Ауыл – ел бесігі

Қала еөркейсе – халық тұрақтайды

«Қарқаралы қала статусынан айырылуы мүмкін» деген ақпарат аракідік шығып қалады. 200 жылға жуық тарихы бар қаланың алғашқы іргетасы әскери бекініс ретінде қаланған болатын.

Бір кездері 10 мыңнан асып жығылатын халық саны неге азайды? 10 649 гектарды құрайтын қала аумағында жекеменшік нысандағы тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, тұрғындары қала тұрғыны ретінде ресми түрде есепке тұруға неге құлықсыз? Статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 8238 адамды құрап отыр. Экономикалық белсенді 4982 адамның 2268-і жастар. 685 кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенімен, жұмыс жасап тұрғаны – 202. Ал, қаланы «паналап» жүрген санда жоқ, санатта бар адамдарды қалай тіркеуге алуға болады?

Адам көп шоғырланатын елдімекендер – әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қатар, инфрақұрылымы қатар дамыған аумақтар. Қарқаралы қаласына да елдімекендерден қоныстанып жатқандардың қарасы қалың. Қалаға кіреберіс күре жолдың оң жақ қапталы жаңадан салынған баспаналар мен құрылыс нысандарына толы. Қала ішінде бос жер жоқ. Қала басындағы үш мектептегі 1712 оқушы екі ауысыммен білім алады. Балабақша мен тұрғын үй кезегінде тұрған қала тұрғындары қаншама. Байырғы тұрғындардың айтуынша, қала 1980-шы жылдармен салыстырғанда әлеуметтік әлеуеті жағынан едәуір ұлғайған. Жылдан жылға көркейіп, жаңадан түрлі нысандар бой көтеріп, қала халқының қалыпты жағдайда өмір сүруіне жан-жақты қолдау жасалуда. Жекеменшік немесе мемлекеттік бағдарламалар негізінде салынып жатқан тұрғын үйлерден бөлек, балабақша, емхана, денешынықтыру-сауықтыру орталығы, колледж, студенттер жатақханасы, дәрігерлерге арналған қызметтік баспана, сауда үйлері және әлеуметік қызмет түрлерін көрсететін нысандар бой көтерген. Әр жыл сайын салынатын балалар ойын алаңдары мен ашық аспан астындағы спорттық алаңдар, жаңартылып, жаңғырып отыратын саябақ тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен бөлінген 400-450 млн.теңге көлеміндегі қаражат пен салықтан түсетін 30 млн. теңге қаланың жарықтандыру, абаттандыру, жол жөндеу, су және кәріз жүйелерін қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат. Қомақты дегенімізбен, күнделікті тұтынатын заттардың нарықтағы бағасымен салыстырғанда аздау… Алайда, заман ағымына сай көштен қалмай дамып келе жатқан қаланың патриоты болып, істеліп жатқан іс-шараларды бағалап, жанашырлықпен қарау тұрғындардың үлесінде.

Қала басындағы түйткілді ауыз су, жылу және жарық мәселесін шешуде де жоспарға сәйкес кешенді жұмыстар жүріп жатыр. «Жарлы-Қарқаралы» су жүйесін тарту жоспарына сәйкес аудандық бюджеттен 10 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Қалған қомақты қаражат жобалау-сметалық құжаттары дұрыс болған жағдайда республикалық бюджеттен бөлінбек. Оған қарамастан қаланы таза ауыз сумен қамтамасыз етуде су құбырларын ауыстыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Кезекте тұрған жергілікті тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде 6 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Көше жолдарына ағымдағы және орта жөндеу және көпқабатты үйлердің қасбетін қаптау жұмыстары, ағаш, гүл егу, жарықтандыру жұмыстары да жалғасын табуда.

«Көш жүре түзеледі». Барды бағалай отырып, туған жерге, тұрған жерге қамқорлықпен қарау, оның дамуына сүбелі үлес қосу әрбір адамның азаматтық борышы.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button