Руханият

Алып адамның «АМАНАТЫ»

Шәукей Жұқанұлы! Есімі бір аймаққа емес, алты Алашқа аян-ды. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен, туған халқының басына түскен небір нәубеттің куәгері болған, мыңдаған ұрпақты білім нәрімен сусындатқан, ардақты да асыл ұстаз 104 жасқа келіп қайтқан-ды. Атадан білім алғандардың арасынан академик те, ғалым да, елге танымал ұстаз да, әмбеге аян дәрігер де шықты. Жүздеген емес, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Мына кітап осы Ұстаз-ата туралы. Дұрысы, атаның ұрпағына қалдырған аманаты.

Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО білім саласының үздігі, Шет ауданының Құрметті азаматы, Ұстаз-ата жөніндегі кітап қолға тигелі біршама. Атауы қандай?! «Аманат»! Осы «Аманат» туралы пікір білдірмек ниетте мойнымызға аманаттап алғалы да көп айдың жүзі бопты. Бүгін сәті түскендей.

Туған елі, туған топырағы «Шәукей мұғалім» деп кеткен Алып адамның бұл кітабын парақтап отырып, ойға қалдық. Ойға қалдырғаны – Атаның әр уақытта әр түрлі баспасөзде ел мүддесін, ұлт жоғын жоқтаған мақалалары. Одан бөлек, кітапта лебіздер, Ұстаз туралы мақалалар, қайтқанда шартараптан жеткен көңіл айтулар, қазанамалар топтасқан екен. Жеті бөлімді қамтыған кітаптың «Аманат» аталуы тегін емес боп шықты. Кітапты құрастырған және баспаға әзірлеген Қайыржан Тілеубергенов.

«Атамның асыл қасиеттерінің бірі – үлкенге де, кішіге де «Сіз» деп сөйлеуші еді. Біраз ойланыңқырап отырып: «Армансыз адам бола ма? Мені көп жасаған, бар жақсылықты көрген, шөпшек сүйіп отырған адам деп ойлайсыздар ғой. Жас кезінде адам бойындағы күш-қуаттың қадірін толық бағалай алмайды екен. Қазір жанарымның нұры тайып, тек табан жолымды ғана бұлдыратып көре аламын, осыдан он-жиырма жыл бұрынғы қажыр-қайратымды бойымнан сезіне алмаймын. Шіркін, соған қол жеткізу мүмкін болса, менің бұрынғы кеуделері алтын көмбе қарттардан естігенім бар, өзімнің бір ғасырлық ғұмырымда білгенім мен түйгенім бар, күні бүгінге дейін жадымда сақталып қалған ұмытылмас естеліктерімді кейінгі ұрпаққа мұра болар деп тағы бір кітап жазар едім», – деген болатын. Айтатын сөзін анық та нақты түйіп айтатын. Таң қалдым. Бойындағы барын кейінгі ұрпаққа беріп кеткісі келген ниетін таныдым.

Бір реті келгенде осы арманын айтып, бөліскенімде бұл туралы Гүлшара апамыз бен қара шаңырақ иесі Рахат біледі екен. Атамның айтқанын өсиет ретінде қабылдап, кітабын шығаруды мақсат етіп қойдық», – дейді кітаптың алғы сөзінде Қайыржан Тілеубергенов.

Ұстаздың арманы, аманаты орындалыпты. Мына кітапта ұрпаққа мұраға татыр қазына бар. Таусылмас байлық бар, тозбас ілім бар білгенге.

Ел мен жер, тарих пен дәстүр, салт пен сана – Ұстаз қаламына арқау екенін көреміз кітаптан. Мәселен, «Ұлымыз – құл, қызымыз – күң бола ма?» деген Ұстаздың бір ғана мақаласы бір кітапқа жүк болғандай екен. Бұл мақаласында автор сонау бір жылдары жер сатуға қатысты шуға үн қосыпты. «Жер – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айырылған ел азады. Жерсіз ел бола ма? Жерді сату – ұлыңды – құл, қызыңды – күң ету, ұлтыңды жою деген сөз.

…Жердің ұлтарақтай да пұшпағы сатылмасын» деп кесімді пікір айтыпты. Абыздың сөзі емес деп кім айтады мұны?!

Ұлттың қамын жеген дәл осындай мақалалары – бір төбе. Өзі айтқандай, «бір ғасырлық ғұмырында көрген-түйгендері» топтасыпты. Уақытқа кінә арта бермей, амалын тауып оқыса, әркімнің көкірек сарайын ашқалы тұрған кітаптығын ұғындық. Сіз де оқыңыз!

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button