Балқаш

Қалауын тапса қар жанбай ма?

Көзімізді ашып, хат танығаннан бастап ұстаздарымыздың сабақ жоспарынан  «білімділік», «тәрбиелік», «дамытушылық» деген қағидаларды білетінбіз. Ұстаздарымыздың дәрісінен білім  де, тәрбие де алып, күннен-күнге дамып та жаттық. Содан жаман болған жоқпыз.

Ал, бүгінде жаңа технология, оқу сауаттылығы деген жаңа ұғымдар, жаңа терминдер пайда болды. Алайда, қазір біз атын дардай қылып айтып жүрген дүниелер – баяғыдан бар нәрсе. Тек бұрынғы көрегендердің өлшеп-пішіп, нұсқап кеткендеріне айдар тағып, «біз таптық» деп көрсетіп жатырмыз.

Кезінде ҰБТ шыққанда абыржып, қалай болар екен деп қалғанымыз рас. Бұны «балалар сөйлемей қалды, баланы сөйлетуіміз керек» дейді. Қалауын тапса қар жанбай ма?

ҰБТ-ның пайдасы өте жоғары: оқушы сұрақтың жауабын табады – бір, әр бөлімдерін дәлелдеу арқылы мысалдар келтіреді және. Бұл білім алушы мен білім берушінің шеберлігіне байланысты. Сонда ҰБТ керісінше мылқау қағазды сөйлетпей ме?!

Өзім – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Оқу сауаттылығымен жұмыс жасап жатырмыз. Оқу сауаттылығында мәтін беріледі. Мәтін не қазақ тілі емес, не әдебиет емес. Биология, география, дүниежүзі тарихы тіпті, шетел әңгімелері. Әрине,оқу сауаттылығының мақсаты қазақ тілі мен әдебиетіндегі барлық мағлұматтарды саралау емес. Десек те, сөзіме дәлел келтірейін.

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен Ұлттық Тестілеу орталығы бекіткен ҰБТ бойынша байқау сынағының сұрақ-кітапшасының 2017 жылғы №1710 оқу сауаттылығында мәтін берілген. Мәтінде Айдостың туфлиі жыртылып қалғандығы туралы айтылады. Мұның орнына әдеби маңызы бар дүние енгізгенде болатын еді ғой. Осындай олқылықтардан бек сақ болуымыз керек. Айтарым, халқымыздың рухани байлығын, тілін, дінін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін осы заманға жеткізген ата-бабаларымыздың, ақын-жазушыларымыздың құнды-құнды шығармаларын тәрк етпей, осы оқу сауаттылығындағы мәтінге арқау етсек, нұр үстіне нұр болар еді?!

Сонда өсіп келе жатқан ұрпағымыз өз халқының рухани байлығымен сусындап, бір жағынан кітап оқып, тілін шұбарламай, тарихын ұмытпай, оқыған-тоқығанын  бір кәдеге жаратар еді?! Әйтпесе, қазіргі оқу сауаттылығында бұлардың бірі де жоқ. Сонда «біз не оқыттық, олар не үшін оқыды?» деген сұрақ туындайды. Жаңағы туфли туралы мәтін күнделікті балабақшаға немересін апара жатқандағы ата мен баланың әңгімесі тәрізді. Мәселен, Қадыр Мырза Әлінің «Кәрі қыран» шығармасын алайық. Ақынның айтқысы келгені не? Қыран құс – біздің Елтаңбамызда бейнеленген еркіндіктің белгісі. Ендеше, Қадыр Мырза Әлінің айтпағы – еркіндікті сүю, жастық шақтағы күш-қуаттың арқасында аңсаған арманына жету. Мәуелі бәйтеректей жан-жағына жылылық нұрын себу. Ірі болу, ешкімге алақан жаймау, жалған дүниенің қызығына ермеу, жалпы өмірден адам болып өту мақсаты жатыр емес пе? Міне, осындай өміршең шығармаларымыз жетіп артылады. Осыларды мектеп қабырғасында оқушы санасына сіңіруге ықпал жасап, жаңағы айтып отырған «оқу сауаттылығына» мәтін орнына берсек, бір оқпен екі қоян атарымыз сөзсіз.

Қазіргі оқушылар, шыны керек, бәлкім, ниетімен немесе мұғалімнің талабымен оқулық  бойынша  ақын-жазушылардың шығармаларын білгенімен, осы замандағы зиялы тұлғаларды білмейтіні айдан анық. Оны біз күнделікті сабақ барысында қазіргі заманмен байланыстыру мақсатында білмейтініне, танымайтынына көзіміз жетіп жатады. Барлық кереметтер өмірден өтіп кетті, қазір ондайлар жоқ деген пікір болмауы керек.

Қазіргі ұрпақ түптеп келгенде, кейінгі ақын-жазушыларды, әртістерді, әсіресе, кино жұлдыздарын, небір сықақшы, сатириктерді біле бермейді. Неге десеңіз, оқулықтан олар өз орнын алған жоқ. Олар мектеп қабырғасында оқытылмаса, өсіп келе жатқан ұрпақ кайдан біледі?! Құдайға шүкір дейік, Тәуелсіздіктің арқасында қазақ тілінде керемет кинолар, қазақ тілін дәріптеу мақсатында қаншама қазақ тілді  бағдарламалар, ойын-сауық кештер көгілдір экраннан түспейді.

Құнанбай мен Біржан салдың образын сомдаған Досқан Жолжақсынов және ізін басып келе жатқан туған інісі Ерік Жолжақсынов, осыдан бірер жыл бұрын өмірден өтіп кеткен сыншы Әшірбек Сығай, Көпен Әмірбек, Толымбек, міне, осы сияқты ұшан-теңіз еңбектері бар, алайда, көгілдір экраннан ғана көріп жүрген нар тұлғалы өнер иелеріне әдебиетімізден орын берсекші?! Өскелең ұрпақ танып білер еді.

Тілек ТҰРСЫНБЕКОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button