Басты тақырыпЖаңалықтар

Алаш – халық алақанында

     Кеше Қазақтың Тұңғыш ғарышкері, хас батыр, Халық Қаһарманы – Тоқтар ӘУБӘКІРОВ Қарағанды облыстық мәслихаты сессиясының шешімімен «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Түрік дүниесін тұнық дүниеге алғаш танытқан Алаш ұлын Арқа тағы бір мәрте алақанына салды.

Дәуірдің алып тұлғасын даралар сәт – осы. Даңқтың ұшағынан – халықтың құшағына қонған батырға ел ықыласы ерекше. Әдеттегідей, халық Тоқтарды ұлық мерекеде тік тұрып қарсы алды! Ел еміренді, топырақ тебіренді. Кеудесіндегі жұлдызы мен биігіндегі жұлдызы қатар жарқыраған хас батырға бұдан асқан құрмет қане?! Қыран қазақ – елін жүрегінде ұстап жүрсе, елі тілеуін тілеп отырады.

Бұл марапатты облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі тапсырды.

Сондай-ақ, аталмыш марапат «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов пен техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық академиясының академигі Николай Дриждге берілді.

Елбасының Жарлығымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қазыналы Қарағандының өсіп-өркендеуіне ат салысып жүрген бірқатар азаматтар да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Жиында қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген бірқатар тұлғаларға «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәу­елсіздігіне – 25 жыл» сияқты мереке­лік медальдар табысталды. Олардың қа­тарында білім, медицина, өнер, спорт саласының өкілдері, еңбек адамдары мен мем­лекеттік қызметшілер бар.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Қана­пия­ұлы да Елбасының қолынан «Парасат» орденін иеленген болатын.

Іс-шара мерекелік концертке ұласты.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button