Алысты жақындатқан алғашқы күн
Кеше облыстағы 19 941 оқушы төртінші тоқсанды қашықтан білім алудан бастады. Таңертеңгі 9.00-ден 14.30-ға дейін «Балапан» және «Еларна» телеарналарының алдына жиналған оқушылар ата-аналарымен бірге 10 минуттық алғашқы сабақты тыңдады.
Осы жүйе қаланың 209 мектебінде, ауылдың 298 мектебінде сақталған.
«Бұған дейінгі түсіндіру жұмыстарында аталғандай, қашықтан оқыту интерактивті платформалар мен телеарналар арқылы өтеді. Алыс елді-мекендерде интернет желісі болмай жатса, олар сабақты телеарна арқылы көретін болады. Кері байланыс үшін балаларға тапсырмалар жергілікті әкімдіктердегі мамандар арқылы жеткізілетін болады» – деді облыстың білім басқармасының бас маманы Гүлдана Нұрсұлтан.
Гүлдана Ерболатқызының айтуынша, интерактивті платформалар арқылы қашықтан оқыту жергілікті пошта қызметіне жүгіну немесе ватсап желісін пайдалану арқылы іске асады. Поштаға жіберуді мектеп жүзеге асырады. Білім ошақтары тапсырмаларды поштаға жіберсе, пошта қызметкерлері балаларға мекен-жайы бойынша таратып береді. Ал, телеарналарда өтетін сабақтардың кестелері алдын-ала таратылғандықтан, видео сабақтар 10 минут уақыт аралығында түсіндіру жұмыстары түрінде жүреді. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген ата-аналардың да пікірін білген едік. Қаладағы №23 мектеп оқушысының анасы Гүлназ Төлеуқызы:
«Қашықтан оқытудағы алғашқы сабағымыз басталды. 4-сыныпта оқитын баламмен отырып өзім де тыңдадым. Тапсырманы Google Classroom сервисі арқылы орындайтын болдық. Қосымша компьютермен де, ұялы телефонмен де кіруге ыңғайлы. Маған ұнағаны оқушылар жұмыстарын мұғалімге жеке жібере алады. Мұғалімдер кері байланыста әр оқушының жұмысын өзі ғана көріп, пікір қалдырып, оның қателерін белгілейді. Сондықтан, қашықтан оқудан қорқатын ештеңе жоқ. Жаңа технологияның заманы болғандықтан бәріне бейімделгеніміз дұрыс» – дейді. Әрине, интернетке қолжетімділігі жоғары қалада білім алатын оқушыларға онлайн оқу тиімдірек болып тұр. Ал, ауыл баласының жағдайы қалай? Жалпы, облыста 125 ауыл бар екенін ескерсек, онда 2 105 оқушы тұрады. Облыстың білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, олардың 1 477-і қашықтан білім алуы тиіс болғандықтан, гаджеттермен және интернетпен қамтамасыз етілді. Интернет жиілігі төмен ауылдарда тұратын оқушылар сабағын теледидардың көмегімен жалғастыратын болды. Тапсырмалар жергілікті әкімдіктің көмегімен немесе пошта қызметі арқылы жіберілуде.
Облыстың білім басқармасының мамандары ата-аналардан балаға жаңа форматтағы оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың орнауына тынымсыз ықпал етуін сұрайды.
Аяулым СОВЕТ