Жаңалықтар

Айыртастағы арпалыс

Аңшылар қостан ерте аттанған. Қыстың еріншек күні көкжиектен арқан бойы көтерілгенде, бұлар да жылқышылар қосынан дабырлай ұзап, тау бөктеріне ілігіп қалып еді. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Үп еткен жел жоқ.

Моторлы шананың үні ғана ақ мамыққа оранған самарқау даланың сабырын алып тұр. Желдің болмағаны – аңшылар үшін зор олжа. Түнімен жемтік қорыған қорқаудың ізі көмескілене қоймайды. Құдай біледі, Айыртастың бауырын айғыздап-ақ тастаған шығар түз тағысы. Дәл қазір із кесу оңай. Батыр Тоқтардың дәмесі де осы еді. Моторлы шананы ғарыш кемесіндей зулатқан батырдың бойы да, ойы да – сергек. Қостағы түн. Аспалы шам жарығымен таң бозарғанша әңгіме тиегін ағытқан. Анда-санда ұлыған қасқырдың үні келген құлаққа. «Тап, бәлем! Таң атсын!» деген батырекең.

…Ағаш астауға қамырсыз салынған ақ байталдың етін жапырақтап тураған жылқышы жігіттің аузында дамыл жоқ. Арасында еттің шимандысын тоғытқан аузы әңгімені де ағытқан. Тоқаң сабырлы қалпынан ажырар емес. Жастыққа жантайған күйі әлгі мылжың жылқышыны тыңдаудан жалыққан жоқ.

– Тоқа, деймін… Сіз – қазақтың тұңғыш ғарышкері, ғажап батырысыз! Біз Сізбен мақтанамыз! Сіздің аңға әуестігіңізді естіп жүрміз ғой… Біздің қостың үстімен Айыртасқа бір өтер деп, жолыңызды тосып жүр едім. Менде арман жоқ! Алла жазса, таңертең батыр Тоқаңмен бірге аң қағамын! Бүкіл ел білсін! Менің Тоқтар Әубәкіровпен аңға шыққанымды! Жолыңда құрбаның болайын, Тоқа! Һы-һы-һы…

Екіленген екпінмен бастаған әңгімесін жарасымсыздау күлкіге ұластырған жылқышы күректей алақанын етке толтырып алды да, тағы бір мәрте тоғытты ашқарақ ауызға. Семіз байталдың майы екі езуінен сорғалап, дастарқанға тамып жатыр. Оны елең қылар сабаз жоқ. Ине-жіптен шыққалы майдан көз ашпаған майсіңді майлықпен аузы-басын ебедейсіздеу сүйкей салды да, әңгімесін жалғады:

– Тоқа, деймін… Түнеу күні ғана екі жабағымды жайратып кетіп еді. Қап, бәлем, әуселеңді көрермін дегем. Сонда Сіздің келетініңізді білгендей айтқан екенмін. Таң атсын! Қанжығаңызды майлаймыз! Жолыңда құрбан болайын, Тоқа!

Таң бозарғанша Тоқаңның жолына мың мәрте құрбан болған «мәрт» жігіттің мәнсіздеу әңгімесі мен мәдениетсіздеу қылығын жақтырмағанымен, оның елгезектігіне Тоқаңның іші жылып қалып еді.

Әлгінде, үзеңгіге аяқ ілерде:

– Бауырым, менің артыма мінгес. Әлгі екі жабағыңның жемтігіне қарай баста жолды! Ізді сол тұстан кесейік, – деген. Мылжың жылқышы қуанып кетті.

– О не дегеніңіз, Тоқа?! Жолыңда құрбан болайын, Тоқа! Батырдың тұлпарына мінгескен менде не арман бар?! Кеттік, онда!

…Ізге жылдам ілікті. Аңғарғанға – әр күнгі ізде айырма бар. Мынау – кешегі. Мынау – бүгінгі. Түннен қалған айқын із тауға беттеді. Айыртастың бөктері шаңғытып тұр. Аяздың күштілігі-ау. Аса асқар болмаса да, Айыртастың басын тұман секілді бұлыңғыр әлем жайлап алыпты. Бейне бір ақ жаулықты кейуана дерсіз…

…Әне кетті! Алтау!

– Жолыңда құрбаның болайын, Тоқа! Кеттік! Қосылыңыз бүйірден! Қазір… Кешегі екі жабағымды желкеңнен шығарайын, атаңа нәлет, жауыз!

Екіленген мылжың жылқышыда дегбір қалмады. Тоқаң да тізгін тежеп қалған жоқ. Шұғыл бұрылды да, тайыншадай арлан бастаған алтауға қарай оқша зулады. Мінгескен мылжыңы мылтықты оқтап алды. Обалы не, қимылы – ширақ.

– Жолыңда құрбан болайын, Тоқа! Алдынан ораңыз! Өрге салып кетпесін! Алдын… Жолын кесе, қайырайық!

Дегенмен, әккілігі байқалып тұр. Арқа төсіндегі қаптап жатқан Айыртас, Айыртау атаулының барлығынан қанжығасы қанданбай қайтып көрмеген Тоқаңның аң қағуы бірінші емес. Тағының бөксесін терлетіп те, терлетпей алып жүр ғой. Салды қиғаштай…

Мылжыңның оңтайына келтірді ақыры.

Гүрс! Мылтық үні. Тауға қарай қиғаш тартқысы келген біріншісі домалап түсті. Жарықтық, басын алдыңғы екі аяғының ортасына тыққан күйі бірнеше домалады. Қаншығы болса керек-ті. Дауысы ащы шықты. Оқ қалай, қай жеріне тиді? Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Келесі…

Гүрс! Екіншісі кетті. Аққала соққан баланың дөңгелеткен қарындай домалап барады. Гүрс! Үшіншісі… Апыр-ай, мына мылжың мерген шықты. Алтаудың үшеуі оққа байланған. Аппақ алаңқай қып-қызыл қанға бөкті. Тоқаң шыдай алмады:

– Әй, бауырым, бізге де бірдеңе қалдырсаңшы! Біз де атайық та… Әкел мылтықты!

Моторлы шананың гүрілінен Тоқаңның не айтқанын толық естімесе де, мерген мылжың батырдың емеурінін анық таныған. Мылтықты ұмсына берді. Тоқаң бір қолымен мылтықты, екінші қолымен «Yamahaның» тізгінін берік ұстаған күйі мылжыңның оғына ілікпеген арланды оқшаулай берді. Ол да әбден діңкелеген болуы керек, аузы арандай ашылып, тілі салақтап кетіпті. Оның үстіне, алдыңғы күні ғана екі жабағыны жәукемдеген осы болса керек, жарықтық тоқ көрінді. Аяқтары да икемге көнбей келеді. Қанағатсыздықтың қақпанына, ашқарақтықтың мәресіне жақындап келеді. Сезеді жауыз… Айнала жалт беріп, Тоқаңның оң қапталынан өте берген… Атып үлгерді баһадүр. Міне, ғажап! Оқ арланның салақтаған тіліне тиді. Сала құлаш тіл шорт кесіліп, онсыз да қаны құрғап көрмеген арлан-ауыздан бұрқ ете қалды қызыл қан. Жауыз ғой. Түз тағысы! Жалт бұрылып, Тоқаңа тіке шапты. Соңғы ышқыну! Соңғы дем! Соңғы жанталас!

– Оқ әкел!

Жауап жоқ. Мінгескен мылжың арлан бұларға жақындаған сәтте шанадан секіріп кеткен. Батылы жетпеген. Арланмен бетпе-бет келуге. Қалың қарға күмп беріпті. Енді Тоқаң жанталассын! Оқ жоқ. Бір ғана амал – арланды мылтықпен соғу. Құлаштап сілтей берген… Құлағына әлдебір тылсымнан үн жетті. Анасының үні! Құлағының түбінен сыбырлап тұр. Сағынған дауыс! Аңсап жүрген аяулы үн!

– Құлыным, тұмсығынан соқ! Тұмсығынан!

Алланың әмірімен жеткен рух үнінің айтқанын істеді Тоқаң. Соқты тұмсықтан! Арлан айналып түсті. Ұлпа қар бұрқ ете қалған. Жауыз есін жиғанша, мылтықты оқтау керек. Серігіне қол созды. Ол байғұс қарға малтығып жатыр. Жан шықты, ес кетті күй кешіп жатқанын Тоқаң сезді.

– Лақтыр! Тез!

Көк мылжың есін жиды, білем. Әйтеуір, Тоқаңа қарай екі оқ лақтырып үлгерді. Қарға түсіп, су болған оқты етегіне құрғатамын дегенше, арлан да есін жиған. Қайта ұмтылды. Тоқаңа қарай! Мылжың жылқышы қалың қарға басын тығып әлек… Бас сауғалаған түрі.

Мұндайды талай көрген Тоқаң сасқан жоқ. Дегенмен, тілі жерге түскенмен, тісі азуында ғой тағының. Жазым етуі кәдік. Мылтықты оқтап та, арланды атып та үлгерді.

…Арлан – жерде. Мылжың – қалың қарда. Екеуі де қимылсыз жатыр. Арлан сол беті қимылсыз кетті мәңгіге. Мылжың сәлден кейін есін жиған. Ал, бұлардың оғынан аман қалған екі қасқыр тауды бетке алып, өрге шығып кеткен. Тоқаң ұзағанша жерге түспейді олар. Мылжыңға жан бітіп, тілі икемге келді:

– Садағаң кетейін, Тоқа! Жолыңда құрбаның болайын, Тоқа! Сіз болмасаңыз, мен де екі жабағымның артынан кетеді екенмін ғой… Мына арланның ұлтабарына…

Тоқаң селт еткен жоқ. Мылжыңның «Құрбаның болайын!» дегені кешегідей әсерлі шықпады. Қосқа келгенше ләм-мим деп жақ ашпаған Тоқаң қанжығаларын қандаған төрт қасқырды да қосқа қалдырып, үндеместен жолға жиналды. Мылжың серігімен бас изеп қана қоштасты да, тартып отырды.

– Құрбаның болайын, Тоқа! Тоқа, деймін…

Батыр жақ ашқан жоқ. Бұрылып та қарамады. Айыртасқа сол кеткеннен қайтып соқпады. Мылжың – қырт, батыр – мәрт!

…Биылғы қыста қасқыр көп болды Айыртаста. Мылжыңның біраз тай-жабағысы сырттандардың сыбағасына айналған. Көк мылжың сол жолғыдан кейін мылтық асынған жоқ. Жол тосады. Елеңдейді. Бірақ, Тоқтар батырдың енді қайтып келмейтінін бұл да білген сол күні…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button