Жаңалықтар

Абай ескерткіші – Сеул төрінде

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапардың мәні – ерекше, рухани салмағы – басым. Себебі, әлемдегі алпауыттардың қатарында «Азия жолбарысы» атанған елмен серіктес болуға әр ел мүдделі. Корей экономикасын ғажайыпқа айналдырған ірі корпорациялардың жетекшілерімен өткен дөңгелек үстелде құны 1,7 млрд АҚШ доллары болатын 34 құжатқа қол қойылды. Енді, екі ел арасындағы байланыс беки түспек. Сапар барысында қазақ-корей достығын нығайта түсетін маңызды шара өтті. Сеулдегі Кибер университеті аумағына қазақтың ұлы ақыны Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ бюсті орнатылып, ашылу салтанатына Мемлекет басшысы қатысты.

 «Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі», –  деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Екі ел мүсіншілерінің ортақ еңбегі болған ескерткіштің алғашқы жобасы Қазақстанда дайындалып, Корей жерінде қола қалыпқа құйылған. Қазақтың бас ақыны Абайды насихаттауда кореялықтар да қалыс қалмады. Ақынның 175 жылдығы аясында оның шығармасы корей тіліне аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Сеулдегі университет аумағына орнатылуының символдық мәні бар екенін айтты.

– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан, Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша.

Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Ұлы дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр, –  деді Мемлекет басшысы.

Абайды тереңнен танып білген жер бетіндегі жалпы жұрттың бірі әрі бірегейі болған корей халқы өз елінде, өз жерінде ақынның ескерткішін орнатқаны – қуантарлық іс.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралар мәдени-рухани саладағы ынтымақтастықты нығайтатынын, осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табатынын айтты.

«Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Келешекте бұл өзара байланысты достық рухта дамыта түсуге жол ашады», – деді Президент.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button