Тарих

Ғалымның ғаламат ғасыры

Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмір есігін ашқанына да биыл 120 жылдың жүзі болыпты. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің абыройын аспандатып, ел көлемінде елеулі шаралар ұйымдастыру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Бұған дейін де есіл азаматтың есімі ескерусіз қалған емес. Оған – өзім куәмін. Сарыарқа төрінде салтанат құрып Сәтбаев қаласы тұр. Алайда, шырайлы шаһарға академик атын беру де, еңселі ескерткіш тұрғызу да оңайға соқпап еді. Әріден бастайық…

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕР

Биыл 11 сәуірде маған облыстық басқарманың басшысы хабарласып, Қ.Сәтбаевтың ескерткіші алдында өтетін шеруге шақырды. Келесі күні сағат 11.00-де ескерткіш алдына жиналған адамдар қарасының көптігін байқадым. Олардың арасында республика аумағына танымал қадірлі азаматтар, академиктер, ғылыми қызметкерлер, ірі кәсіпорын басшылары болды.

Бұдан соң ғұлама ғалымға арналған конференция өткізілді. Оған Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев, Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі музейінің директоры Зейпін Қазанбаева, Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының Қ.Сәтбаев атындағы өндіріс музейінің директоры Кенжал Балкенов, Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданындағы ғалымның туған-туыстары келді.

Сосын, отыз жыл өтсе де Қ.Сәтбаевтың мерейтойы қарсаңында 1989 жылы қала атауын ауыстыру, мүсінін орнату мен конференция ұйымдастыру жұмыстарын атқарысқан азаматтар есімін еске алуды жөн көрдім.

…Ғалым, геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Қазақстан геологиясының, түсті және қара металлургиясының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толу мерейтойы жақындап келе жатқан кез. Оның КСРО экономикасының өсуі мен бекуіне қосқан үлесі өлшеусіз еді.

Атқарушы билік ретінде 90 жылдық мерейтойға дайындықты үш бағытта жүргіздік. Алдымен, қалада ғалым ескерткішін тұрғызу мәселесі тұрды. Екіншіден, ғалымдардың, тау- -кен ісі кәсіпорындары басшыларының, түсті, қара металлургия министерліктері өкілдерінің, Қазақ КСР және КСРО геологтарының, ғалымның Павлодар облысындағы туыстарының, жерлестерінің қатысуымен конференция өткізу қажеттілігі орнады. Үшіншіден, Қ.Сәтбаевтың көзін көрген ардагерлермен кәсіпорындар мен ұйымдарда, мектептерде, тұрғындар арасында қала атауын ауыстыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсаты тұрды.

Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін ақылдасу және ақпараттандыру мақсатында ғалымның қыздары Мейіз және Қаниса Қанышқыздарымен жүздесуді жөн көрдім. Қанекеңнің екі қызы да көрнекті ғалымдар. Мейіз – геология-минералогия ғылымдарының, ал, Қаниса – медицина ғылымдарының докторы. Сөйтіп, біз Қазақ КСР Ғылым академиясында кездестік. Олар маған ғалымның жеке архивіндегі құжаттардың түпнұсқасын көрсетіп, академиктің өмірі турасында естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

Қалаға қызметке келгенге дейін оларды Жездідегі ата-анамның үйінде көрген едім. Ол жылдары ғалымның отбасы геолог Қаныш Сәтбаев үлкен ұжымға басшылық ететін Қарсақбай кентіне жиі келуші еді. Балалары орта мектепке баратұғын. Кейін отбасы тұрған үй мұражайға айналды. Отбасы Қарсақбайға бара жатқанда Жезді кентін басып өтіп, әкеммен жиі кездесіп тұратын. Кейде әкем де бірге барушы еді.

Ескерткіш мәселесіне қатысты қазақтың танымал мүсіншісі Наурызбаевтың шаңырағында бірнеше мәрте болдым. Оның ауласында белгілі адамдардың мүсіні мен ескерткіші көп болатұғын. Олардың арасынан Қаныш Сәтбаевтың жас күніндегі, еңбек киіміндегі, етік киген, бұйра шашы маңдайына түскен мүсінін кездестірдім. Алайда, біз ғалымның атақты һәм Кеңес Одағы, дүние жүзі аумағына танымал «есейген» шағындағы бейнесін мүсіндеуді қалаған болатынбыз.

Қала атауын ауыстыру бойынша ауқымды жұмысты – қалалық атқару комитетінің төрағасы, мамандығы бойынша мұғалім, үздік мектеп директорларының бірі Балдырған Әбдікәрімова жүргізді.

Партияның Орталық комитетіне, Жоғары Кеңес Президиумы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне жіберілген белсенділер ұсынысы бойынша қала атауын Сәтбаев деп өзгертуге және оған ескерткіш орнатуға қатысты тұрғындар қолын жинау туралы шешім қабылданды. Қол жинауды абайлап бастауға тура келді. Себебі, бейресми сауалнама нәтижесінде тұрғындардың тең жартысы үшін Никольск атауы қолайлы болғаны айқындалса, кейбірі Сәтбаевтың кім екенін де білмейтін болып шықты. Ол мәселе де назардан тыс қалған жоқ.

Мен ардақты азаматтармен кездесіп, қала атауы неге Никольский деп аталғаны туралы сұрадым. Ресейді осы атауды арқалаған екі қала бар еді. Әркім әрқилы түсіндірді. Десе де, барлығы дерлік ресми құжаты жоқ, сенімсіз пікірлер болып шықты. Тіпті, кен орны Әулие Никольскийдің туған күні ашылды дегендер де табылды. Осының бәрі қала атауын Сәтбаев деп өзгертуге деген үміт отын үрлей түсті.

Қол жинау оңайға соқпады. Жұмыс бірнеше айға ұласты. Көпшілік арасындағы пікірталас кезінде көтерілген мәселе өте күрделі болатұғын. Қала атауын ауыстыруды сылтау ете білетін кей адамдарға тұрғындар арасына іріткі салып, құрылысшылар мен кеншілерді даурықтыруға жол бермеу қажет еді.

кезде Балдырған Әбдікәрімова Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының қоймасында болып, онда 8 жыл көлемінде тұрған Қ.Сәтбаевтың мүсінін көріп қалады. Алайда, түрлі себептерге, соның ішінде, Сәтбаев тұлғасына деген қилы көзқарастарға байланысты (партияның Орталық Комитетіндегі, Қазақ ССР Министрлер Кеңесіндегі кей адамдардың қырын қарауы, ғалым еңбегіне деген түрлі азаматтардың қызғанышы салдарынан) академик турасында республика көлемінде көп айтыла бермейтін. Ол туралы атаулы қызметкерлер жақсы білуші еді. Сондықтан, іс барысын аңдап, Сәтбаевты көпшілік алдында насихаттауға қорқақтайтын. Маған дейін қызмет еткен әріптестерімнің қалада академик мүсінін орнатудан тартынғаны да сондықтан болар дедім.

Қ.Сәтбаевтың беделі, оның самайын ақ қырау шалған, еңбекте еті өлген қанаттастарының, қызметтестерінің, соғыс және тыл ардагерлерінің ерен ерлігі аса маңызға ие болды. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Ғ.Омаров, В.Штифанов, Д.Баймағамбетов, Ф.Лукинский, К.Кентаев сынды асыл азаматтар бар еді. Жәйрем тау-кен байыту комбинатының бас директоры Садық Асатов, «Даңқ» орденінің толық кавалері В.Курьятов болды. Олар қала атауын ауыстыру бойынша ақын, «20-ғасырдың Бұқар жырауы» (Халық қаһарманы Қасым Қайсенов) атанған Шынболат Ділдебаев, «Қазақмыс» корпорациясының белді басшыларының бірі Руслан Юн, Қазақстандағы үздік менеджерлердің бірі, Жезқазған кенті кеңесінің төрағасы Асқар Жүнісов, бас архитектор Дәулет Асқаров, коммуналдық қызметтер комбинатының басшысы Мәжит Бекежанов сынды қала активімен, шаһар патриоттары Яхия Асатов, Мұса Тілеуов, Жарас Тайжанов, Серік Мамахов, Гүлсім Есмұрзаев, Татьяна Хмилярчук, Махмұд Әліпбергенов, Әмірбек Шегірбаев, Шамшиден Лебаев, Нина Геймбухпен бірлесе отырып еңбек ұжымдарында, мектептерде, тұрғындар арасында ауқымды жұмыс атқарды.

Осынау атқарылған жұмыстар тұрғындардың қызығушылын оятып, Ұлы Тұлғаның мерейтойын атап өтуге ықпал етті.

Ол өз кезегінде қала атауын ауыстыру мен Қ.Сәтбаев ескерткішін орнатуға қатысты қажетті құжаттарды дер кезінде әзірлеп, жоғары тұрған инстанцияға ұжымдық үндеу жолдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ғалымның мүсінін орнатып, шеру ұйымдастырып, Мәскеу мен Алматыдағы министрлік қызметкерлері, Қ.Сәтбаевтың туыстары мен жерлестері қатысқан конференция өткіздік.

Сол шырайлы шақтарды күні бүгінге дейін ризашылықпен еске аламын. Қанаттастарыммен бірге Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығына орай тұрғызылған мүсіннің ашылу салтанатына қатысу мәртебесіне ие болдым.

Барлық құжаттар, республикалық мемлекеттік органдарға жолданған қаланың белді азаматтары қол қойған үндеу Алматыда түсіністікпен қаралып, қала атауы Сәтбаев болып өзгерді.

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН БРОНЬ

1941 жылы соғыстың алғашқы айларында неміс фашистері әскери техника мен қару-жарақтың барлық түріне қажет бронь жасау үшін пайдаланылатын марганец өндірілетін Украинадағы Никольск, Грузиядағы Чиатура қалаларын басып алды. Іле-шала Гитлер Кеңес Одағының өзге өңірлерінде марганец кен орындарының болмауына байланысты соғысты жеңіспен аяқтайтынын мәлімдеген болатын.

Алайда, Қ.Сәтбаев Жезқазған қаласынан 60 шақырым жерде марганец кен орнын табады. Ол кезде бұл елді мекен құпия сақталған еді. Бұл күні ол – Ұлытау ауданына қарасты Жезді кенті деп аталады. Кен орны туралы одақ министрлігін, Сталинді ақпараттандырып, марганец қорына қатысты жауапкершілікті өз мойнына алады.

Соғыс жүріп жатты. Кеңес Одағы Үкіметінде артық ақша бола қойсын ба? Әр тиын есепте. Егер, Қаныш Имантайұлының болжамы қателік болған болса, ғалым өмірімен де оп-оңай қош айтысар еді. Оны ғалым өзі де түсінді. Бірақ, соған қарамастан, ірі ғалым, геолог, ерен ерлік адамы ретінде КСРО басшылығын материалдық-техникалық ресурсты Орталық Қазақстанға бұрып, марганец өндіретін шахта құрылысын бастауға көндірді.

Негізі, кен өндіру кенішінің құрылысы ұзаққа созылып, бірнеше жылдарға жалғасатын еді. Ал, Жезді кентінде кеніш құрылысы басталған 43-ші күні марганецтің алғашқы тоннасы жөнелтілді. Кеніш құрылысы мен жұмысы тікелей Сталиннің бақылауында болды. Ол күн сайын «110-шы құрылыстың» басшысы Михаиловке қоңырау шалып, өндірілген кен көлемі туралы сұрап отырды. Сондай-ақ, теміржол басшысы Жуковке де хабарласып, неше вагон марганец кені жөнелтілгені турасында ақпарат алатын.

Ұлы Отан соғысында жеңіске жетудегі марганецтің маңызын түсінген кеніш ұжымы, жергілікті тұрғындар күн-түн демей аса қауіпті жағдайда табанды тер төгіп, жоспарды асыра орындап отырды.

Энциклопедияда жазылғандай, соғыс жылдарында броньның 70,9%-ы Жездіде өндірілген марганецтен жасалыпты.

Бұған қарап, Қ.Сәтбаев марганец кен орнын таба алмаған, одақ басшылығын көндірмеген, табиғатынан жігерлі, ақылды болмаған, жауапкершілік жүгін арқалай алмаған жағдайда неміс басқыншыларын жеңер ме едік, жоқ па еді деген ой келеді.

Әйгілі Сәтбаев турасында қызықты оқиғаларды әкем жиі айтушы еді. Әріптестеріне, қол астындағы қызметкерлер мен жұмысшыларға деген қамқорлығы мен мейірімі бір төбе болыпты.

Әкем 16 жасқа толғанда өз әкесінен айырылыпты. Сөйтіп, отбасын асыру үшін ол Қаныш Сәтбаев басшылық ететін Қарсақбайдағы геологиялық барлау партиясына жұмысқа орналасуға барады. Бос жұмыс орны бола қоймаса керек. Алайда, отбасының ауыр жағдайын түсінген ғалым жас маманды жұмысқа тек бір шартпен қабылдайтынын айтады. Яғни, әкем кешкілік мектептегі оқуын тоқтатпау, апта сайын академикке үлгерім табелін көрсетіп отыру жөнінде уағдаласады.

Сөйтіп, әкем соғысқа дейін жұмыскер болып, жынысөзекті бұрғылау мұнарасынан зертханаға дейін жылдам жеткізетіні үшін Қ.Сәтбаев оны «ұзынаяқ» деп атаған екен. Бір күні бұрғылау мұнарасына келген ғалым әкемнің иығындағы жынысөзек толы қоржынды көріп, басшыларына «ол сендерге ауыр жүкке жегетін жылқы емес» деп ескерту жасайды. Бұл ескертуден кейін әкемнің жүктемесі жеңілдеп, көбіне-көп жылқымен тасыпты. Кейін жүдеп кеткен әкемді Қ.Сәтбаев күш жинап алсын деп Ұлытаудағы ауруханаға жібереді.

Қ.Сәтбаевтың қол астында әкем соғыс басталған уақытқа дейін еңбек етті. Бұдан соң, әскери-химиялық училищені тәмамдап, майдан даласына – Сталинград түбіндегі қандышеңгелге аттанады.

Осы күні ақсақал жасын алқымдаған адамдар ғалымның мейірімділігі туралы жиі айтады. Мәселен, ақша таппай аласұрған студенттер мен ғылыми қызметкерлерге Қ.Сәтбаев өз жалақысынан қайтарымсыз қаражат беріп, қолұшын созып отырады екен. Айтулы академик, ірі ғалым әрі жетекші ретінде ғылымның алға басуына барын салып, табан ет, маңдай терінің арқасында тың ғылыми мектеп қалыптастыра білген де осы Қаныш Сәтбаев еді.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ. МЕДЕУ СӘРСЕКЕ. СЛАВСКИЙ

Қаныш Имантайұлы ардақты академик, Ленин орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бола тұрып, қанмен келген қарапайымдылығы да адам таңқаларлық еді. Қызмет барысында қай істің болсын маңыздылығын түсінумен қатар, өміріндегі басты ұстанымы – адамдарға деген қамқорлық пен мейірімділік-тұғын.

Туған халқының тумысы бөлек нағыз патриоты!

Оның КСРО Парламенті делегациясы құрамында Англияға барған сапары күні бүгінге дейін халық жадында. Үзілісте ғалымға Англияның бұрынғы Премьер-Министрі Уинстон Черчилль арнайы жолығады.

«Қадала қараған көзді Сәтбаев бірден сезінді.

  • Черчилль мырзаны Сіздің ұлтыңыз қызықтырады, – деп түсіндірді аудармашы.
  • Мені қазақ деп айтыңыз.
  • Казак?.. Мұндай казакты тұңғыш көруім. Сіз мені таңқалдырып тұрсыз.
  • Кешірім өтінемін, – деді Қаныш Имантайұлы сәл жымиып, – Сіз мені орыс казактарымен жаңылыстырып тұрсыз. Мен бұрынғы көшпенді халықтың ұрпағымын, Қазақстан Республикасының азаматымын…
  • Барлық қазақ Сіз секілді тұлғалы ма? – деді Черчилль шындап сұрағандай.
  • Жоқ, халқым менен де биік! – деп жауап қайырды академик».

(Медеу Сәрсекенің Қ.Сәтбаев туралы деректі роман-эссесінен).

Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайында ғалымның пенжагы тұр. Анықтап қарасаңыз, киімнің жеңі сәл тозғанын, ал, астары жамалғанын аңғаруға болады.

64 жасында ғалым ауыр дертке шалдықты. Дәрігерлер емдеуді шетелде жалғастыру туралы шешім қабылдайды. Ғалым шекарадан тыс аумақта айыға ма деп үміттенді. Алайда, ол дәрігерлерді өз палатасына шақырып «Шетелге барып қалай емделмекпін? Қарапайым адамдарға ондай мүмкіндік жоқ. Отандық дәрігерлер көптеген дерттің алдын алатынын қалай насихаттамақпын сонда? Мен шетелге шықпаймын деп шешім қабылдадым. Мәскеуде қаламын, осында емдеңдер» деген еді.

Күш-қайраты толысқан шағында Қаныш Сәтбаев та өмірден озды. Академиктің КСРО және дүние жүзі деңгейіндегі ерен еңбегіне қарамай, шырақ алып соңына түскен, қоғам алдында арын таптаған дұшпандары домалақ арыз жазып, үстінен шағым түсірмегенде әлі де жер басып жүрер ме еді дейміз.

Орташа ауыр машина жасау министрі (бұл министрлік дәуірінде мемлекет ішіндегі мемлекет сынды ең құдіретті министрлік болатұғын. Атқыштар қаруынан бастап, КСРО-ның қарулануына қажет броньдалған техника, зеңбірек, кемелер, су асты кемелері, ұшақтар, авиация және ғарыш қару-жарақтары «аса құпия» белгісімен осы министрлікте өндірілетін. Бұл зауыттарда қызмет ететіндер үшін қалалар мен елді мекендер тұрғызылатын еді) Ефим Павлович Славскийдің естелігінен:

«Өкінішке орай, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың КСРО халқы алдындағы еңбегі лайықты бағасын алған жоқ. 1945 жылы көптеген басшылар мен ғалымдар Социалистік Еңбек Ері жоғары наградасына ұсынылып жаты. Олардың арасында Қ.Сәтбаев та бар еді. Алайда, оның дұшпандары ғалымның бұл атақты алмауына барын салды. Ақыры, КСРО-ның жоғары наградаларының бірі, кезекті «Ленин» ордені ғана берілді».

Өмірімде жақсы адамдармен замандас болу бақыты бұйырды. Олардың қатарында өжет те қайсар жазушы Медеу Сәрсеке бар. Ол үкіметтің жоғары лауазымдарында тұрған тұлғалардың ғалымды насихаттамау, кітап шығармау туралы шешіміне қарамай, ақын, жазушы Қ.Сәтбаев атындағы Халықаралық қордың президенті Кәкімбек Салықовтың көмегімен Мәскеуде академик хақында кітап басып шығарды.

Медеу ағамен алғаш 1996 жылы Семейде – жазушының 60 жасқа толған мерейтойында таныстым. Медеу Сәрсекенің естелігінен:

«1981 жылы Мәскеуде Орташа ауыр машина жасау министрі, Социалистік Еңбек Ері атағының үш мәрте иегері Ефим Павлович Славскийдің қабылдауында болдым. Министр қолына кітабымды алып, сыйлығыма, кітапта аты аталғанына алғысын білдірді. Сонан соң кітап мұқабасындағы Сәтбаевтың бейнесіне тесіле қарап отырып, былай деді «Мына сөзімді есіңнен шығарма. Атақты отандасың турасында әлі де талай жазарсың, сонда қажет болып қалар. Шымбайға батырып айтсам, айыпқа бұйырмаңыз, қадірлі жазушым. Бірақ, ашығын айтайын, Сіздер, қазақтар, Қаныш Сәтбаевтың тұлғасында қаншалықты қайталанбас азаматтан айырылып қалғандарыңызды әлі де түсінбей келесіздар. Оның ұлы еңбегі Қазақстан тұрмақ, КСРО аумағында да лайықты бағасын алған жоқ. Бұл ғасырда олай бола қоюы неғайбыл. Бәлкім, 21-ші ғасырда барып бірақ түсінетін боларсыздар. Міне, сонда Сәтбаевтың ғасыры туады».

Ефим Павлович Славскийге мұнай және газ кен орнына апарар жол құрылысын ұйымдастырғаны үшін кезекті Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. «Бұл – менің атақты үш наградаларымның бірі, – деді омырауына қадалған Алтын жұлдыздардың бірін саусағымен нұсқап. «Алайда, біреуі менікі емес. Ол заң бойынша Қаныш Имантайұлына тиесілі. Мен оны Маңғышлақ түбегінде үлкен өндіріс орнын тұрғызғаным үшін алдым (ол кезде бұл – ядролық қарудың ең маңызды құрамдас бөлшегі уранның аса құпия өндірісі болатын). Ал, мені оған баруға итермелеген – академик Қ.Сәтбаев» деді Ефим Павлович.

Қаныш Имантайұлының арқасында КСРО ядролық қаруға қол жеткізді. Соның арқасында 74 жыл бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз.

ТҮЙІН

Ғалым турасында қызықты оқиғаларды білетін азаматтарды бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор арқылы мазмұнды материалдар жарыққа шығаруға шақырамын. Оның ерен еңбегі, өмірі жолы, халықтың құрметі туралы ақиқатты ақтарып айтар кез келді…

Қаныш Имантайұлы – 20-шы ғасырдың ұлы тұлғаларының бірі! Оның ғаділетті ғұмыры – өскелең ұрпақ үлгі етерлік, тәлім-тәрбие аларлық дара даңғыл!

Серік ТӨРЕГЕЛДИН,

Қарағанды облысының кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары. (Никольск қалалық атқару комитетінің 1985 жылғы қараша – 1990 жылғы қаңтар аралығындағы төрағасы).

Басқа материалдар

Back to top button