Аман ЖАНҒОЖИН. Құбылыс
Маңайына үнемі шуақ шашып жүретін жандар болады деуші еді. Ол шуақ көзге көрінбейді, ешқандай сезімтал аспап та тап басып таба алмайды. Оны тек жүрек қылымен ғана сезіне аласың. Сондай алтын шуақ шашатын, мейірімшапағаты мол адамның бірі – бүгінде мына жалған фәниден бақиға аттанған әріптесіміз, жан досымыз Мағауия Сланбекұлы Сембаев. Ол облыстық «Орталық Қазақстан» газетін сонау Бас редактордың міндетін атқарған жылдарды қосқанда, ширек ғасыр басқарды. «Алтын ширек ғасыр» деген едім Мағауияны «Орталық Қазақстан» ұжымы өздері болып зейнет демалысына шығарып салған шағын салтанатта. Бүгінде Мағауияның ширек ғасырда атқарған ісін тұтас бір ғасырға теңеуге болады. Өйткені, аумалы-төкпелі, алмағайып заманда өмір кешті, «соқтықпалы, соқпақсыз» (Абай) жолдан өтті.
Алдымен, 90-жылдарғы дағдарыстың салдарынан абдырап қалған «Орталықтың» ұжымын ұйыстыра білді. Газетті кешегі партияның қасаң стилінен арылтып, халыққа жақын, оның мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын нағыз халықтық басылымға айналдырды. Жігіттердің беделін көтеріп, түрлі шығармашылық байқаулардан жүлдемен оралуын қамтамасыз етті. Ол әрбір қызметкерінің жеткен жетістігі – бүкіл ұжымның табысы деп білді. Жастары келіп, зейнетке шыққан мүйізі қарағайдай мамандарды жас буынмен алмастырып, газетті «балалық ауруға» шалдықтырмады. Екі буын арасында алтын көпір бола білді. Осының бәріне айғай-шусыз, дабырлатпай, көзге көрінбейтін күнделікті күйбең жұмыс арқасында қол жеткізді. Кеңпейілділігімен, жайдарылығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленді. Ешкімді алалап көрген емес.
Мағауия бауырымыздың жеке шығармашылығы әлі талай зерттеушілерге азық болары сөзсіз. «Қолыма қалам алдым айтамын деп» (2005), «Алаштың алдаспаны» (2011), «Құбылыс» (2015) атты мақалалар жинағы бүгінгі жас журналистерге үлкен сабақ боларлық хрестоматиялық томдар дер едім. Ал, өзі «ой-тамызық» деп атаған шағын мақалалар топтамасы ой түбінен толқып шыққан шер, пәлсапалық пайым мен өмір шындығынан тұрады. «Уақыт зауалын тамыршыдай дөп басқан қаламгер кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны сабырмен салыстырады да, кеселдің емін салмақты түйінмен емеурін етеді», деп жазады кітапшаға арнаған кіріспесінде шәкірті, белгілі публицист Ерсін Мұсабеков.
Мағауия Сембай қазақтың соқталы жазушысы Мұхтар Мағауин туралы біраз естелік, жолжазба түріндегі кесек дүниелер қалдырды. Классик жазушыны ел өміріндегі «Құбылыс» деп бағалады. Журналист Мағауия бауырымыздың шығармашылық жолын бағаласақ, оның өзі де Орталық Қазақстан журналистикасының тарихындағы ірі Құбылыс болғаны даусыз.
Аман ЖАНҒОЖИН,
үзеңгілес әріптесі,
«Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының 1997-2013 жж. орынбасары.