Алтын орда: ақиқатқа қиянат жүрмейді

«Жақын оттың жарығы күшті» дейді ғой. Оқыған кітаптарың еске түседі кейде. Кейбірінің өмір бойы көңілден кетпеуі көрінеді. Әсілі, бәрін уақыт таразылайды емес пе?.. Осы орайда, Шыңғыс қаған жорықтарынан бастап, немересі Бату хан жалғастырып, жаһанды тітіренткен заман аласапыраны арқау етілген Василий Янның атақты үш кітаптық хикаяты ойға оралады. Біраз шежіре, жылнама деректерінен елеулісін сүзіп, ғасырдан ғасырға жаңғырықтай естілген дабысы қағазға айшықталған ерен еңбектің «Ақырғы теңізге дейін» атты соңғысының жарық көруі мехнатсыз болмапты. «Біткен іске сыншы көп» – қырғи-қабаққа көну күйініші жазушыны күйдіргендей көрінеді… Қолжазба баспаларда шұқшия оқылып, «күдікті» тұстары қым-қуыт даутартысқа, сынға түсіп, жолы қиылуға шақ қалған екен.

Сондағы бар кілтипаны – Алтын Орданың Руське өктемдігі, Владимир князі Ярослав Всеволодовичтің баласы һәм мұрагері Александрды ертіп, Бату ханға бірнеше мәрте бас иіп баруы, билігін орындауы. Ұлы ұлыстың негізгі құрамы – қыпшақ жұртына үш ұрпақ бойы жиен, яғни, жақын жекжат болып келетін әулеттен шығып, Невский атанған батырдың екі жаққа ара ағайын қызметін атқаруын суреттеуі артық саналған. Бұл ешқандай аңыз емес, сол кезде орын алған шынайы ахуал еді. Сондықтан, айналып өте алмайтын мұндай тығыз қарымқатынастың тарихшылар Гумилев, Соловьев, Каратеевтың (Гумилев Л.Н. «Древняя Русь и Великая Степь», Соловьев В.М. «Собр. соч. в 30-томах» , Каратеев М.Д. « Русь и татары») тайға таңба басқандай мағлұматтарымен дәйектес өрілуі намысқа тиерліктей болған секілді.

Басқаша мін табу қиын туындыны нұсқауға сәйкес қайтадан өзгертіп жазуға тура келеді. Ұсыныс бойынша жас князь Александр Ярославичтің бейнесі алыстан орағытылып, оның орны ойдан шығарылған кейіпкер Гаврил Олексичке ауыстырылады. Ол кітапқа «Новгород елшісі Бату ханда» деген тараумен енгізіледі. Мұнда елші қаһарлы ханмен ашық тілдесетін, өз пікірін қорғай алатын, өзіне сенімді өр кейіпте суреттеледі. Көркем шығармада бұлайша көтермелеп бейнелеу мүмкін болғанымен, өз ықтиярынан тыс қиыстыруға қиналған қаламгердің өмірінің соңындағы күнделігінде «…мне очень жаль, что согласился на «разделение» моего полноводного романа» (24.12.1950.) деп жазуынан тарихи шындықты тұмшалаған өкінішін ішке бүгіп қала алмағанын аңғару қиын емес. Бұл ретте қазақтың қайсар қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Жанталас», «Қаһар» романдары да тап осындай қысастықты бастан кешкенін білеміз (Д.Досжанов «Ілияс Есенберлин туралы жыр»). Түпнұсқаның өзгертілуі талап етіліп, күзеліп барып жарияланған кітаптардың Янның шығармасы шеккен азаптан айырмашылығы шамалы. Әйтсе де, шетін тақырыпқа қаймықпай қалам тартқан жазушылардың еңбегі мен ерлігі еш кеткен жоқ. Тынысы тылсым тұтас бір дәуірлер елесінен ұрпақтан ұрпаққа ұласқан із қалды.

Бұл мәселеге неге мән беріп отырмыз? Кезінде құбылысы бағылған, аңысы аңдалған, идеялық-саяси тұрғыда бұғатта ұсталған, соған бағындырылған кітапты жаңаша талапталғам тұрғысында бағамдайтын уақыт келді демекпіз. Ендігі өлшем – шындық болуы керектігі түсінікті. Осы ретте қыспаққа ұшыраған тарихи туындыларды түзеп алатын үрдістердің бар екендігін де ескерген жөн. Мәселен, Пушкиннің «Петр тарихы» кітабы қолжазбасының патша цензорлары үстінен сызып тастаған тұстары жүз жылға жуық мерзімнен кейін қайтадан қалпына келтірілген. «Ештен кеш жақсы» демекші, ұлттық санасы жаңғырған жас ұрпақ тарих қатпарларын тереңірек танығаны абзал. Бір жағынан «Ғажап еңбегін еріксіз өңдеуге мәжбүр болған жазушының өзегін өртеген өксігінің өтеуі қайтар ма еді?» деген ой да қылаң береді бір жағынан.

Бұған берік қисын баршылық. Л.Гумилев «Невский атанған Александр айналада жүріп жатқан жағдайды өте керемет түсінді, осылайша, татарлармен одақтасу мүмкіндігін жібермеген ол келешек үшін Русьті сақтап қалды» деп жазған (тарихшы ғалым Пашуто, «Александр Невский»).

Бату мен Александр арасындағы өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты қалтқысыз баян етіп, саралаған тұжырымдар жетіп, артылады. Сондықтан, көрнекті туындыны кешегі кереғарлық қалтарысында қалдыра беруге болмайтыны ойландыруы тиіс. Тарихын құнттаудан, қастерлеуден мәдениеттіліктің белгісі, өркениеттің үлгісі танылса керек.

Ақиқатты ашық айтудың айыбы жоқ қашанда. Сол қажеттілік Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жарқырай көрініс беруі керек. Заман талабы бізді соған үндейді.

Айқын НЕСІПБАЙ.