Жаңалықтар

Аймақ басшысы облыстың су басу қаупі бар учаскелерін тексерді

Қарағанды облысында су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Ғарыштық мониторингтің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңір аумағының 25%-ы қар астында.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ТЖД басшысы Мұрат Қатпановпен бірге Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арнасы бойынша Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Абай аудандарының су тасу қаупі бар учаскелерін барлау жұмыстарына шықты. Елді мекендердің жанындағы гидротехникалық құрылыстар, топырақ үйінділері мен бөгеттер тексерілді.

– Белсенді су тасқыны процестері байқалмайды. Нұра өзені бойындағы Ақтоғай ауданының солтүстік аумақтары, Шет, Бұқар жырау ауданының оңтүстік-батыс бөлігі, Осакаров ауданының батыс бөлігі және Нұра ауданының солтүстік-шығыс жағының шағын бөлігі қар астында тұр.

Қардың тез еруіне наурыздың басындағы жылы күндер, жауын-шашын, қалыптыдан төмен күзгі ылғалдылық жақсы әсер етті. Қардың белсенді еріп, сүзілуі мен жерге сіңуі байқалуда. Өзендердің арнасынан асуы мен су мөлшерінің артуы тіркелген жоқ, – деді Мұрат Қатпанов.

Облыс өзендерінде мұзды ұсақтау, бұрғылау және кесу жұмыстары жүргізілді. Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында жалпы ауданы 7000 шаршы метр болатын 17 учаске қамтылды.

4845 су өткізу құбырларын, 187 км каналдар мен арықтарды, 463 көпірді тазарту аяқталды. 143 км су бұру траншеялары жасалды.

Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан су ағызу штаттық режимде өтіп жатыр.

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button