Облыс аумағында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар биыл бұрынғыдан да ауқымды сипат алды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткізген аппараттық кеңесте аймақтағы автомобиль жолдарының жай-күйі, жөндеу және қайта жаңғырту жобаларының орындалу барысы жан-жақты қаралды. Кеңес барысында жауапты басқармалар мен ұйымдардың басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев облыстағы жол жөндеу жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, биыл Қарағанды облысында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының 493 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде, 190 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға, 90 шақырымы облыстық маңызы бар жолдарға және 213 шақырымы қалалар мен аудандардың жол желілеріне тиесілі.
Өңірдегі маңызды жобаның бірі – ұзындығы 19 шақырымды құрайтын «Саран-Шахтинск» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары. Қазіргі уақытта жобаның негізгі көлемі орындалған. Жол құрылысын толық аяқтау осы жылға жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, «Саран-Шахтинск» және «Осакаровка-Есіл» бағыттарындағы көпірлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
Дерекке сүйенсек, биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 84 шақырымы орташа жөнделуде. Бұл жұмыстар 13 жол учаскесін қамтиды.
Барлық нысандарда екі қабатты асфальтбетон төсемі төселеді. Мамандардың айтуынша, мұндай технология жолдардың ұзақ мерзімділігі мен беріктігін арттырып, елдімекендер арасындағы көлік қатынасының сапасын едәуір жақсартады.
Сондай-ақ, Саран қаласының индустриялық аймағын республикалық маңызы бар «Қарағанды-Астана» автожолымен байланыстыратын жолды қайта жаңғырту жобасы жалғасуда. Қазір аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қар тоқтатқыш қоршаулар орнату, жол қозғалысын бақылаудың заманауи жүйелерін енгізу және жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, автомобиль жолдарының бойын көгалдандыру және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар да жалғасып келеді.
Ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың бірнеше ауылдық елдімекендерінде ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдар арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Қарағанды облысының жол желісін дамыту және жаңғырту жұмыстары тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі жол құрылысы жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуы ерекше бақылауда болуы керектігін атап өтті.
– Биыл облыста жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша айтарлықтай жұмыстар жоспарланған. Сондықтан, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ барлық жауапты ұйымдар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет. Автожол жобаларын уақытылы іске асыру мақсатында күн сайын мониторинг жүргізіліп, құрылыс материалдарының сапасы тұрақты тексерілуі тиіс. Объектілер тек Сапа орталығының оң қорытындысы болған жағдайда ғана пайдалануға берілуі керек. Сонымен қатар, жол бойындағы тазалық мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжановқа тапсырды.
Кеңесте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Думан Қалабиев республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыстар жөнінде кеңінен айтты.
Бүгінде облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 1 930 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 163 шақырымы ақылы жолдар болса, 1 767 шақырымы мемлекеттік тапсырма аясында күтіп ұсталады.
Биыл республикалық маңызы бар жолдарда үш ірі нысанды күрделі жөндеу жоспарланған. Олар – «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» автомобиль жолындағы теміржол үсті өткелі, «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» автомобиль жолындағы Шілі өзені арқылы өтетін көпір, «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара» автомобиль жолының Шат өзені үстіндегі көпір.
Бүгінде аталған жобалар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Жобаларды толық іске асыру мерзімі 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Сонымен қатар, ұзындығы 95 шақырым болатын «Ақшатау-Ақадыр-Ортау» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Орташа жөндеу бағдарламасы аясында биыл жалпы ұзындығы 280 шақырым болатын тоғыз жол учаскесін жаңарту көзделген.
Сонымен қатар, «Астана-Қарағанды» (айналма жол арқылы) – Алматы автожолының бір бөлігінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Оның ішінде жол жабынындағы ақауларды жою, қар тоқтатқыш құрылғылар мен қорғаныш қоршауларын орнату шаралары қарастырылған.
Думан Қалабиевтің айтуынша, жоспарланған жұмыстар толық орындалған жағдайда 2026 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 93 пайызға дейін жетеді.
Бұл көрсеткіш өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік береді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



