Жаңалықтар

Агрокешен қозғаушы күшке айналуы тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі таңда азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, азық-түлік жүйелері табиғи қажеттілік, қоршаған орта, экономика мен мәдениет сияқты адамзат болмысының барлық қырын қамтиды. Президент биылғы жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді ашып айтты. Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес екенін қадап айтты.

Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Осы мәселені шешу үшін тиісті министрліктер Президент тапсырмасын орындауда “алқаптан дүкен сөресіне дейін” ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға жоба жасамақшы… Бірақ, бұл жұмыстар тағы да жүйелі басталмай, орта жолдан көтермлар монополиясына тоқтау саламын десе, азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуін тоқтатамын десе, ең бірінші жұмысты өнім өндірілетін ауылдан бастау керек еді. Ол үшін бірінші кезекте ауылдарда дайындау, өткізу және қызмет көрсету кооперативтерін ашып, өңдеу, уақытша сақтау қоймаларын ашқан дұрыс. Бұл мәселе, ең бірінші, ауыл өнімдерінің 70%-на дейін беріп отырған жеке үй шаруашылықтары мен ұсақ қожалықтар үшін керек. Ауыл-Аудан-Облыс-Республика-экспорт-импорт үзіліссіз, бірыңғай жүйесі құрылмай азық түлік бағасын реттеу мүмкін емес! Осындай ретсіздіктің кесірінен бағаға бақылау болмай, биылғы жаздағыдай ие бермей кеткен бағаны министрліктер мен облыстар бір-біріне сілтеп ұят жасады. Президент бұл жұмысты ретке келтіретін кез келгенін, жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек екенін, және 1 айдың ішінде шешу керектігін кезекті рет тағы атап тапсырды. Уақыт көрсетеді…

Президент, екіншіден, ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер тудырғанын, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек екендігін атап өтті. Биылғы жаздағы қуаңшылық жекелеген облыстарда малдың қырылуына әкеліп соққанына саладағы жүйелі жұмыстың, бақылау мен қадағалаудың жоқтығы әсер еткені өтірік емес. Мал өсірудің алдыңғы шарты – ол сапалы мал азығы. Ал бізде жайылымдықтарды ауыл адамдарының аяусыз, бей-берекет пайдалануы, ауылдың маңайындағы жерлерді тоздыруға әкеліп соғып жатыр. Ауыл маңайлары есептен тыс мал ұстаудың кесірінен қу тақырға айналуда, ауыл, тіпті, кейбір аудан орталықтары фермаға айналып барады. Малда есеп жоқ, мал бағылмайды, бекітілген жерге мал сыймауда, әкімдердің мал басы есебін жүргізуге заңға сәйкес құқығы жоқ, ал ауыл басындағы байшыкештер «мал бағатын жер жоқ, шаруашылықтардың ауыл маңындағы жерін беріңдер» деп шулайды. Ал, олар ауыл маңы жерлері азып-тозып кеткеніне, ауылды мал қиы басып, экологиялық, санитарлық хал-ахуалдың нашарлауына селт етпейді, жеке басының қамын ғана күйттеп жүргендер. Жер жетеді, ал ауылдағы жүздеген мал ұстайтын жекелеген адамдар, ауыл басынан шыққылары келмейді. Сондықтан, ауыл басында мал ұстауға шектеу қойылу керек, көп мал ұстағылары келсе, ауылдан алыс, қ ыстауға барсын, мал иелерінің мал есебін жүргізудегі міндеттері мен жауапкершілігін бекіту керек. Заң тәртібі елдің бәріне бірдей. Ал, егін шаруашылығы дамыған, ауылдың іргесіне дейін жыртылып тасталған жерлер туралы бөлек әңгіме. Бұл мәселеде біржақты болмай, заңға сәйкес жұмыс жасайтын уақыт келді. Бұл мақсатта ауыл маңайындағы жерлердің тозып, толық деградацияға ұшырауына жол бермеу үшін «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» жаңа Заң қабылдау – толғағы жеткен мәселе. Сондықтан, 2004 жылдан бері қабылданбай, жыр болып келе жатқан “Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы” Заң қабылдау керек екені Президентке де жетті, шұғыл шешу керектігін тапсырды. Қабылданатын заңда мал иесінің міндеттері, жауапкершілігі нақты бекітіледі деп сенеміз, ұсыныстарымызды бердік. Ауыл шаруашылығындағы үлкен де аса маңызды мәселе ветеринария саласын да жетілдіру қажет деп Президент нақты тапсырма берді. Жалпы, ветеринария саласындағы кейінгі жылдардағы реформалар саланың берекн кетіргені рас. Негізі, ветеринария саласын республика бойынша бір жүйелі Президентке бағынышты дербес агенттік құру арқылы министрлік пен әкімдіктер қарамағынан алу керек. Өкілеттіктерін күшейту керек, ветеринарлық полицияны қайта қалпына келтірген дұрыс. «Дәрігер адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген академик Павловтың сөзі өзектілігін еш уақытта жоғалтпайды. Президент Жолдауында мамандардың көкейінде жүрген, аграрлық саясаттағы сабақтастықтың жоқтығы да атап айтылды. Ауыл шаруашылығы саласының өркендеп кете алмай тұруының басты бір себебі де осы. 30 жылдың ішінде қазіргісі 18-ші министр екен, және осы жылдары 15 түрлі мемлекеттік бағдарлама қабылдаған екен, сол бағдарламалардың бірде біреуі нәтиже бермеді. Себебі, министрлердің «ғұмыры» 1-2 жылдан аспайды да, келген министр алдыңғысын жоққа шығарады. Осындай келеңсіздікті жою мақсатында Президент, министр ауысса да өзгермейтін ауыл шаруашылығын дамытудың 5 жылға арналған Ұлттық бағдарламасын қабылдауға тапсырма берген. Ұлттық бағдарлама жасауды министрлік бастады деп естиміз, бірақ сол бағдарлама азын-аулақ топтың қатысуымен, астанадағы жылы кабинетте жазылып, шала құжат туылмай, жергілікті сала мамандары қатысып, өз ұсыныстарымызды берсек деген ойымыз да бар екенін жасырмаймыз. Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – ол ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау, яғни субсидия мәселесі…

Жасыратыны жоқ, субсидия төлеу мәселесі әділетсіз сыбайластықтың ортасына айналып кеткені өтірік емес. Ол туралы Президент те атап өтті, тексеруші органдар тексеріп жатыр. Бүгінгі күнде 40-50 түрлі субсидиямен шаруалар да шатысып бітті, субсидия алуда әлеуметтік әділетсіздік басым, министрліктің жасаған ережелеріне сәйкес 80%-дан астам ұсақ шаруалардың субсидияға қолдары жетімсіз және субсидия төлеу керек кезде өз пайдаларына оңтайлау мәселесінде әртүрлі одақтардың да ықпалы үлкен. Миллиардтаған субси- диялар азын-аулақ топтың қолында. Сондықтан, өз ойым бұл мәселеде 2 нұсқаны қарастыру керек деп ойлаймын:

1) қазіргі кездегі 40-50 субсидияның барлық түрлерінің дерлік күшін жою және мемлекеттік қолдаудың бір түрін енгізу, яғни, негізгі субсидияны бекітілген ауыл шаруашылығына арналған жерге төлеу, олай болса әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге болады (бекітілген жерлері бар шаруалардың бәрі алады) және әркімге жұмысына сәйкес өтемі принципі сақталады (біреуде көп жер бар, біреуде аз, яғни, әркімге тиісінше атқарған жұмысына сәйкес). Бұл ретте, менің ойымша, өндірістік инфрақұрылымды салуға, ауыл шаруашылық техникалары мен жабдықтар сатып алуға, асыл тұқымды мал сатып алуға арналған инвестициялық субсидияларды сақтау қажет.

2) немесе, субсидиялаудың барлық түрлерінен толық бас тартып, «Бәйтерек» және оның даму институттары, өңірлердің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы мемлекет Кепілдік берген арзан (1%-дан аспайтын), ұзақ (10-20 жыл) несиелерге көшу керек. Келешекте субсидия төлеуде адам факторы қатысуынсыз, тікелей цифрлы технологияға көшкен дұрыс, бұл саладағы сыбайластықты жоюдың нақты жолы. Әрине, алынған субсидиялардың жыл соңында толық есебі берілуі Заңға енгізілу керек.

Ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жетті. 30 жыл бойы қанша жаңаладық деседе, бәрібір сол техниканың 80%-ы тозып тұр. Бұл жерде тағыда зардап шегушілер, шамасы жоқ ұсақ шаруалар. Сондықтан, отандық ауыл шаруашылық машина жасау саласын қолға алып, ұсақ шаруаларға арналған шағын, арзан тракторлар мен ауыл шаруашылық техникаларын, құрал-жабдықтар жасау күн-талабы. Шетелдік, құны жүздеген миллион тұратын техникаларды екінің бірі ала алмайды. Байқап отырғандарыңыздай, ауыл шаруашылығы саласының қай тармағын алсаңыздар да проблема шаш-етектен. Осының бәрі АШМ-і 200 млн. гектар жерде шашырап жатқан ауыл шаруашылығы саласын бір орталықтан басқарып, “құшағы жетпейтінді құшақтап” әуре болуында деп есептеймін.

Түптеп келгенде, байтақ даланың пұшпағында жатқан ауылды астанадан басқару санаға сыймайтын әрекет. Бұған отыз жылда елдің көзі жетті. Жасыратыны жоқ, Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржы аямады. Триллиондаған теңге ақша ауылға және ауыл шаруашылығына бағыттады. Алайда, одан өркені өскен ауылды көрмей отырмыз. Көрінісі солған ауыл, кетеуі кеткен техника, жүдеп-жадау кейіптегі қора-қопсы. Өгіз аяңмен келе жатқан шаруашылықтар. Айналып келгенде, мемлекет қаражатының желге ұшқанын осы мысалдар дәлелдеп отыр. Бұдан шығатын қорытынды, осындай қайыры болмаған бірыңғай орталықтандырылған қаржыландыруды доғаратын уақыт келді. Енді не істеу керек? Әлбетте, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды трансферт арқылы әр облыстың еркіне беру қажет. Бұл дегеніңіз, біріншіден, облысаралық бәскелестікті орнықтырады, екіншіден, ауылды өркендетудің дербес әрі нарыққа сай тың жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік ашады.

Қаржыландыруға келсек, аймақтардағы бүгінде әрекетсіз жүрген әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының (CПК) қаржылық әлеуеті арқылы ауыл тұрғындарын арзан әрі ұзақ мерзімге кепілдендіретін несиемен қамтамасыз етуге болады, ауылға инвестициялар тартуға да жұмыс жасалынады. Ауылды көтерудің сатылы бағыты біртіндеп, республикадан облыс-ауданға ойысса ауылдан өндірілетін өнім көлемі де көбейіп, сапасы да жақсарып, бағаны бақылауда жөнге келер еді. Ал, бұл іске асса, әр облыстың жеке бағдарлама қабылдауына мүмкіндігі де артады. Олай болса жергілікті биліктің міндеті де, құқығы да ең бастысы жауапкершілігі де күшейеді. Ал, министрлік бақылаушы һәм жоғары қадағалаушы стратегиялық орган ретінде қала бермек…

«Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін» деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы. Президент Жолдауын бәріміз де қолдап, іске асуына атсалысуға міндеттіміз деп есептеймін.

Ниқанбай ОМАРХАНОВ,

«Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы саласының үздігі және ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button