Ресми

Аймақтағы үздік әлеуметтік қызметкерлерлер – құрмет төрінде

Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықты әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері мен өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға және мүгедектігі бар жандарға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйым өкілдерін марапаттады. Өңір басшысы 700 мың және миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен «Еңбек ардагері» медальін табыстады.

Аймақта 55 мыңнан астам мүгедектігі бар жан тұрады. Барлығына мемлекеттік бюджет есебінен қажетті құралдары алынып, түрлі қызметтермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, 11 өңірде инватакси қызмет көрсетеді. Ал, Қарағанды, Балқаш және Абай ауданында Тen Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тоғыз мыңнан астам адамға өңірде 72 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде ақыл-ой кемістігі бар балалар шипажай мен курорттық жерлерде ем қабылдайды. Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында жеті орталық құрылып, жұмыс істеп тұр.

– Бүгін біз түрлі қиындыққа қарамастан өз өмірін ерекше жандарға қызмет етуге арнағандарды атап өту үшін жиналдық. Бұл әсіресе Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында өзекті. Біздің табыстап отырған сыйлығымыз үлкен алғыстың символына айналды. Осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлеріне белсенді азаматтық ұстанымы үшін тағы да алғыс айтамын, – деді аймақ басшысы.

Шара барысында Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бейбіт Жұманбаев пен облыстық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің қаржы мәселелері жөніндегі бас маманы Құралай Ысқақова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндетәлиевке «Рухы асқақтаған» аталымындағы сыйлық табысталды. «Лучик Надежды» қайырымдылық қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко «Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі үздік үкіметтік емес ұйым» аталымында үздік шықты.

«Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымы Ақтоғай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Қабираш Рысмағанбетоваға, «Әлеуметтік жұмыс бойынша үздік маман» аталымы Шахтинск арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Виктория Громоваға, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік қызметкері» аталымы Шахтинск қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Светлана Конюховаға табысталды.

Ал, Балқаш Мансап орталығының бөлім басшысы Жанар Қаржановаға «Еңбек ұтқырлығы орталығының және оның филиалдарының үздік қызметкері» номинациясы, Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төлеуоваға «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері» номинациясы табысталды.

«Жүрегін ерекше балаларға арнаған» аталымындағы сыйлық осыдан сегіз жыл бұрын Теміртауда менталдық ауытқушылығы бар балаларға арналған алғашқы «Детство» білім беру орталығын ашқан Диана Ширяева табысталды. «Позитивті даму» жеке мекемесі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін үздік үкіметтік емес ұйым болып танылды. Сонымен қатар, 30 жылдан астам уақыт бойы Саран қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарған Кенжебала Тұңғышбаеваға «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button