Руханият

Алтын діңгек

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.

Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Отбасында балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіруіміз қажет.

Егер, адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, қадірін сезініп, ата-ана алдындағы перзенттік парызын өтеуге бейімделген болса, есейе келе ол Отан алдындағы борышы мен азаматтық парызына ұласатынын санасына сіңіреді. Сондықтан, әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мейлінше мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтей алмайды.

Отбасы – қоғамдық жүйенің бір бөлігі болғандықтан, саналы, иманды, ибалы, білімді, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз. Жастарымыздың үлкенге ізетті, кішіге құрметті болуына отбасында берілген тәрбие септігін тигізеді. Асыл дінімізде ұрпақты ана құрсағынан бастап тәрбиелеуге көңіл бөлінген. Ол дегеніміз – ерлі зайыптылардың отбасылық өмірде бір-біріне деген құрметі мен береке тыныштығын сақтау. Адал ас пен адал кәсіп. Жұбайлардың өз міндеттеріне адалдық танытуы.

Отбасындағы жақсы қарым-қатынас ұрпақты жалпы адамзаттық құндылықтарды түсінуге жетелейді, жауапкершілікке, адалдыққа, турашылдыққа, әдептілікке баулиды. Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан бастала отырып, өмір бойы жалғасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылы «Ислам және отбасы» жылы деген атаумен үндеу жасап, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге шақыруда. Мақсат – бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, ар-ожданы мол, парасатты, еңбекқор, бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеуге атсалысу. Елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу.

Данышпан Абай былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан, бірінші кезекте ата-ана ұрпақ тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Ұрпақ – әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге нық сеніммен басуға болады.

Өмірзақ БЕКҚОЖА,

ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы,

облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button