Жаңалықтар

Қала әкімі: «Мен талабымды өзгертпеймін»

Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов бір кездері қала тұрғындарынан көпқабатты үйлерде газ баллондарын пайдаланбауды сұраған болатын. Бүгін Жаңаөзенде тұрғын үйдегі болған жарылыстан соң қала басшысы тағы да тұрғындарға үндеу жасады.

– Наурыз айында Щорс көшесіндегі оқиғадан кейін мен көп пәтерлі тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалану қаупі туралы жазған болатынмын. Тұрғындар тарапынан көптеген наразылықтар естідім. Міне, бүгін таңертең жан түршігерлік жаңалық естіп жатырмыз. Жаңаөзенде қайғылы оқиға болып, екі қабатты тұрғын үй кешенінде газ баллоны жарылып, 4 адам қаза тапты. Маған әрі қарай да наразылықтарыңызды білдіре аласыздар, бірақ мен өз пікірімді өзгертпеймін, айтқан сөзімде қаламын және барлық тұрғындарымызды ақылға шақырамын. Балаларыңыздың, туыстарыңыздың және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіздер! Біреуді жерлегеннен гөрі электр қуаты үшін артық ақша төлеген жақсы! Кейбір тұрғындар маған барлығы электр плиталарымен қолдана бастаса, сымдар шыдай алмайды деп жазды. Олай болатын болса, ауыстырыңыздар! Біз күнделікті киетін аяқ киім мен киімімізді жаңартып отырамыз емес пе? Егер ыдыс-аяқ сынса, оның да жаңасын сатып алмаймыз ба? Ендеше неліктен өз үйлеріміздегі электр сымдарын ретке келтірмеске?!-деп жазды әкім әлеуметтік желідегі өз жазбасында.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін мобильді топ жұмыс істейді. Оның құрамына тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, аудан әкімдіктерінің, Қарағанды қаласының ТЖБ мамандары кіреді. Ендігі кезекте учаскелік полицейлерді де қатарға қоспақ. Әкімдік тексеріс жүргізеді, айыппұл салынады. Егер  2 қабаттан жоғары үйлерде тұратын қала тұрғындары газ баллондарын пайдаланатынын байқасаңыз, 101 телефонына хабарласуларыңызға немесе Н.Назарбаев даңғылы, 39 мекенжайы бойынша Қарағанды қаласының тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласуларыңызға болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button