Руханият

Адамдық пен иттіктің арасы…

Жуырда Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрынан режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» деп аталатын авторлық фильмін көрдік. Басты кейіпкерді сомдаған қазақ қызы демесе, оқиға желісінің қазақ халқына қатысы жоқ. Сұмдық сериалға сұранып тұрған фильмдегі оқиға өзегі – азап арқалаған адам тағдыры. Қырғызстаннан күнкөріс қамымен Мәскеуге келген қыздың (Айка) өгей өмірінен үзінді ғана.

Алып қалаға алғаш келген аңқау қызды бұзақылар абыройынан зорлықпен айырады. Өзі секілді сол жақта жүрген бірнеше қандастарымен бірігіп, кәсіп ашпақшы болады. Осы мақсатта олардан қарызға қомақты қаражат алады. Бірақ, араларындағы алаяқтар бойжеткенді алдап, ақшасын алып кетеді. Содан қарызға белшесінен батқан байғұс қызға әр жерде қара жұмыс істеуге тура келеді.

Әуелі дүние есігін енді ашқан төрт періште – сәбилерді көрсетуден басталған фильм бірте-бірте күрделене түседі. Аяғы ауыр болып қалған қырғыз қызының Мәскеу перзентханаларының бірінде босана салысымен қашып шығуы – оқиғаны одан сайын шиеленістіре түседі. Зорланғанын да, аяғының ауырлығын да, дүниеге перзент әкелгенін де ешкімге білдіргісі келмеген қорғансыз жанның бұл ісәрекетін кінәлауға да болмас, бәлкім. Тек, осы тұста қаршадай қыздың қайсарлығына, күшқуаты мен жігерінің молдығына таң қаласың. Өйткені, әйелдің толғағын, дүниеге нәресте әкелгенін – Байқоңырдан ұшқан зымыранға немесе ғарыш кемесіне теңеуге болады. Қып-қызыл өрт-жалынға оранып, тұғырын быт-шыт қылатын құбылыс босанған әйел-ананың ағзаларында да болатыны айдан анық. Босанған әйел өте әлсіз болады. Бұрынғы қалпына қайта келгенше біраз уақыт пен жақсы күтім керек. Қазақ ұғымында «қалжа» деген сөз бар. Жаңа босанған әйелге қалжаға семіз қой сойғызып, сол әйелге етін жегізіп, сорпасын ішкізуінде де көп мән жатыр. Әлсіреген ағзаға қорғасындай қой етін, майлы сорпаны ем-шипа ретінде қолданған.

Ал, біздің Айкада осының бірі жоқ. Кереуетінен шұғыл тұрып, жанталасқан күйі тасада киімін ауыстырып, терезені бұзып-жарып, қақаған аяз бен боранға қояды да кетеді. Көшедегі кептелістерден әрең өтіп, жалдамалы жұмыс орнына жетеді. Құс жүнін жұлып, ішқұрылысын тазалайтын фабриканың қара жұмысына кіріседі. Күні бойы істеген еңбегінің өтеуін бермей, жалдаушылар алдап кетеді. Тек, өздері тазалаған бір ғана құс етін алып қайтады.

Тұрып жатқан орындары да бір үйдің ең үстіңгі және ең астыңғы қабаттарындағы күңгірт те лас жер. Осы шатыр мен жертөледегі заңсыз тұрып жатқан ығы-жығы байғұстар кавказдық қожайынның алдында құрдай жорғалайды. Әлгі басшы-пәленің дауысының ащылығы сұмдық. Баласын тастап қашқан сорлы қыздың да тұрағы сонда болып шықты. Ағзалары қақсап, суықтан жаурап әрең жеткен бейбақ үйшігіне келіп, құлайды. Ертеңіне жұмыс іздеп көшеге шығады. Аялдамаға жеткенше жол бойғы тамшыдан жиналған қошқармүйіз мұздарды жанталасып сөмкесіне салуы да аянышты-ақ. Сол жиып алған «қошқармүйіздерін» кешкісін алаулап әкетіп бара жатқан ішіне басады… Ыстық тәнге суық мұз ине боп шаншылған шығар. Солай, пора-пора боп терлеп, таңертең өліп-тірілгендей ұйқысынан оянады. Тағы да сол баяғы жұмыс іздеу сарсаңымен, кездейсоқ кездескен жарнама арқылы иттерді емдейтін емханадан бір-ақ шығады. Әлгі жердің әжетханасында астынан кеткен қанды тоқтатумен әуре болғаны да адам жанын мұздай қариды.

Ендігі жерде жас босанған ана төсін керген бір құдіретке тап болады. Екі төсі мазасын ала бастайды. Тәжірибелі біреудің: «бұлай жүре берсең, қатерлі ауруға душар боласың» деген сөзінен сескеніп, сауып тастауды қолға алады. Осы кезде бос ыдысқа сауылған ана сүтінің қасіретті үні төбе құйқаңды шымырлатады. Баяғыда шешелеріміз бие, сиыр сауғанда осындай дауыстарды естуші едік. Бірақ, ол құлаққа жағымды, музыкалық жоғары ырғақпен естілетін. Ал, күйінішпен күйзеле сауған сорлы ананың сәбиіне бұйырмаған сүтінің күңгірін есту – қиынның қиыны екен.

Тіршілік қамымен әр жерде жалданып жұмыс істеуі де тиянақсыз болып шығады. Көшедегі қалың қарды тазалауы, құс фабрикасындағы ауыр жұмысы, ауырған иттерді емдейтін емханадағы «тазалаушы» болып еткен еңбектері еш кетеді. Бірі – еңбегін жеп алдап соқса, енді бірін денсаулығы көтермей қалады. Көршісінен қарызға алған азын-аулақ ақшаны өзегін жалғауға жұмсағаны, жұмыстан алған құс етін жасырын емделген дәрігерге бергені де – қысқа жіп күрмеуге келмейтінін көрсетіп тұр.

Фильмнің бір жерінде енесін рақаттана еміп жатқан иттің төрт күшігін көрсетеді. Мұнда оқиға басындағы қараусыз қалған төрт нәрестемен салыстыру байқалады. Қатыгез қоғамның адам баласынан гөрі итке жақындығы қылаң береді. Тағы бір мысалды иттерді емдеп, операция жасайтын орталықтағы анау дөрекі дәрігер итке «жаным», «күнім», «сүйіктім» деп асты-үстіне түсуінен де көруге болады. Сол итті жақсы көретін доктор Михаилович өзінің қол астындағы қызметшісі Айканың: «жағдайым болмай қалды, қарызға аванс жазып беріңізші» деген өтінішін тыңдамай, зекігені де мейірімсіздік жайлаған Мәскеудің ғана емес, осы заманның кейпі.

Фильмде бастан-аяқ Айканы мазалаған телефон ызыңы, «қарызды қайтар» деген ызғарлы дауыс та кейіпкерімізді уайым мен қайғы тереңіне тарта береді. Басынған бандиттің қоқан-лоққысынан кейін ашынған Айка алдап кеткен танысына келіп, «бұрынғы істеп жүрген жұмысымды бер» деп алқымдайды. Ол да бос сермелген қылыштың кері боп қалады. Ақыры өзі таяқ жеп тынады. Жатқан жеріне іздеп келген екі жігіттің түстері суық, үндері үрейлі. «Е, е…» деп едіреңдеген біреуі «қарызды қайтаруға екі күн уақыт берем, таба алмасаң – өлтірем» дегенінде оқиға шарықтау шегіне жетеді. Дағдарған қыздың ойына бір күннен кейін перзентханаға тастап кеткен баласы түседі. Бір шешімге келіп, әлгі жаналғыш жігітке: «ақша таба алмаймын, қарыздың орнына жаңа туған баламды берейін», – дейді амалы құрып. Дүлей доңыз алдындағы қорғансыз қыздан бала туралы тәптіштеп сұрап, ақыры келіседі. Баланың «тірі тауар» екенін ойына алған ол қызға: «тезірек алып кел және келісім хатыңды бересің», – деп бұйырады. Жанын олжа санаған Айка өткенде өзі қашып кеткен перзентханаға қайта асығып келеді. Дәрігерден кешірім өтініп, баласын сұрайды. Дүниеге келген нәрестені анасынан айыруға ешкімнің хақысы жоқ. Осы қағиданы ұстанған перзентхана дәрігері Айкаға әуелі қатты ұрысып алып, сосын туған баласын қайтарады.

Киноның басынан басталған трагедиялық ахуалды көріп отырған көрермен осы араға келгенде қою қара бұлттың арасынан жылт ете қалған күн сәулесін көргендей болады. Панасыз баланы анасының алақанына салып тұрған күтуші әйелдің: «енді тастап кетуші болма!» деген бір ауыз жанашырлық сөзінің өзі мейірім мен шуақтың шамалы көрінісін көз алдымызға алып келгендей.

Қақаған қыста күні бойы нәр сызбаған жас нәресте шарылдап жылап бағады. Сәбидің шырылдаған құлын даусына бүкіл дүние қосыла жылап тұрғандай әсер қалдырады. Тұрғылықты жеріне жақындап, кіреберіске кіргенде бейкүнә сәби жылауын одан сайын үдетеді. Амалы таусылған Айка нәрестесіне сыздап тұрған төсін тосады. Қарны әбден ашқан шарасыз шақалақ анасының емшегін тауып, құнығып еме бастайды… Сол сәтте алпыс екі тамыры иіп, буындары босаған жас ананың жан-жағына алақтап, ағыл-тегіл жылағандағы жанарын көрсеңіз… Аналық сезімі оянған Айканың аяулы Ана кейпіндегі аянышты да азапты түрін көрсеңіз…

Фильм осы тұста оқыс аяқталады. Бұл шешім – режиссердің үлкен жетістігі. Яғни, онсыз да драмаға толы дүниенің әрі қарай қанын сорғалатпай, ізгілік нүктесінде тоқтай қалуы. Ана мен баланың бір-бірімен табысуы – нағыз бақыт. Ендеше, фильм соңында сорлы ананың көз жасы көл болғанымен, баласын құшағына алған бақытты сәтпен біткенін көреміз.

Дарынды режиссердің терең ойын талантты актриса әдемі жеткізе білген. Оқиғаның өн бойындағы барынша қатты дыбыстар, техникалар дабыры, әсіресе құстың жүнін жұлып, тазартқан жұмысшылардың қауырт қимылы, табиғаттың тосын мінезі, толассыз жауа бораған қарды тазалаудағы қарбалас сәттер, маңайдағы күңгірт әлем, орыс полицейінің оспадар әрекеті, кавказдық қожайынның қисынсыз қылығы, мысық пен иттердің жағымсыз үндері – бәрі кино мазмұнын қоюлата түскен.

Психологиялық драматизмге құрылған бұл туындының биікке көтерілуіне, әлемдік жүлдеге ие болуына режиссер айтқандай, бас кейіпкерді сомдаған Самал қыздың көздері екендігіне көзіміз жетті. «Айка» фильмі, шын мәнінде, соңғы кездегі үздік кинотуындылардың бірі екен!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button