Адалдық айнасы

    Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір емес, екі рет арнайы қабылдауында болып, құрметке ие болған жан. Пайымы мен дархан мінезінің арқасында еліміздің жаңарып, даму жолында аянбай тер төккен Әдиша Есмағамбетованы айтамын.

    Әдекеңнің еңбегі кеудесінде жарқыраған орден, медальдармен еленді. «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдарымен, «Ең үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісімен және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында марапатталды. Ең басты марапаты – елінің өзіне деген ілтипаты. Мұның бәрі өзінің еліне деген өлшеусіз еңбегінің қайтарымы болса керек.

Әке тағылымы

«Әкем Көнекбай өмірден көрген-білгені мол, парасатты, рухани бай адам еді. Еңбекқорлығы мен кеңпейілділігін көзкөрген ақсақалдар күні бүгінге дейін айтып жүреді. Еңбегі еленіп, алпысыншы жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, «Волга» автокөлігін мінген. Ол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін, еліне еңбегі сіңген ілу де біреуге ғана бұйыратын мәртебе. Мал бақты, диірменде ұн тартты. Совхозда қырық жеті жыл еңбек етті. Мен тура жарты ғасыр еңбек қылыппын…

Мен әкемді дала философы ретінде пір тұтамын. Өзім үйдің ең кішісімін. Екі әпкем, ағам төртеуміз тай-құлындай тебісіп тел өстік. Бір өкініштісі, сегіз жасқа келгенімде, анадан айрылдық. Негізінде, анамыз сегіз құрсақ көтерген екен. Күні бүгінге пештің үстіне табаға қарып пісірген наны мен қара қазанда қоюландырып сапырған сүтінің дәмі аузымнан кетпейді. Ананың орны бөлек қой, шіркін!

Анадан қол үзген шағымызда бесеуміз сең соққандай күйде қалдық. Бақыт дегеннің өзі ананың ыстық алақаны, мейірім толы жанары екен ғой. Балалықпен білмеппіз. Кеш ұқтық. Бар ауыртпалық әке мойнына түсті. Дегенмен, басымыздан құс ұшырмады. Екі әпкем ол кезде үйдің шаруасын дөңгелетуге жарап қалған. Араға бір-екі жыл салып, үлкен әпкем Тиыштық та бізден ұзап, келместің кемесіне мініп кете барды. Әкем малшы, ауылдың диірменінде диірменші болды. Таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Әкем бес жасыма дейін ұл балаша еркек шора етіп өсіріпті. «Ағасы жалғыз, серік болсын» дейтін. Бетімнен қақпайтын, өзгеге де еш қақтырмайтын. Оңашада «Адалдық пен адамдық қасиеттен аттауға болмайды» деп жиі айтатын еді», – деп естелік құшағынан шыға алмаған апамыз бір күрсініп алды.

Білім жолында

Орысша екі ауыз сөздің басын қоса алмаса да, сегіз жасында орыс мектебінің табалдырығын аттайды. Басым көпшілігі орыс балаларынан құралған сыныптың ақыр соңында «старостасы» болып, он жылдық білім алып шығады.

«Негізі, аудармашы болғым келген. Неміс тіліне деген қызығушылығым күшті еді. Оқуы Алматы қаласында ғана болды. Әкем келіспеді. Апам Тиышбала Қарағандының медициналық институтының ІІ курс студенті болатын. Екеуің бір қалада болыңдар деген соң, осы Қарағанды қаласында оқуыма тура келді. Соның өзінде алғашқы жылы педагогикалық институтқа емес, медициналық институтқа тапсырдым. Физикадан бір балл жетпей, ауылға оралдым», – деп бұрынғы өмірін парақтап өтті.

Мектеп қабырғасынан алғырлығы, білімділігі, біліктілігімен танылған жасты мектеп директоры Семен Петрович үйге іздеп келіп, мектепке жұмысқа шақырады. Өзі білім алған қара шаңырақта аға тәлімгер бола жүріп, неміс тілінен дәріс те берген. Осылай араға екі жыл салып, әкенің ақылымен Қарағанды пединститутының филология факультетін тәмамдап, орыс тілі және әдебиетінің маманы болып шығады.

Ат үстінде…

1972 жылы ұстаздық жолын Майоровка мектебінен бастайды. Араға бір жыл салып, көршілес Шахтер ауылы мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне орналасады. Осы тұста Әдекеңнің талапшылдығы, тиянақтылығы мен өжеттілігі, кез келген бастаған ісінің баяндылығы салмақтала келе, бірнеше ұлт өкілі шоғырланған қазіргі К.Мыңбаев ауылы мектебіне мектеп директоры болып тағайындалады. Бұл кезде 29 жасқа енді шыққан маман Қазақстан мұғалімдерінің V съезіне делегат болып қатысып, «Ағарту ісінің үздігі» атағына ие болған шағы.

Міне, осы отызға толар-толмас шағынан атқа мінген, басшылық қызметтің тізгінін қолына алған қыран мінезді, нәзік жүректі жан зейнеткерлік жасқа жеткенше аттың жалында, ер азаматтармен тең қызмет етті. Директорлық қызметтен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

1996 жылы ел тәуелсіздігін алып, аяғынан енді тік тұрып келе жатқан шақта, аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Енді ауданның білім саласы ғана емес, бүкіл әлеуметтік саласы бойынша ауыртпалықты қайыспай көтеріп, алға тартты. Ақшаның көзден бұл-бұл ұшып, жалақы мен зейнетақының ауылы мүлдем алыстап кеткен шақ. Дүкен сөрелері босап, еңбекақыға өлшеммен азық-түлік пен киім-кешек үлестірген кез. Қиындықтан қашпады, күресе білді. Талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. Сонда әке ақылы аққанат періштедей қолдап, қорғап алып қалғандай болады екен.

Зейнеткерлікке шыққан соң, аудандық кітапхананың өлкетану секторында бос орынға жұмысқа қабылданады. «Өткенді білмей, келешек өркендемейді» демекші, мақсаты – туған жердің ұмытуға болмайтын оқиғаларын жаңғыртып, келешек ұрпаққа жеткізу. Бір жазу үстелімен басталған жұмыс орны екі-үш жылда бір бөлмеге қоярлық экспонаттармен толықса, жыл артқан сайын құрамы да ұлғая түседі. Аяғында қазіргі аудандық өлкетану мұражайына жүк боларлықтай экспонаттардың бас-аяғы құралады. Ауданымыздың тарихы жаңғырып, келіп-кеткен қонақтарға мақтана көрсететін бірден-бір рухани орда да Әдекеңнің маңдай терімен толықтырылды десем, артық болмас.

Бақыт кұшағында

Бүгінде айрандай ұйыған өз отбасы мен апасы Тиышбаладан тараған жиендерінің мәуелі бәйтерегі. Үміт артар Рашиты келіні Рабиғамен жұптасқалы, өмірінің бояуы қанық бола түскендей. Немересі – Асанәлі көзінің ағы мен қарасы. Әкесі Көнекбай ақсақал кіндіктен жалғыз болмаса да, өмір тәлкегі жалғыз етті. Артымнан атыммен аталар тұяқ қалмады-ау деген сөзді де жиі қайталайды екен. Асанәлі Көнекбайұлы – әке ғұмырының жалғасы.

Бүгінгі күні Әдекең бақыт құшағында. Лайым ұзағынан болғай!

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.