Руханият

Адамның есімі тағдырына әсер ете ме?

Қазақ салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, адам өміріндегі мән-маңызы бар рәсімдерге берік халық. Соның ішінде, азан шақырып ат қоюға ерекше мән берген. Әр әкенің перзент алдындағы міндеттерінің бірі – оған жақсы есім беру. Кейде ата-анасы алдын ала есім ойласа, кейде бала өмірге келген кездегі тарихи оқиғаларға байланысты қояды. «Баланың есімі оның болашағына әсер етеді» деп сенген.

Балаға азан шақырып, ат қоюдың жөні бір бөлек. Азан шақырып ат қойса, балаға бәле-жала жоламайды. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед: (Оған Алланың иігілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім дүниеге келген баласының оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсірер болса, ол балаға «Үммус Сибянның» зияны тимейді» деген. Яғни, ол балаға жын-шайтан зиян тигізе алмайды.

Шынында, қазір бұл рәсімнің маңызын жөнді түсінбегендер заманауи ат қоюға құмар. Кейде ол сәнді есімнің мән-мағынасы болмайды.

Елімізде өткен Азияда ойындары мен ауқымды саммитке байланысты да Азияда, Самитхан деген сынды түрлі ат қойылды. Олар да қазір үлкен азамат болған шығар. Ес біле бастағанда Сатыпалды деген есімге қатты таң қалғанбыз. Света, Зинаида деген апаларым бар. Бұл – Кеңес үкіметінде сәнге айналған есімдер. Осыдан 10 шақты жыл бұрын Шәмші-Қалдаяқ, Мұхтар-Шахан сынды есімдер де сән болған. Мұндай ерекше есім иелері телеарналардағы арнайы бағдарламаға да шақырылатын.

 Ал, енді, кейбіреулер араб есімдерін, Пайғамбарлардың атын қоюға құмар. Мұхамеджан, Исабай, Әлимұса, Ыбырай деп араб есімдерін қазақшаға икемдеп алу халқымыздың даналығын аңғартады. «Балаға есім ауырлық қылмасын, өмірі шуақты, жолы ақ болсын» деген үлкендердің ізгі ниеті бұл.

Атақты адамдарға ат қойғызу сынды дәстүр де қалыптасқан. Ал, енді, таңдап қойған есімдердің балаға ауыр болатын кездері де кездеседі.

Бір мысал келтірейін. Бір кісі егіз ұлына Керей, Жәнібек деген есім берген екен. Бұл екеуі қазақ хандығының бастауында тұрған тұрғырлы әрі әруақты тұлғалар ғой. Шілдехана тойы өткен соң Керей көз тиіп, шетінеп кетіпті. Әкесі қатты өкінген. Бірақ, өкініштен пайда жоқ.

Тағы бір мысал. Бір танысымның келіншегі егіз қыз босанып, оларға Аяна, Раяна деп есім берді. Аяна түсінікті, Раяна – жұмақтың қақпасының аты көрінеді. Аяна аман-есен, Раяна сол беті перзентханадан шықпады. 2 жылдай арнайы құрылғымен өмір сүріп, иесіне қайтты. Пәк күйінде. Аманкүл, Есенкүл қойғанда басқаша болар ма еді, кім білсін?..

– Егер, балаға атақты адамның есімі берілген соң шетінеп кетіп жатса, оған «ат ауыр болды» деп бір жақты қарау дұрыс емес. Өйткені, небір атақты адамдардың есімін арқалап, әлі күнге аман-есен жүргендер бар ғой. Әке-шешелер жаңа туған балаға жақсы қарау керек. Көпшілікке апармауы қажет. Егер, перзентханадан шықпай, арнайы құрылғы арқылы тыныстаса, ол бала шала туды деген сөз. Демек, жас атааналар денсаулығын күтсін. Оның есімімен мүлдем қатысы болмауы да ықтимал. Бірен-саран кездесетін шығар. Солай екен деп, шетімізден қиялы болып кетпейік, – дейді психолог маман Думан Нұрланұлы.

Жөн делік. Ал, енді, өмірден алынған мына оқиғаға зер салайық.

Шымкент жақта тұратын бір ағамыз Қозы деген досының бар екенін айтады. «Қозы досым 60- тан асса да әлі үйленген жоқ. Жақсы жұмыс істеді, табысы да мол болды. Үйі де кең еді. Жағдайы жақсы, бай-бақуат. Бірақ, әлі сүрбойдақ. «Есімімді Қозы деп неге қойдыңдар, Баянымды әлі таппадым» деп ренжиді екен туыстарына.

Кейде ұлы есімдерді қазақшалап еркелетіп айтқан атақты тұлғаларды білеміз. Мысалы, Абайдың есімі – Ибраһим, Шоқан – Мұхамед-Қанапия, Жүсіп – Мәшһүр Жүсіп, Мұқағали – Мұхамедқали, Барлығы Пайғамбарлардың есімі. Бірақ, бұл ұлы тұлғалардың да өмір жолына есімі әсер еткен болуы мүмкін деп ойлаймыз. Бір жақсысы, ел оларды еркелетіп басқаша атаған. Сондықтан, атақты адамның аты қойылған баланы лақап атымен шақырған.

– Негізі, көнекөз қариялардың айтуынша, ат қоярда қолдан келсе, өздері мағыналы сөздерді біріктіріп, есім берсе жөн болатын көрінеді. Сонда аты әрі ерекше әрі әдемі болады екен. Ал, жолдың ашық болуы ниетке байланысты. Мәселен, мен немереме Күнімай деп ат қойдым. Күн және ай сөздерінің қосындысы. Өзім балаға осылай ат қойғанды дұрыс санаймын. Неге мен біреудің атын қоюым керек. Ол да аспаннан түскен жоқ қой. Менің осы есімі ерекше балам болашақта адал әрі атақты болып, ел соның атын балаларына берсін, – дейді көпті көрген Нағмет ақсақал.

Шежіреге көз жүгіртсек, белгілі тұлғалардың есімі әр жеті буын сайын қайталанғанын байқаймыз.

Біздің ауылда Рим деген кісі болды. Қартайғанша көлдің бойындағы шағын үйінде жалғыз өмір сүрді. Римді жеке империя қылған Цезарьға қатты еліктесе керек…

Кейбір есімдердің өзі кесапаттың символына айналып кетеді. Мәселен, қазір Адольф және Гитлер деген есімді ешбір неміс баласына қоймайды екен. Негізінде Гитлердің түбірі Гитле – жақсы, мейірімді деген мағына береді екен.

Біз кейде тектілік туралы жиі айтамыз. Ким, Пак деген кәріс есімдері өздеріне ғана тән. Бұл бір әулеттің немесе бір рудың түбі болып есептелетін көрінеді. Ол 50-60 атаға дейін жалғасып жатады екен.

Швайнштайгер деген есім бар немістерде. Оның арғы атасы шошқа бағушы болыпты. Ал, «Формула-1» спортынан әлімнің жеті дүркін чемпионы Шумахердің арғы аталары етікші болыпты. Шумахер сөзі – етікші деген мағына береді. Демек, ат қоюды әулеттің, ата-бабаңның өмірін, тұрмыс-тіршілігін де ескеру керек. Өйткені, сен сол текті жалғаушысың.

Абылайхан, Жәнібекхан, Есімхан деп ат қойып жатамыз. Қазақ мұндайда Абылай, Жәнібек, Есім деп қойған. Ал, хан бола ма, патша бола ма, бек бола ма оны маңдайынан көреді. Өйткені, хан деген атаудың өзі балаға ауыр міндет жүктейтіндей көрінеді.

Менің есімімді әкем Жөнейтхан қоймақшы болыпты. Өйткені, тетелес ағамның есімі – Жәмшитхан. Ауылсовет болып жұмыс істейтін Ниязбай дейтін атамыздың Юсупов деген көмекші досы болыпты. Менің туу туралы куәлігімді жазарда есімімді Жәлел деп өзгертіп жіберіпті. Атам да досына қарсылық танытпаса керек. Кейін білсем, Жөнейтхан деген түрікменнің батыры болған. Оның қатыгездігі Юсуповқа ұнамай, татар ақынының есімін қойып, дұрыс қылыпты деп ойлаймын қазір…

Кейде керісінше, атақты адамдар перзенттеріне қарапайым есімдерді береді. Демек, балаға ат қоюда, әсіресе атақты тұлғалардың, Пайғамбарлардың, патшалардың атын берерде байқау керек. Қазақтың даналығына сүйене отырып, мағыналы әрі қазақы ат қойсақ, құба-құп. Себебі, атақты қолбасшы Ескендір Зұлқарнайынның даңқынан кейін есімі күллі әлемге тарады. Ескендір, Искандер, Александр деп қойып жатты. Өйткені, ол жеңімпаз қолбасшы еді. Ал, шындығында, кез келген есімді көркем ететін адамның іс-әрекеті. Сондықтан, атыңыз кім болса да, жақсылыққа, ізгілікке құштарлық арқылы сіздің де есіміңіз елге үлгі болары хақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button