Ғалым еңбегі – тарих тағылымы

    Бүгінгі тарихи күрделі заманда, қоғам мен экономикадағы инновация, рухани бірлік пен  рухани жаңғыру кезеңінің негізі қаланғанда, біздің облыс өңірінде азаматтық ортаның қалыптасуының бір белгісі ретінде, Қарағанды қаласындағы екі үлкен мешітке ұлы адамдардың есімі берілгені өте орынды болды. Соның бірі халқымыздың бірегей тұлғасы –  Ақжан МАШАНОВ.

Айта кеткеніміз жөн, білім, ғылым, мәдениет саласының қайраткері, машанитанушы, жерлесіміз Мұхамедқали Баймұқанов ағамыз, сонымен қатар, Ақжан Машанов жөнінде өңірдегі ақпарат көздерінде елді құлақтандырған, Ақаңды білетін,  белсенді азамат Марат Түсіпов сынды азаматтар қосылып, бүгінде қатарлары толысып машанитану ортасы қалыптасып кеңеюде. Ақжан Машанов­тың көптеген шығармаларында ғылымның түрлі салалары қамтылған (философия, математика, физика, химия, астрономия,  геодезиялық іс, т.б.). Ақжан Машановтың  өмір деректеріне үңілсек, Ақаң – кезінде өңірдегі белді би Машанның ұрпағы (немересі). Ел ауызында қалған Қарқаралы дуанының игі жақсылары – Құнанбай қажы, аға сұлтан Құсбек, Жамантай төренің: «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деп, күңіренген күйде айтылған асыл сөзі замандасын еске алған кездерде жиі айтылғандықтан болар, бүгін біз Ақаңды мақтаныш етіп, жақсының  орны толып, аты озғанының куәгері болып отырмыз. Ақаңның тұла бойындағы қасиеттері – әділдік пен сабырлылық,  ұлтының ұлылығы үшін ұмтылыс, ерекше ізденімпаздығы, зерек зерделілігі, өмір мен табиғатқа өзіндік көзқарасы, әкесі Жақсыбектен, оның ағасы Нөгербектен дарыса керек. Домбыраның шебері Жақсыбек болса, ақынжанды Нөгербектің де ықпалы байқалуда. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»– деп айтқан жоқ па қазағым, міне, осының бәрі елдің көрегендігі. Сол кездегі Құнанбай мен Машан би өмірлерінің жарастығы, Шәкәрім мен Нөгербектің сыйластығы, Жақсыбек пен Әлиханның замандастығына өрнектелген – бала Ақжанның алғашқы өмірі бізге белгілі болғандай.  Сонымен қатар, Ақжанның Абай мен Шәкәрім өлеңдеріне  ынта қойып, Нөгербек аузынан оларды талай естіген деп жазады әл-Машани шығармаларының алғы сөзін жазған  шәкірті, профессор – Шамшиден Абдраман.

Ал, Ақаңның әдеби танымына келсек, оның шығармаларында қазақ әдебиеті, оның ішінде, көне мұралары да бір әлемді құрап, орын алуда.  Ұлт мәдениеті ерекшелігінің ұрығын зердесін еккен ұстазы Манан Тұрғанбаев болған.  Бұл әдебиет майталманы кезінде Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан, Ахметтермен Уфадағы Ғалия медресесінде бірге оқыған.  Манан өз шәкірттеріне олардың шығармаларының көздеген көкейкесті мәселесін жеткізе білді. Манан ауызынан бірінші рет естіген Міржақыптың:

«Мен біткен ойпаң жерде аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

Пайдалан, шаруаңа ал жараса, Алаш» – деген ақ ниетті тілеуін сіңірген Ақжанның қоғамның кетігін іздеп, қауым үшін қажетті жерге қалануын  дайындағандай болды. Әл-Машани шығармаларының әдеби  мәтіндерінің тарихи маңызы жоғары. Ақжан Машановтың «Әл-Фараби көпірі» атты кітабының бірінші томынан толғаулы дүниелерінен ой түйеріміз көп.

Шығармалар жинағының бір бөлімі  «Отырар Атрапат» деп аталады, онда аспан құшқан алып бейнелі Алатау алыстағы Арқаға өзінің мейірімді қолын созып тұрған сияқты. Сол алып қолдың жылы қойнауы мен аяулы аясы ежелгі Тұран елінің алтын бесігі деп білерсің. Осы аймақтың Отырар қонысы да, жайлаған өрісі де, тау мен тасы да, суы мен саласы да маған бір мейірімді анадай, ақылы дария данадай көрінеді де тұрады. Топансу мұхитында қалқыған Нұх пайғамбар кемесінің тоқтаған жері осы қолтық, анау қазықтай шаншылған Қазығұрт тауы деседі ежелгі аңыз. Елдің басын қосқан, құтты қоныс, осынау жатқан көк иірім Арыс өзені емес пе? Тарыққанды жұбатқан, жылағанды қуантқан сырласым Сырдың дариясы Яқсарт деген жақсы ат қой, аты жақсы дария Қамбар ата сен шығар. Кемеден шыққан шопан бар, Шопан аты сол шығар, кемеден шыққан қошқар бар, Қошқар аты сол болар. Кемеден шыққан жануар бар, Ойсыл қара нары бар, Нарын өзен сол шығар. Зеңгібаба тағы бар, сиырлардың атасы. Төрт түлігі тел өскен, осының бар ма қатесі.

Уайым  – ердің қорғаны деген бар ғой. Сабыры мен сақтығын тең ұстаған адам Әбу Мәлік қартпен бірге «шындығын тәңірім білер» демек. Қалай болған күндеде: жан баспаған жер бар ма, тарихы жоқ ел бар ма? Ойды ортаға салу керек. Жарағаны алынар, жарамағаны қалынар, – деп сыр шертеді абыз.

Ерекше бір тақырыппен белгіленген бөлім «Асад-Шері немесе Әсет-Сері  – Жалаңтөс» деп аталады, бұл тарихи – әдеби әуенді бөлімде күш атасы Жалаңтөс батыр (баһадүр) туралы баяндалады. Шығарманың осы желісін оқырманға толығырақ жазып жеткізсем бе  деп ойладым. Бастайын. Суреттеуіне назар салыңыздар, ғажап:

«Дәл осы арада бұларға бір еңгезердей адам келіп, сәлем беріп, бин Тарханмен құшақтасып амандасты. Аяғында саптама етік, оның ішінен киген киіз байпағының қонышы тізеден сынық сүйем жоғары, кестелі күрең барқыт. Басындағы пұшпақ бөркінің тысы да сол түстес. Кең жейденің сыртынан қапсыр­ма жаға – жеңсіз берен киген. Шоқпардай қара мұртын ширатып, екі құлағына қарай тікірейтіп қойған. Мұрны домалақтау келген қошқар тұмсық. Әсірелей айтқанда, адамға маңдайы жарты қарыс, ауызы саптыаяқтай, құлағы тебенгідей, қодас мойын, арыстан кеуде, екі иініне екі кісі мінгендей — бір дәу. Қас-кірпігі таяқтай, көзі өңменіңнен өтеді. Белінде қылыш, иығында садақ, оң жағында қорамсақ, қолындағы сегіз таспа бұзаутіс дырау қамшысының өзі басқалардыкінен ерекше, сом салған. Қызыл-күрең жүзінен аққан тері ашық тұрған омырауына тамады. Омырауының өзіне сояудай-сояудай жал біткен, түсі суық сұсты адам.

Отырарды көрмегеніме көп заман болды. Көрісейін деп сағынып келдім, армысыңдар, Арқаның сәлемін әкелдім, түге, бар болғырлар…  Қасиетті Отырарды көру, Арқаның сәлемін, жеткізу – неткен сағыныш сезімдері, бұл тылсым дүниені түсіну үшін баба жолымен серуендеп, ауасын жұтып, суын ішу керек болар. Дауысы күж-күж етеді. Күлгенде, денесі жер сілкінгендей қопылдайды. Келіп түскенім кеше. Сені іздеп келдім. Жүр менің қасыма. Бин Тарханды сөзге де келтірген жоқ, барлық қасындағыларын ертіп алды да, жөнелді. Бұл келген қыпшақ елінің атақты адамы Жалаңтөс батыр. Шын аты басқа, бірақ, қысы-жазы омырауы ылғи ашық жүретін болған соң, ел оны Жалаңтөс деп атап кеткен. Құланды құйрығынан ұстап соғатын, барыстың бас терісін бақадай сыпыратын  Арқаның нағыз ардагер алыбының дәл өзі.  Әмірі әл-Мүһминин халифа хазретінің  өзі де бұл кісінің бір жорықтағы тамаша ерлігі үшін арабша Асад Қыпшақ  немесе парсыша Шері қыпшақ деген құрметті атақ берген. Ту көтеріп, жауға шапқандар батырдың аруағын Жалаңтөс деп шақырады. Бірақ, оны ел арасында Асад-Шері сөздерін сәл бұзыңқырап жай уақыт, жиын-тойда ол кісіні Әсет Сері деп те айтады. Әсет Серінің астындағы кежімдеп тастаған кер тұлпар аяғын әсем басып, басын салмақпен санап басып изеп қояды. Серінің өзі аң қуған, жорықта болған қызықтарын айтып келеді. Кер тұлпар соны қостап изеген сияқты. Ойдан-қырдан  бас қосқан мерекеге әртүрлі өнерпаздар да жинала қалыпты. Әнші-күйші, биші, домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, сырнайшы, ақын-жырау, балуан, … арасында балгер-бақсы, құмалақ салатын, кітап көтеретін тәуібіне дейін бар.  Көпшіліктің тілегі бойынша бұл келгендердің бәрін де наубыз қылмай, өнерлерін көруге тура келеді. Әсет Серінің ежелгі әдеті осылай, ол кісі адамды алаламайтын дарқан  адам. Өлең айтып, қобыз тартып, жырау атала бастаған Қорқыт бір уақытта қобызына ән қосып, сарнатып жөнелді. Ол ә дегенде,  кіріспе ретінде бүкіл жер мен көкті сипаттап, оны Жаратушыны мақтап, онан кейін Һарун Рашидке бір соқты да әрі қарай Қыпшақ елінің батырларын тізбектей жөнелді. Ол басын бір шұлғып тастап, ешкімге қарамастан, өзімен­өзі болып, аласұрып, қобызбен қоса теңселіп тағы да сөйлеп кетті. Бұл жолғы өлеңі Жалаңтөске арналды. Оның арғы атасынан бергі ерлігін, мырзалығын айта келіп:

Жолдастарын сұрасаң,

Отырарда Арыстан,

Ерлердің ері данышпан,

Арыстанбап аталған.

Алатауда Манасты,

Қонысы Байсын Талас-ты.

Жиделі оның жерінде,

Қоңырат деген елінде

Алпамыс ермен сырласты.

Көрғұлы сұлтан, Рүстем,

Олармен де белдескен.

Жалаңтөске  жол беріп,

Шері Қыпшақ ер дескен.

Ер Жалаңтөс ер деңіз,

Елдің қамын жер деңіз.

Ел шетіне жау келсе,

«Мен барайын» дер едің, — деп, басын бір шұлғып тастап, өзімен-өзі болып, аласұрып, қобыздың сазына, өлеңнің назына теңселіп тоқтады. Қорқыт ата  жырында тарих  тасқыны жатыр емес пе: Арыстанбап, Манас, Рүстем – ұлы рухани, батыр тұлғалар; Отырар, Талас, Қоңырат секілді киелі мекендер.

Сонымен қатар, «Нысан Абыз», «Қыз жұмбағы» деп аталған кітап бөлімдерінде де, адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең асыл тәжі екендігін баяндап, тарихи құндылықтарымызбен терең таныстырады. Біз осыдан-ақ, бабалар мұрасы өнегесі – рухани жаңғырудың іргетасы екендігін ұққанымыз абзал.

Серік МҰСТАФИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.