Мәселе

Аймақтың аграрлық әлеуеті артып келеді

«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда айтқан сыни пікірі һәм талабы. Иә, ауылға бетбұрыс басталды.

Солтүстік Қазақстан елге үлгі

Президент «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар» дей келе, осы мүмкіндікті пайдалану керектігіне тоқталды. «Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе, тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деп тапсырды.

Мемлекет басшысы айтқан Солтүстік Қазақстан облысында жеңілдетілген несие беру арқылы екі жыл ішінде жиырмадан астам тауарлы-сүт фермасы салынған болатын. Соның нәтижесінде бүгінде өңірде жылына шамамен 650 мың тонна сүт өндірілуде. Бұл – бүкіл ел бойынша өндірілетін сүттің 10 пайыздан астамы. Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 30 сүт фермасы іске қосылған. Қазір осы өңірде жүзден астам тауарлы-сүт фермасы, соның ішінде, 36 заманауи сүт кешені бар.

«Ондағы ірі қараның жалпы саны – 16,5 мың. Биылдан бастап, 17 тауарлы-сүт фермасын ашу үшін қосымша 17 млрд. теңге бөлінбек. Осындай кәсіпорындардың арқасында сүт, ет өндіру көлемі ұлғайтылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ», – деген болатын Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов баспасөзге берген сұхбатында. Үлгі боларлық өңірде 2025 жылға қарай сүт өндірісінің мөлшері 1 млн тоннаға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

 

Нұрада тауарлы-сүт фермасы ашылады

Нұра ауданына қарасты, Көбетей ауылында  жылына 10 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасы ашылады. Ең бастысы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде жүздеген жұмыс орны құрылып, «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген ауылдағы ағайын жұмыспен қамтылады.

Жаңа кешен  мың бас сауын сиырға арналып тұрғызылған. Кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті өнім өндірісін ұлғайтады.

Аталған агроөнеркәсіп кешеннің ин­вестициялық жобасы  облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қыркүйек ай­ында Нұра ауданына барған сапары барысында мәлім болды. Мұндағы мал шаруашылығын дамыту ісімен «Черниговский и К» ЖШС айналысады. Серіктестік бұ­ған дейін тек дәнді дақыл өсіру бағытын ұстаған. Жаңа ферманың құрылысы биыл басталды. Құрылысшылар іске кірісіп кетті. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткілікті.

– Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. 2024 жылдың күзінде құрылыс аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс, – деді «Чернигов­ский и К» ЖШС-нің басқарушы менеджері Арман Нұржанов.

Тауарлы-сүт фермасында арнайы ас­тық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл жерге тамшылатып суару жүйесі тартылады.

 

Түйін

«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек», – деген болатын Президент.

Иә, бұл күнде ауылға қамқорлық артып келеді. Кәсіпкерлерге берілетін грант пен жеңілдетілген несие – мемлекет қолдауы. Қарағанды облысының да әлеуеті жетерлік. Нұра ауданындағы серпіліс те басқа аудандарға үлгі боларына сенім мол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button