Қалибек Қуанышбаевтың есімі мұражайға берілді
Қасиетті Қарқаралы топырағы түлеткен талантты актер, қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қазақтың бас ақыны Абай бейнесін театр мен кинода ең алғаш сомдаған Қалибек Қуанышбаевтың есімі Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылындағы мұражайға беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.

Бұдан 30 жыл бұрын, яғни актердің 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 18 ақпандағы №128 Қаулысымен Қарқаралыдан 30 шақырым жерде орналасқан өнер майталманының туған жері – Ақжол ауылында тарихи-өлкетану музейі ашылған болатын. Аталмыш мұражайға Халық әртісінің есімі ресми түрде енді беріліп отыр.
– 30 жыл бұрын салынған мұражайды тұрғындар әрқашан Қалибек Қуанышбаев мұражайы деп атайтын. Жақында мұражайға еңбек сіңірген өнер қайраткерінің есімі ресми түрде берілді. Жалпы, бізде жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына байланысты жүзден астам экспонат бар. Ауыл тұрғындары мұражайға оның есімінің берілгеніне өте қуанышты. Бұл шын мәнінде тарихи тұлғаға жасалған құрмет, – дейді мұражай меңгерушісі Назым Ахметова.
Мұражайда 5 зал бар, олардың бәрі әртістің өмірі мен шығармашылығына арналған. Онда оның жеке заттары, кітаптары, Абайдың қара сөздерін оқыған аудиожазбасы, күміспен күптелген қолтаяғы, домбырасы, шапаны, ыдыс-аяғы және әйгілі мүсінші Евгений Вучетич жасаған бюсті, сондай-ақ басқа да экспонаттар бар.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.