Аймақта құрама жем және премикс өндіретін зауыт салынады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Ован Ронамен кездесті. Тараптар Saran индустриялық аймағының аумағында жоғары сапалы жемдер мен премикстер өндіретін зауыт құрылысын талқылады.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/8a2bb96a5a11849307abd211fb7be740_1280x720-1024x576.jpg)
– Бiрлескен өндiрiстi iске қосудың арқасында бiздiң агроөнеркәсiп кешенiнде әлеует зор болмақ, – деп атап өтті Отто Рона. – Бұдан басқа, фармацевтика мен энергетика саласында да біз дамыта алатын қызықты жобалар бар.
Венгриялық UBM Group компаниясы мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына арналған жоғары сапалы құрама жем мен премикстер шығаратын заманауи зауыт салуды жоспарлап отыр. Шикізат ретінде жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің дәнді дақылдары пайдаланылатын болады, бұл әсіресе үш ірі астық егетін ауданның жақындығын ескерсек, маңызды жоба болмақ.
Зауытта 35 жұмыс орны құрылады. Өндірістік процесс барынша автоматтандырылады. Бірінші кезеңде кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мың тонна өнімді құрайды, оны 200 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Өнімнің бір бөлігі өңірде қалады, екіншісі экспортталады.
– Орталық Азия біз үшін стратегиялық бағыт болып табылады. Нарықты зерттеп, біз инвестиция салу үшін Қазақстанды таңдадық. Бұл елде үш зауыт салу және жергілікті аграршылармен кешенді ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді UBM Group инвестициялар жөніндегі директоры Петер Золтан.
Ермағанбет Бөлекпаев облыстың ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
– Біз халықаралық серіктестерді тартуға және жаңа өндірістер құруға мүдделіміз. Зауыт үшін жер телімі бөлініп, қажетті қуаттарға қосылатын нүктелер қамтамасыз етілді. Жобаға инвестициялық жеңілдіктер мен артықшылықтарды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазақстанда премикс шығаратын зауыттар жоқ және құс фабрикалары оларды шетелден, негізінен Ресейден сатып алады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА