Аграрлық секторда – тың серпіліс
Бұған дейін ауданымыздың 18 елді мекенінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру тақырыбында халықпен кездесулер өткізілді.
Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Айғаным Ақпанова мәлімдеп отыр.
– Жеке тұлғалар кооперативтерге біріге отырып, өз жерінің иесі болып, өзінің заңды мәртебесі мен мүлкін сақтап қалады. Өз өндірісін дамытуға және пайда табу үшін үлкен мүмкіндіктерге ие болады, – деді А.Ақпанова. Қазіргі таңда Ростовка ауылындағы «Қызылжар» және Гагарин ауылындағы «Бақшалы» өндірістік кооперативтері өз жұмыстарын бастап кеткен. Бұдан бөлек, Ғ.Мұстафин ауылында – 30 жеке шаруашылық, Үштөбе ауылында 25 жеке шаруашылықтан өндірістік кооператив құру жоспарда тұр.
Ауыл шаруашылығы басшылығының айтуынша, кооперативтерге бірігу қосалқы шаруашылықтар үшін өте тиімді. Біріншіден, сүт және ет өнімдерін өндіру бағыттары бойынша мемлекеттік «Ырыс», «Береке» бағдарламалары бойынша несие алу, екіншіден, тапсырылған сүт литрі үшін – 10 теңге, 180 келіден асатын ірі қара етіне 20 мың теңге көлемінде мемлекет тарапынан субсидия, үшіншіден, 5 салық түріне 70 пайызға дейін жеңілдік беретін салық төлеу тәртібіне қол жеткізеді.
Назерке ӘБІКЕЕВА.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.