бұрын кәсіпкерлер бас болып, Суретшілер одағы қоштап, тоқсаныншы жылдары алыпсатарлықпен айналысқан Аналарға ескерткіш орнату жөнінде мәселе көтерген. Ескерткіштің эскизі де жасалып қойған-ды. Әйткенмен, сол ескерткіш эскизден әрі аспай қалды. Қош.

 Сол іске аспай қалған жобадан тағы бір тың ой өрбіп отыр. Бүгінде қыз-келіншектердің, Аналардың мерекесі қарсаңында – Қарағандының қақ ортасында Аналарға арналған ескерткіш бой көтерсе деген тілек-ұсыныс бар. Оның маңы саябақпен көмкерілсе, тіпті, тамаша. «Ана мен бала» саябағы – атауының өзі бір қаралық емес пе? Бұл – тәрбиелік һәм тәлімдік мәні зор іс болар еді, әрине.

Өйткені, Ана – Өмір. Өмір сөзінің синонимі – Ана. Бұған келіспеуіңізге болады. Бірақ, біздегі түйсік пен жүрек осыған қол қойып отыр.

Ескерткіш деген не өзі? Кең мағынасында – елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы, мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері.

Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызады.

Тар мағынасында — ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Яғни, ескерткіш орнату – есте сақтау үшін, ұрпаққа ескертіп тұру үшін атқарылатын ұлағатты іс. Демек, Анаға шексіз құрметті санада ұдайы жаңғыртатын Аналар ескерткішінің де маңызы зор болмақ. Ұрпақ тәрбиесінде. Аналар ескерткішін сұрағандағы басты ұстанымымыз – осы-тын…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button